ЖЫРЫ БАР ЖАҚҰТТАЙЫН ЖАРҚЫРАҒАН
Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің онкүндігі аясында «Жыры бар жақұттайын жарқыраған» атты ақын, сазгер, тіл жанашыры Камнұр Тәлімұлымен кездесу кеші өтті. Әдеби кеш мектеп оқушыларына елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың өмірі мен қызмет жолын насихаттауды, үлкенге ізет, кішіге құрмет танытуға, адамгершілікке, ізгілікке, алдыңғы буын ағалардың жақсы қасиеттерін бойға сіңіруге тәрбиелеуді және оқушылардың ой тұжырымдарын, әдеби тіл байлықтарын, есте сақтау қабілеттерін, көркем сөз оқу шеберлігін дамытуды өзіне мақсат етті.
Іс-шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз Рахимова Назгүл Нұроллақызы ашып, онкүндік аясында әр түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылып жатқанін тілге тиек етті. Н. Рахимова өз сөзінде «Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артыңда» — деп қазақтың кемеңгер акыны Сәбит Дөнентаев айтқандай, бүгін біз қонаққа ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, «Халық мұғалімі», Талғар ауданының Құрметті азаматы, Алматы облысының бас биі, қазақ тіліннің мәртебесін асқақтатуға атсалысып, көптеген игі істерге мұрындық болып жүрген білікті тіл маманы Камнұр Тәлімұлы ағамызды мектеп оқушыларымен ой бөлісуге шақырып отырмыз. Камнұр Тәлімұлы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, елдің рухын асқақтату жолында аянбай тер төгіп жүрген абыз ағаларымыздың бірі де бірегейі. Ағамыздың жалынды жырлары мен тәлімі мол келелі әңгімелерін тыңдап, рухани сусындап, өнегелі өмірінен үлгі алады деп сенеміз» — дей келе, бүгінгі кештің жоғары деңгейде жақсы өтуіне сәттілік тіледі.
Кездесу барысында сөз алған Камнұр Тәлімұлы «Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлт ұстазы, дара тұлғаның туған күнімен сәйкес келген «5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері» күні мерекесі құтты болсын. Еліміздің өркендеп, ата салтымыз бен дәстүрімізді, рухани мұраларымызды түгендеп, елдігімізді жырлап жүргеніміз ана тіліміздің арқасы. Тіліміз әрдайым төрден орын алса, өзіміз де босағада қалмаймыз. Іргелі ел болып, өсіп-өнуіміз, болашаққа сеніммен қадам басу үшін – тілімді көркейтіп, баба мұрасын қастерлеуіміз керек» — дей келе, сөз өнері туралы тебірене толғады.
«Ұлттық сана оянып, тынысы кеңейген соң шын ақын туған халқының мұрат-мүддесіне алаңдамай жүрмейді. Камнұр өлеңдерінің негізгі тақырыбы – туған жер, өскен орта табиғаты, ел тағдыры, тіл тағдыры, дін тақырыбы, өнер-білім, ұстаз-шәкірт, адалдық, азаматтық тәрізді адамгершілік мұраттарды діттейді. Сонымен бірге ақында болатын бір ерекшелік – басқалар байқамағанды байқап, елемегенді ескеретіні ғой» — деген екен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілияс Қажытайұлы. Қай тақырыпқа қалам тербесе де тазалықтың, турашылдықтың, әділдіктің ақ туы желбірейтін Камнұр Тәлімұлының «Мінәжат», «Көңіл көзі» атты жыр жинақтары мен әйгілі қолөнер шебері, ұста Дәркембай Шоқпарұлы туралы «Дәркембайдың дегендері» атты кітаптары облыс әкімдігінің демеушілігімен жарыққа шыққан. Бұған қоса, мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген тіл мен дін туралы ой-толғамдары, танымдық мақалаларын жіпке тізіп тауысу мүмкін емес.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Камнұр Тәлімұлы 1960 жылы 15 тамызда ҚХР Текес ауданы, Шолақтерек ауылында дүниеге келген. 1962 жылы тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударып, Ақтоғай ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепті аяқтаған. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан дарынды жас әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде білім алып, отыз жылдан аса уақыт Талғар ауданындағы білім беру мекемелерінде ұстаздық етеді. Кейіннен мектеп директоры, облыстық мамандар кәсібін дамыту институтында әдіскер әрі меңгеруші қызметтерін атқарған озық ойлы ұстаз ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен және «ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, Талғар ауданының Құрметті азаматы атанды. Бұған қоса, облыстық деңгейде ұйымдастырылған бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы атануы ақын К. Тәлімұлының еңбекқорлығын көрсетеді. 2007 жылдан бастап Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры болып тағайындалып, содан бері қазақ тілінің көсегесін көгертуге бар пәрменімен атсалысып, қазіргі таңда абыроймен атқарған еңбегінің жемісін жеп, елінің алақанында, халқының ыстық ықыласына бөленіп жүрген ақсақал абызымыз.
Келелі кездесуде мектебіміздің жырсүйер оқушылары Камнұр ағамыздың ұлт ұрпағын имандылыққа ұйытып, адамгершілік қағидаларына арқау еткен өлеңдерін жатқа оқыды, кештің шырайын кіргізе ән салып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Мәселен, ақын ағамыздың ерекше есімінің мағынасы, сөз өнерінің кімнен дарығаны, оның тіл мәселесі жайлы айшықты ойлары, діни көзқарасы мен мектеп оқушыларының орамал тағуға деген азаматтық ұстанымы, бала күнгі арманы – бәрі-бәрі оқушылар назарынан тыс қалмады. «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса сақа тұт» — деп бабаларымыз айтқандай, Камнұр ағамыз да оқушыларды баласынбай сұрақтарына жауап беріп, сыр-сұқбатқа толы күн болды.
Ақын ағамыздың айтуынша, бала күнінде әнші болуды, өсе келе суретші болуды армандаса да, қазіргі таңда сөзден сурет салып, түйін түйіп, өнерден алшақ кетпей, арқалайтын жүгі ауыр болса да, ақындық жолды таңдап, халқына сөз маржанын сүзіп беріп жүр. «Адам тағдыры есіміне байланысты дегенді де жоққа шығара алмаймыз. Ол өзі көзге көрінбейтін, ақылмен болжап болуға болмайтын жаратушы Алланың ғана құзырына тән құлпысы ашылмаған құпияның ісі. Біздің білетініміз адамзат баласының асыл тәжі болған, пайғамбарлардың сардары, екі ғаламның нұры, Алла тағаланың достысы әрі елшісі, сүйген құлы Мұхаммедтің: (с.ғ.с.) «Ең бірінші балаларыңа жақсы көркем ат қойыңдар! Екіншісі жақсы үлгілі де өнегелі тәрбие беріңдер!» деген өсиетін жақсы білеміз. Әрі көбіміз Алла елшісінің осы өсиетін орындап, осы талаптың үдесінен шығуға тырысатынымыз да бекер емес. Сондай-ақ, елдің, жердің, таудың, судың, атақты ата-қоныс өлкелерінің аттарымен де байланыстырып қоятын. Болмаса еліне елеулі, халқына қалаулы болған қайраткер тұлғалардың да аттарын сондай болсын деген ырыммен қоятын ырымшылдығымыз тағы бар. Сонымен қатар белгілі бір кезең,қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге де байланыстырып қоятын есімдердің де болатыны белгілі. Мәселен, Колхозбек, Совхозбек, Союзбек, Союзбай, Советбек, Кеңесбек деген секілді… Сөйтіп мен туған жылы да қоғамдағы құбылысқа байланысты коммуна құрылып жатқан тұста 1959-1960 жылдары туылған балалардың арасында аттары маған ұқсастар аз да болса кездеседі» — деді. Камнұр ағамыздың есімі түбірі қазақша болмағанымен де, осы бір бар халыққа ортақ интернационалдық терминді таза қазақшалап Камнұр деп атаған әжесі екен.
Ал, «Өмірде жақсы ақын болу мақңызды ма әлде жақсы адам болу маңызды ма?» деген сұраққа «Ақын болу шарт емес, азамат болу міндетің. Ақын бол, әкім бол, халқыңа рухыңмен жақын бол дер едім. Небір ақындар бар, жазғандары керемет. Оқығанда ойыңнан шығып, көңіліңді көтереді. Ал енді ұлттық мүддеге нақты қызмет етуге келгенде сөзі мен ісінің алшақтығына қарап қарныңыз ашады. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – деп, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз айтқандай, сөзі сүйкімді болғанымен мінезі жетіспейді. Мінез жетіспеген соң ісі келіспейді.
Адам деген ардақты ат.
Адам атыңды ардақтат!
Тереңнен ойлап,толғанып,
Сөзіңді сөйле салмақтап – деген тіркестерімді өз басым тіліме жиі тиек етемін. Ендеше ақынға құры жәй өлеңші болмай қиыннан қиыстырып сөз табатын өнерпаз болған жарасады. Сонымен қатар, «Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» — деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, ақын болу – тек өлең құрау емес, елінің мұңын, халқының жайын жүрек сүзгісінен өткізіп, ой елегіне салу, жақсысына сүйсіну, жамандығына күйіну, өздеріңдей жастарға сөзімен де, ісімен де үлгі болып, жамандықтан тыю, жақсылыққа үндеу. Міне, осы қасиеттер боында бар ақын – ақын, ал, бұл айтқандарды бойына сіңіре алмағаны жай ғана өлеңші» — деп, өзінің ақынға қояр талабын да жасырмады.
Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – оқушы қыздардың мектепке орамал тағып келуіне де Камнұр ағамыз өз көзқарасын білдіріп, имандылық қауға сақал мен тұмшаланған орамалға тіреліп тұрмағанын, иман жүректе болып, адамның ұяты мен ары болса, қыз бала ибалылығын сақтап, үлкенге ізет етіп, кішіге құрмет танытып тұрса, бабалар мұрасынан сусындап, болашақ ұрпаққа мирас ете алсақ, ешкімнің ала жібін аттамай, ата дәстүр мен баба салтымызды ұстана алсақ, оның өзі зор иманның белгісі екенін сөз етті.
Өнеге мен өрелі ойға толы кездесуде Камнұр Тәлімұлы қонақ кәде ретінде әуелете ән салып, рухты жырларын оқып, көрермен қауымның жан сарайын нұрлы жырмен толтырды. Кездесудің қорытынды бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кәрім Бақытгүл Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған «Нағыз қазақ осы міне танып қой» әнін орындап, Ш.С. Сұлтанбекова мен Н.Н. Рахимова кеш қонағына алғысын білдіріп, қазақы салтпен иығына шапан жауап, құрмет көрсетті. Камнұр Тәлімұлы да өз кезегінде мектеп ұжымына естелікке «Қазына» атты мақалалар мен өлеңдер жинағын сыйға тартты.
Диар АНУАРБЕК,
№7 орта мектептің
10 «А» «Жас өрт сөндіруші»
әскери-патриоттық сыныбының оқушысы