ҰЛТТЫҚ РУХҚА ЖЕТЕЛЕГЕН АШЫҚ САБАҚ
Сәрсенбінің сәтті күні №7 орта мектептің 10 «А» «Жас өрт сөндіруші»» әскери-патриоттық сыныбымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кадирбаева Алма Бақытқызы «Абайдың он жетінші қара сөзі» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ашық сабақ сынып оқушылары арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру үшін шаттық шеңберін құрып, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін тізбектеп оқып, соңында бір-бірімізге сәттілік тілеумен жалғасын тапты. Сондай-ақ, «Миға шабуыл» әдісімен сұрақтар қойып, өткен сабаққа шолу жасап, оқушылардың білімі тексерілді.
Жаңа сабақ барысында ұстазымыз бізді оқу мақсатымен таныстырып, Абай Құнанбайұлының он жетінші қара сөзін аудиомәтін арқылы тыңдатты. «Ақыл», «Қайрат», «Жүрек» атты үш топқа бөлініп, қарасөз желісі боынша өз пікірімізді ортаға салдық. Ал, сыныбымыздың командирі Бибатыр Қуаныш ғылымның рөліне еніп, үш топтың ойын саралап, өзіндік көзқарасын білдіріп отырды.
Сабақ кезінде біз жеке тапсырмалармен қатар, топтық тапсырмаларды орындап, білімімізді толықтырып, шығармашылығымызды шыңдадық. Бұл ашық сабақта мен өзіме көптеген маңызды ақпарат алдым. Ең бастысы, өмірде, қоғамдық ортада болсын, отбасында болсын, достардың арасында отырғанда да қара күшке салмай, ақыл мен қайратымызды орынды жұмсап, ой елегінен өткен нәрсені жүрек таразысына салып барып, түйін түю керектігін, жүрегімізді әрдайым таза ұстап, рухани кірлеуден аулақ болуымыз керектігін түсіндім. Сыныптастарым да жүрек тек ішкі организм, адамның моторы секілді қозғалыс пен өмір сүруге жауапты мүше ғана емес, сонымен қатар, адам денесінің патшасы екенін, рухани кемелдену жүректі таза ұстаудан басталатынын айтып, Абай атамыздың өз сөзімен айтқан кезде «Ақыл, қайрат, жүректі бірде ұстаған адам ғана елден ерек жаратылған толық адам» болатынын тілге тиек етті. Алма Бақытқызы өткізген ашық сабақ күнделікті сабақтардан ерекше форматта ұйымдастырылған рухани тәлім-тәрбие сағаты болды десем, артық айтқандық болмас.
Қазақ әдебиеті пәні жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, еліміздің асыл мұрасы өлең-жыр, дастандарымызды, прозалық шығармаларды оқу арқылы кемелденіп, тілдік қорымыз дамып, рухани жетілуімізге жетелейтін, ұлттық рухқа бағыттайтын сөзтану әрі жантану сабағы деп түсінемін. Себебі, Абайдың қара сөзін оқып, талдау арқылы біз жан мен тәннің байланысын, ізгілікке жетелетін жақсы әрекеттер туралы түсініп, ой елегінен өткіздік. Мұхаммед пайғамбардан жеткен бір жақсы сөз бар екен. Шағын ғана мақаламды сол даналық сөзбен ақтасам деймін. Ол кісі бір хадисінде: «Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау (жақсы) болса, бүкіл дене сау (жақсы) болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!» — деген екен. Олай болса, біз де жүрегімізді сақтап, қандай жағдай болмасын, кірлетпей таза ұстасақ, ақыл-ойымыз бен қайратымызды жүрекке билетсек, өмірде адаса қоймасымыз анық.
Диар АНУАРБЕК,
№7 орта мектептің 10 «А» «Жас өрт сөндіруші» әскери-патриоттық
сыныбының оқушысы