Алматы облысының жаңалықтары

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

27 қыркүйек күні Іле аудандық жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен 2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасында Райымбек батыр жүлдесіне арналған  республикалық турнир басталды. Турнирде Қазақстанның 12 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер бақ сынаспақ.

Турнирдің ашылу салтанатында ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтар жас спортшыларды айтулы спорт мерекесімен құттықтап, сәттілік пен жүлделі жеңістер тіледі.  «Елімізде қазақ ұлттық күресінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын балуандарымыз осыдан екі апта бұрын – 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы нәтижелерімен растады. Қазақ күресі турнирінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 15 медаль жеңіп алды: 12 алтын, 1 күміс және 2 қола. Бұл спорттық шараға келетін болсақ, оның маңызы өте зор. Ол спортшылардың өскелең ұрпағын патриоттыққа тәрбиелеу, белсенді және салауатты өмір салтына баулу мақсатында өткізіледі. Барлық қатысушыларға мұндай жарыстар беретін жаңа спорттық тәжірибе қажет. Жақында осы жас палуандардың көбі халықаралық беделді турнирлерде ел намысын қорғайды деп ойлаймын», — деді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рахман Шақарбек.

Бұл турнирдің тарихына келер болсақ, жарыс осыдан 21 жыл бұрын Іле ауданы Өтеген батыр ауылында алғаш рет бастау алған. Алғашында жарыстар аудандық, кейін облыстық көлемде өткізілді. Аталған турнир бірнеше жыл қатарынан республикалық мәртебеге ие болған.

«Бұл турнирдің тәрбиелік мәні өте зор. Өйткені, жас спортшылар өз елінің тарихын, Райымбек батыр сынды халық батырларын білуі керек. Ол батыл жауынгер болғанымен, соғыстан гөрі бейбітшілікті жоғары санайтын. Атасынан қалған дипломатиялық дарын оған тек ұрыс даласында ғана емес, бейбіт келіссөздерде де табысқа жетуге көмектесті. Жас спортшылар өздерінің халық қаһармандарының тарихын біле отырып, олардың ерлік пен қаһармандық әрекеттерінен үлгі алады деп ойлаймын. Жарыс жаттықтырушылар мен мамандардың әлеуетті спорттық резервін сараптаудың бір түрі болмақ. Өйткені, қатысушылардың арасында лайықты да келешегі зор палуандар көп», — дейді Іле аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, қазақ күресінің ардагері Қапар Рауанов.

9 салмақ дәрежесінде (46-дан +82 келіге дейін) жеңімпаз атағына – 480 палуан таласпақ. Жалпы Алматы облысында  жетекші спорт мектептерінде жасөспірім 56 палуан бар. Алматы облысы – жасөсіпірімдер құрамы жағынан ең үлкен команда. Тағы қосар болсақ қатысушылар арасында Қазақстан чемпионаттары мен түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

Өз салмақ дәрежелері бойынша үздіктер кубоктармен, медальдармен, тиісті дәрежедегі дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады. Атап айтсақ,  І орын – 150 000 теңге, ІІ орын – 100 000 теңге, ІІІ орын – 70 000 теңге.

Үш күн өткен жұмыр білекті белдесуде 36 мықты анықталды, соның ішінде жерлесіміз  Алматы облысы Іле ауданынан +82 келі салмақта Жалғас Намаз ІІІ орынды иеленді, Қалған 35 мықтылардан команда бойынша Түркістан алғашқы орында, Астана қаласы екінші, Алматы қаласы үшінші орынға тұрақтады.

Қазақ күресінен республикалық турнирлер жыл аяғына дейін облыс көлемінде  жалғасатын болады.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button