ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДАМЫТУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК
Іле ауданының мақтанышы, қолөнер шебері әрі кәсіпкер Жеңісгүл Дүйсенбекқызы өзінің ерекше таланты мен қажырлы еңбегі арқылы ұлттық өнерді дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Біз шебермен оның кәсібіндегі жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы әңгімелескен едік.
– Жеңісгүл Дүйсенбекқызы, бұл кәсіпке алғаш қалай келдіңіз?
– 16 жасымда тағдырдың тәлкеніне түсіп, 1 жыл төсек тартып қалдым. Сол кезде әжемнен бірінші тоқуды, артынша тігуді үйрендім. Мұғалімдер он бірінші сыныпты үйден оқытып жүрді. Сол уақыт аралығында мен кәсіп бастауды алғаш жоспарладым десем болады. Ол кезде байланыс желісі ретінде почтаның шарықтап тұрған кезі еді. Ең алғаш «Мой мир» арқылы қолдан жасаған өнімдерімді желіге салдым. Менің жұмысымды көрген Алмас деген кісі мен туралы Facebook әлеуметтік желісіне жазып, өнерімді қалың көрерменге ұсынды. Содан бастап маған көптеген тапсырыстар түсе бастады. Олардың арасында шетелдік азаматтар да бар. Кәсібім өркендеп, таныла бастадым. Алғаш Караван газетіне де шықтым.
Ол кезде студент болатынмын үш жыл төсек тартып, қайтадан жүруді, отыруды, тамақ ішуді үйреніп, сонымен қатар кәсіпке де аяқ басып, одан қалса оқу керек деп есепші мамандығын қоса оқыдым. Оны бітіргеннен кейін қазақи өнерді әрі қарай дамытуды жөн көріп, «Мой Мир» арқылы тапқан клиенттерім арқылы бүкіл шет елге тапсырыс жіберіп отырдық. Өзімнен кейінгі сіңілім Дәулетова Гүлшат Дүйсенбекқызы он бірінші сыныпты бітіріп, «Сымбат» сән академиясына оқуға түсті. Ол қыз оқуды бітіргеннен кейін тігін саласында біраз жерлерде жұмыс істеп жүрді. Ол кездері жұмысыма деген тапсырыстар көбейіп кеткесін, сіңіліме кәсіпті бірге дөңгелетуді ұсындым. Алғаш құрақ көрпемен танылдым. Оюлы құрақ көрпелерді тігетін мамандар ол кезде сирек кездесетін. Алдыңғы қатарлардың бірі болып өнердің бастамасын бастадым. 2012 жылы Қастеев музейіндегі конкурстарға қатысып, бүкіл Қазақстанға танымал болдым. Түрлі шоу бағдарламаларға, ірі жобаларға шақырылдым.
– Кәсіпкерлік жолында қандай қиындықтармен кезіктіңіз?
– Мен I топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматша ретінде кәсіпкерлік саласында көптеген қиындықтарға тап боламын. 2021 жылы арманымдағы жобаны жүзеге асыру үшін үлкен қадам жасадым. Өзім армандаған қолөнер орталығын салу туралы идеямды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қабылдауында болған кезде ұсындым. Сол кезде менімен бірге Айда Балаева да қатысты. Өз жобамды ұсынғаннан кейін, Алматы облысының сол кездегі әкімі Амандық Баталов бұл бастамаға қолдау білдіріп, аудан әкіміне тапсырма берді. Әкімдіктен: «Жеңіскүл сияқты өнерлі әрі білікті азаматшаға орталық тұрғызу үшін қолдау көрсетіңіздер», – деген ұсыныс айтылды. Содан бері, қазіргі облыс әкімдігіне, оның орынбасарларына, сондай-ақ аудан әкімдігіне өз ұсынысымды қайта-қайта жеткізіп, қолдау күтіп жүрмін. Әрине, мұндай жобаны жүзеге асыру үшін айтарлықтай қаражат қажет. Мен халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері ретінде үйретерім де, бөлісерім де көп. Осы орталық арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып, оларға кәсіпкерліктің жолдарын үйретуді жоспарлап жүрмін. Сонымен қатар, көпбалалы және жалғызбасты аналарды да қолдап, олардың жаңа кәсіп түрлерін меңгеруіне көмектескім келеді. Бұл менің басты мақсатым әрі арманым.
– Өз жетістіктеріңіз жайлы айтсаңыз?
– Биыл біз үшін табысты жыл болды. Көптеген байқауларға қатысып, ерекше жетістіктерге қол жеткіздік. Солардың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» атты республикалық жоба. Бұл жобаны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды және оның еліміз үшін маңызы зор. Жобаның басты мақсаты – Қазақстандық ұлттық брендті қалыптастыру және шетелдік инвесторларды тарту. Жоба аясында сертификатталған құжаттарды рәсімдеу, кәсіпкерлерге гранттар беру сияқты қолдаулар көрсетілді. Алматы облысынан бұл жобаға 77 кәсіпкер қатысып, олардың қатарында біз де болдық. Сол қатысушылардың ішінен финалист атанып, ерекше нәтижелерге жеттік. Біздің команда жүн өнімдерінен аяқ киім, оюлы шапан, пальто, тақия, сөмке сынды ұлттық нақыштағы бұйымдар жасап, көпшіліктің назарын аударды. Бұл жұмыстардың жоғары бағалануы біздің жобамыздың маңыздылығын дәлелдей түсті. Сонымен қатар, республикалық деңгейдегі «Жан шуақ» премиясының финалисті болдық. Кәсіпкерлікке қосқан үлесіміз үшін халықаралық марапаттар мен медальдерге ие болдым. Бұдан өзге де көптеген сайыстарға, бағдарламаларға қатысып, жүлделі орындар мен медальдар алдым. Бұл жетістіктер біздің еңбегіміздің бағалануы ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениет пен қолөнерді дамыту жолындағы үлкен қадам деп санаймыз. Қолдау көрсеткен барлық ұйымдарға алғысымыз шексіз!
– Аталған кәсіптің еліміздегі ахуалы қандай?
– Елімізде ұлттық нақыштағы өнімдер көбейіп, Қазақстанның бренді ретінде танылуы тиіс. Бұл бағытта шеберлердің рөлі ерекше. Қазіргі кезде шеберлердің көпшілігі кәсіпкерлікке жатпайды, бірақ мен өз ісімді дамытып, шебер-кәсіпкер болғым келеді. Себебі тек бір ғана өнім жасап, сол арқылы шектеліп қалмай, өзімнің білігім мен шеберлігімді басқаларға үйретіп, осындай өнерді кәсіпке айналдыруды мақсат тұтамын. Жұмыс орындарын ашып, шеберлік дағдыларын кеңінен таратқым келеді. Қолөнер шеберіне қазіргі таңда сұраныс жоғары. Өкінішке орай, шеберлер азайып барады, ал бұл біздің мәдениетіміз бен ұлттық өнерімізге үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан менің арманым — Қазақстанды әлемге танытатын, ұлттық өнерімізді дамытатын және оны болашақ ұрпаққа жеткізетін кәсіби шеберлердің қатарын көбейту. Бұл тек жеке арманым ғана емес, бүкіл қазақ халқының өнерін, мәдениетін әлемге паш ететін үлкен миссия деп санаймын.
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қандай бағдарламалар бар?
– Бүгінгі таңда мемлекет кәсіпкерлерді қолдау мақсатында көптеген тиімді бағдарламалар ұсынып отыр. Өз басым мемлекеттен қолдау ретінде 2019 жылы екі миллион теңге көлемінде грант алдым. Әрине, бұл грантты алу оңай емес. Құжат жинап, конкурсқа қатысып, комиссиядан өтіп, бизнес-жобаны дәлелдеп ұсынуың қажет. Ұзақ дайындықтан кейін, ақыры екі миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алдым. Бұл қаражатқа жұмысқа қажетті машиналар сатып алдым. Бірақ бұл сома, өкінішке қарай, өте аз болып шықты. Қолөнерді кеңейтуге және заманауи жабдықтар алуға жеткіліксіз болды. Кейінгі жылдары басқа да қолдаулар алуға тырысқаныммен, мен сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін грантқа қатысуға кейбір шектеулер бар екенін байқадым.
2024 жылға арналған жаңа бес миллион теңгелік грант жобасына қатысуға жолдама алдым. Алайда құжаттарды тапсыру кезінде бұрын алған гранттар туралы талаптарда қиындықтар туындады. Бұл жағдай менің мүмкіндігімді шектеп отыр. Ауылдық жерде қолдау алудың шектеулі болуы, қажетті инфрақұрылымның жоқтығы сияқты мәселелерді де атап өтер едім.
Мемлекеттен қосымша қолдау мен қаржыландыру мүмкіндіктері болса, өз кәсібімді дамытып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алар едім деп ойлаймын.
– Үкіметтен кәсіпкерлік саласына қатысты қандай қолдау күтесіз?
– Үкімет тарапынан біз сияқты білікті, алғыр, қолынан іс келетін адамдарға қолдау көрсетілсе екен деп есептеймін. Қазіргі таңда менің кәсібім сұранысқа ие, әсіресе ұлттық киімдер трендке айналды. Сонымен қатар, жүннен жасалатын түрлі бұйымдарды шығаруды жоспарлап жүрмін. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін үлкен қаражат қажет. Егер қаржылай көмек пен волонтерлық қолдау көрсетілсе, бұл жобалар әлдеқайда жылдам әрі тиімді іске асар еді. Болашақта өз кәсібімді дамытып қана қоймай, оқу орталығын ашу арқылы басқаларды да осы өнерге баулысам деп армандаймын. Мұндай орталық шеберлік дағдыларын үйретіп қана қоймай, ұлттық өнерімізді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізер еді. Бұл менің арманым ғана емес, халқымыздың мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы үлкен қадам деп білемін.
– Қолөнермен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бұл кәсіп тек қаражатқа ғана тәуелді емес, ол жоғары деңгейдегі шеберлікті, ұқыптылықты, төзімділікті және үлкен шығармашылық қабілетті талап етеді.
Бұл өнерде жетістікке жету үшін шығармашылық қабілет, ұқыптылық, шыдамдылық, алғырлық, төзімділік пен табандылық қажет. Қаражат болса, бірақ бұл қасиеттер болмаса, бұл кәсіпті дамыту қиынға соғады. Қолөнерді бастайтын адам осының бәрін түсініп, өз ісіне шынайы берілуі керек. Бұл тек кәсіп қана емес, өнер мен мәдениетті дамыту жолындағы жауапкершілік екенін ұмытпан жөн.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алда қойған жоспарларымның бірі – Түймебаев ауылында орналасқан жер телімімде екі қабатты ғимарат салу. Оның бірінші қабатында галерея мен оқу орталығын, ал екінші қабатында цех ашуды жоспарлап отырмын. Бұл жер болашақта үлкен жұмыс орталығына айналса деген арманым бар.
Мен ұлттық бұйымдардың барлық түрін өндіріске шығарып, жастарды осы өнерге баулып, тәрбиелегім келеді. Ұлттық мәдениетімізді жандандырып, оны заманауи кәсіпкерлікпен ұштастыруды мақсат етіп отырмын.
Білімім туралы айтсам, мен бастапқыда есепші мамандығын тәмамдадым. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік білімімді жетілдіру үшін Қыздар педагогикалық университетінде кәсіпкерлік мамандығы бойынша 3-курс студентімін. Бұл мамандыққа түсу үшін шығармашылық емтихан тапсырып, грантқа ие болдым. Бұған дейін есепшілік тәжірибем болса да, жаңа бағытта білім алып, өзімді дамытудамын. Сондай-ақ, биыл мен «Жүз үздік студент» қатарына ілігіп, марапатқа ие болдым. Бұл мәртебеге өткен жылы да қол жеткізген едім. Қазірге дейін осындай жетістіктерге жетіп келемін, алдағы уақытта оларды одан әрі арттырып, үлкен мақсаттарымды жүзеге асырсам деймін.
– Айтар ұсынысыңыз не пікіріңіз болса, жеткізсеңіз?
– Менің ұсынысым – мемлекеттен грант алып, өз ісін дөңгелетіп, кәсібін дамытып жүрген адамдарға ары қарай да қолдау көрсету. Қазіргі жүйе бойынша, бір рет грант алғандар екінші рет қатыса алмайды. Менің ойымша, егер кәсіпкер өз жобасын сәтті жүзеге асырып, жұмысын кеңейтіп жатса, оларға қосымша грант беруді қарастыру керек. Мысалы, мен қазақы нақыштағы жүн және тері өнімдерінен ұлттық аяқ киім шығару бойынша үлкен жоба дайындаған едім. Алайда грант алу мүмкіндігі болмағандықтан, бұл жобаны іске асыруды кейінге қалдыруға тура келді. Осыған байланысты мемлекеттен қосымша қолдау болса, мұндай жобалар еліміздің мәдениеті мен экономикасына үлкен пайда әкелер еді деп ойлаймын.
Жетістіктерім туралы айта кетсем, мен жеңістерім мен жеңілістеріме бірдей көзқараспен қараймын. Өмірде әртүрлі жағдай болады, кейде жеңесің, кейде жеңілесің – бұл қалыпты жағдай. Бірақ кейбір адамдар менің жеңістерімді «мүгедек болған соң қолдады» деп қабылдайды. Мен бұған еш көңіл бөлмеймін. Себебі мен өзімді ешқашан мүмкіндігі шектеулі деп санамадым.
Өзімді ақылды, қайсар, әрі көрікті жан ретінде бағалаймын және өмірге осындай қасиеттермен келгеніме мақтанамын. Менің алар асуларым әлі алда. Ол үшін көп еңбек етіп жатырмын, және еңбектің бағаланатын сәттері де жақын екеніне сенемін.
Мен сияқты шынайы жұмыс істеп көргенде ғана, адамдар кімнің қандай екенін түсінер еді. Егер сыртымнан сөз айтылып жатса, демек, мен мықтымын! Мен бұл пікірлерге көңіл аудармай, алға қарай сенімді қадам баса беремін.
– Сұхбатыңызға рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз.
Диана ҚАНАТ