ГҮЛЗАДА АЛЛАМБЕРГЕНОВА: ҚОҒАМНЫҢ СҰРАНЫСЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ ҮШІН ІЗДЕНІП, ӨЗІҢДІ ДАМЫТУЫҢ КЕРЕК

Қоғамға ең қажетті, жойылмайтын, сұраныстағы мамандар туралы сөз болғанда ойға ең алдымен мұғалім, дәрігер және полиция қызметкері түседі. Алайда, қоғамда өз орны қалыптасқан, өз құндылығын жоғалтпайтын мамандықтың бірі – шаштараз екені баршаға аян. Себебі, адамның бет-әлпетіне, бойына, дене тұрғысына, жасына қарап шаш үлгісін жасау да – үлкен өнер. Шаш үлгісінің дұрыс әрі ерекше болуы, әсіресе, нәзікжандыларға сенімділік сыйлайды, сұлулығын арттырады. Өтеген батыр аулындағы күре жолдың бойында, «Биля» базарына қарама-қарсы орналасқан «Арай» салонында қызмет ететін Гүлзада есімді мықты шаштараз бар. Біз «8 наурыз – халықаралық аналар мен қыздар күні» мерекесі қарсаңында бұл саланың қыры мен сырын еркін меңгерген маман, аяулы жар, асыл ана Алламбергенова Гүлзада Розымқызын әңгімеге тартқан едік.
– Гүлзада Розымқызы, әңгімені өзіңізді таныстырудан бастасақ…
– Мен Гүлзада Розымқызы Қазіргі Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан автономиялық Республикасы, Шоманай ауданында 1986 жылы 30 қарашада дүниеге келдім. Шоманайдағы Өтеген батыр атындағы №19 орта мектепте негізгі орта білім алдым. 9-сыныпты бітірген соң, Қоңыраттағы «Кәсіп-өнер» колледжінде информатика пәнінің мұғалімі мамандығында оқыдым. Қазақ халқы «Қыз мұраты – кету» деп тегін айтпаған ғой. 2006 жылы өмірлік серігімді жолықтырып, сәуір айында тұрмыс құрдым. Сол жылы отбасымызбен Қазақстанға көшіп келдік. Күйеуім құрылысшы болған соң, оның қызмет бабымен әр қалада тұрдық. Өзім білім алған мамандық бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Еңбек жолымды кафе-ресторандарда даяшы болудан бастап, кейін бас аспаздың көмекшісі болып еңбек еттім. Аспаздықты меңгеріп, кейін өзім де аспаз болып қызмет етіп, халықтың алғысын алдым. Қазіргі таңда шаштараз болып еңбек етіп жүрмін.
– Шаштараз мамандығын таңдауға не түрткі болды?
– Шаштараз болу – бала күнгі арманым еді. Оқушы кезімде көрші қыздардың, әпкелерімнің, ағамның шашын қысқартып беріп жүрдім. Шаштараздық өнерге қатты қызықтым. Шаш алуға қолымның икемі барын байқаған әкем де мені шаштараз мамандығында оқытып, жеке салонымды ашып бергісі келді. Бірақ, өмір ауаны мені Қазақстанға әкелді. Осында жан жарыммен бірге жоқтан бар құрап, өзімізді қалыптастырып, отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығын бірге көрдік. Десек те, мен үшінші ұлымды дүниеге әкелгеннен кейін 2013 жылы Сайрандағы «Елдос» салонында үш айлық курстан өтіп, тәжірибемді толықтырдым. 2011 жылы Іле ауданына келіп тұрақтадық. Өтеген батыр ауылындағы салондарда қызмет етіп, өзімнің шеберлігімді шыңдадым.
– Шаштараздар көбіне ер адамның немесе әйелдердің шашын қысқартатын болып бөлінеді. Сіз соның қайсысына бейімсіз?
– Менің шаштараз қызметіндегі алғашқы ұстазым, тәлімгерім ер адамның шашын қырқатын маман болған соң, әрі қоғамда әйелдерге қарағанда ерлер жиі шаш алдыратын болған соң мен ер азаматтардың шашын қысқартудан бастадым. Кейін балалардың да шашын алып дағдыландым. Бертін келе әйел кісілердің де шашын қысқартып, оларға түрлі шаш үлгісін жасап, шаштарын бояп, өзімнің шеберлігімді ұштап, жетілдірдім. Қазіргі таңда ер кісілер болсын, әйелдер болсын, мейлі мектеп оқушылары болсын таңдамаймын, барлығының шашын қысқарта беремін.
– Демек, бесаспап болдым дейсіз ғой! Алайда, ерлердің шашын қысқартып жүріп, әйелдердің шашын қырқу қиынға соқпай ма?
– Басында қиналғаным рас. Бірақ, бәрі тәжірибемен келмей ме? Егер адам өз ісінің шебері болса, онда оған алдында отырған клиентінің еркек не әйел болуы маңызды емес. Он жылдан аса тәжірибе жинағаным бар, әр түрлі салонда қызмет етіп, түрлі шеберлердің тәлімін алғаным бар, соның бәрі бүгінгі таңда өз нәтижесін беруде.
– Құпия болмаса, клиенттеріңіз көп пе? Клиентті қалай жинайсыз?
– Аллаға шүкір, тұрақты клиенттерім жетерлік. Олардың ішінде қарапайым қызметкерлер де, базарда жұмыс істейтін кісілер де, әкімшілікте, құқыққорғау органдарында, басқа да құрылымда қызмет ететін жандар да бар.
Бұған дейін Титов көшесіндегі шаштараз салондарында қызмет еткен кезде оқушылар мен мұғалімдер де келіп шаштарын қысқарттырып жүрді. Жаңа салонға ауысқан сәтте тұрақты клиенттеріме жұмыс орнымның ауысқаны жайлы жекелеріне хабарлама жіберемін. Оған қоса ватсап желісіндегі статусыма салып, хабар беремін. Қазір Өтеген батыр ауылындағы «Биля» базарына қарама-қарсы орналасқан «Арай» салонына ауысып, осында қызметімді жалғасырып жатырмын. Бұл салонның ерекшелігі – шеберлердің жұмыс барысын бейнежазбаға түсіріп, инстаграмм әлеуметтік желісіне салып, инстаграмм арқылы да шаш қысқартуға тапсырыс қабылдайтындығында. Жұмысыңның нәтижесі әлеуметтік желіге салынған соң адамдар өздері көріп, ұнатса келіп шаштарын алғызады. Өткенде бір әйел кісінің шашын қысқарттым. Сонда ол кісінің күйеуі әрбір әрекетімді бақылап, қарап отырды. Әлгі тәтенің шашын қырқып болған кезде күйеуі менің қолымның жылдам екенін, көз ілеспес шапшаңдықпен шаш алатынымды айтып, жұмысыма ризалығын білдірді. Ол кісі де сол күні шашын қысқартып, қазір тұрақты клиенттерімнің біріне айналды.
Енді «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс» деп жатады. Егер сізге алғаш келген адамның көңілінен шықсаңыз, ол кісі қайтадан келеді. Сонымен қатар, достары, туыстарына да айтуы мүмкін. Яғни, өзі ғана емес, бірнеше тұтынушы әкеледі. Бұдан тыс – шаштараздың бағасы қолжетімді болуы қажет. Әр адамның мінезі, талғамы – әрқалай. Неше түрлі мінезі бар адамдармен жұмыс істейміз. Кім келсе де көңілінен шығуға, ренжітпеуге тырысамын. Клиенттерім қызметіме риза, үнемі алғысын білдіріп жатады.
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
– Жолдасым Құдайберген Сарбасов. Ол екеуіміз бір аймақтанбыз. Қоңырат ауданындағы «Кәсіп-өнер» колледжінде мал дәрігері мамандығында білім алды. Кейін құрылыспен айналысып, бүгінгі таңда өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Үш ұлымыз бар. Үлкеніміз Ерсұлтан 2009 жылғы. Өтеген батыр ауылындағы №24 лицейде оқып, бүгінгі таңда колледжде «Аспаз» мамандығы бойынша білім алуда. Ол бала кезден аспаз болуды армандайтын. Ұлымыздың арманына қол жеткізуі үшін біз де өз тарапымыздан қолдау білдіріп отырамыз. Ортаншы ұлымыз Нұрбақыт – №24 лицейде 6-сынып оқушысы. Кенжетайымыз Жәнібек 6 жаста. Бұйырса, күзде бірінші сыныпқа барады.
– Жұмыспен қатар бала тәрбиесі, олардың шай-тамағы, тапсырмасын орындату деген сияқты әйел адамның мойнындағы шаруаларды қалай реттейсіз?
– Қоғамдағы жетістікке жеткен әйелдерді байқап отырсаңыз, бір бөлігі – басы бос, яғни, тұрмыс құрмаған, тек карерасын біріншіге қойған жандар. Екіншісі – отбасы қолдайтын жандар. Мен өзімді екінші топтағы әйелдер қатарына жатқызамын. Менің бала күнгі арманымды іске асырып, шаштараз болуыма күйеуімнің қолдауы ерекше. Тәжірибе арттыру жолдарында көмек берген әр ұстаздарыма алғысым шексіз! Одан бөлек, түске дейін балаларымның тәрбиесіне көңіл бөліп, олардың тамағын дайындасам, түстен кейін жұмысқа келіп, шаш қысқартамын. Сондайда күйеуім көлікпен алып келіп, қайтадан үйге алып кетеді. Қазір біз Асқар Тоқпанов ауылынан үй салып, мен сол жақтан Өтеген батырға қатынап жұмыс істеймін. Егер жолдасым қолдап, өзі тасымаса, менің сонау жерден жетуім де қиынға соғар еді.
– Өз шеберлігіңізді жетілдіріп тұрасыз ба?
– Иә, мен әрдайым ізденісте болып, курстарға, әртүрлі оқыту семинарларына қатысамын. Ғаламтордан да шаш үлгілерін көп қараймын. Жоғарыда айтып өткендей мықты шаштараздардың жанында жүріп те көптеген шаш үлгісін жасау мен шаш қырқудың әдістерін үйрендім. Қоғамның сұранысын қанағаттандыру үшін ізденіп, өзіңді дамытып отыруың керек. Әйтпесе, клиенттерің сырт айналып, басқа маманға ауып кетуі әбден мүмкін.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…
– Асқар Тоқпанов ауылынан үй салдық дедім ғой… Міне, енді өз үйімнің жанынан жеке салонымды ашып, өзімнің кәсібімді дөңгелетсем деймін. Бұл бір жағы өзімді кәсіпкер ретінде сынау болса, екіншіден, әкемнің арманын орындағым келеді.
– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге, барша аналар мен ару қыздар қауымына қандай тілек айтасыз?
– Құрметті нәзікжанды арулар, аналар, гүлдей жайнаған қызар! Сіздерді ару көктемнің алғашқы мерекесі «8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып, бақытты да баянды өмір кешіңіздер. Дендеріңізге саулық, көңілдеріңізге шаттық, отбасыларыңызға құт-береке, ауызбірлік пен тыныштық тілеймін.
– Гүлзада Розымқызы, әңгімеңізге рахмет! Сізді де келе жатқан мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Отбасыңызға бақыт, кәсібіңізге береке-нәсіп тілейміз. Ана бақытына, жар бақытына кенеліп жүре беріңіз.
Әңгімелескен: Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ