Аудан жаңалықтарыТұлға

ШЫН ӨНЕР ШЕКАРА ТАЛҒАМАЙДЫ: ҚАЗАҚ БАЛЕТШІСІНІҢ ЕУРОПАДАҒЫ ЖОЛЫ

  Балет – тәртіп пен тиянақтылықты, сұлулық пен шеберлікті талап ететін ерекше өнер. Бұл жолда үлкен еңбек, үздіксіз дайындық пен мықты рух қажет. Бүгін біз – осындай биік талаптардан сүрінбей өтіп, әлемдік сахналарды бағындырған отандасымызбен сұхбат құрдық.

Мейрамбек Назаркожаев – Іле ауданы, Қараой ауылының тумасы. Қарапайым ауылдан шығып, балет әлемінде өзін мойындата білген өнерпаз. Ол бүгінде Дания Корольдік театрында жетекші солист болып еңбек етіп жүр. Біз Мейрамбекпен балетке келу жолы, халықаралық сахнадағы тәжірибесі, кәсіби жетістіктері мен болашақтағы жоспарлары жайлы әңгімелескен едік.

–  Мейрамбек, балетке деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Бұл жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

–  Шыны керек, балет туралы бала күнімде мүлде білмедім. Өйткені менің отбасымда бұл өнерге жақын ешкім болған жоқ. Өзім Алматы облысы, Қараой ауылында дүниеге келіп, сол жерде тәрбиелендім. Туған-туыстарымның бәрі – ата-анам, бауырларым – ауылда тұрады. Алайда менің өнер жолына келуіме себепші болған бір адам бар. Ол – анамның сіңлісі, менің тәтем Фарида Нұрқадиловна. Ол кісі Алматы хореография училищесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Бір күні маған:

– Мейрамбек, Алматыға оқуға түсіп, өнер жолын байқап көрсең қалай болады? – деп ұсыныс жасады. Бала күнімнен өнер мен спортқа бейім болдым. Домбыра тарттым, хорға қатыстым, фортепианода ойнадым. Сонымен қатар футбол ойнап, аудан құрамасында өнер көрсеттім. Түрлі байқауларға қатысып, жетістіктерге жетіп жүрдім. Сол себепті тәтемнің ұсынысына қызығушылықпен қарадым да, Алматы хореография училищесіне барып, бағыма сынақ жасап көрдім. Училищеге алғаш барғанымда, бір залда балалардың айналып, секіріп, түрлі қимылдар жасап жатқанына таңғалдым.

– Осындай өнер де болады екен ғой! – деп іштей сүйсіндім.

Балалардың сахнадағы сымбатты қозғалысы, тәртібі, үйлесімділігі мені баурап алды. Концерт көріп отырып, сахнадағы сұлулыққа тәнті болдым. Сол сәтте бұл өнерге деген қызығушылығым оянды. Ал ауылға қайтып келгенде, көрген-білгенімді қайталап, түрлі күрделі элементтерді көрсетіп жүрдім. Айналамдағы адамдардың таңдай қағып, таңғалғанын көргенде балетке деген махаббатым тереңдей түсті. Осылайша балет өнеріне аяқ астынан келгендей болдым, бірақ бұл кездейсоқ шешім кейін үлкен арманға, өмірлік мақсатқа айналды.

–  Сіздің өнер жолыңыз халықаралық сахналардан басталған екен. KIBC (Корея), Серж Лифарь байқауы (Украина), Орлеу (Алматы) секілді беделді конкурстардан жүлде алған сәттерді еске түсіріңізші. Сол жеңістер сіздің өміріңізге қандай серпін берді?

–  Иә, мен көптеген халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Ол, ең алдымен, менің ұстаздарымның, әсіресе Ұлан Мерсеидовтің еңбегінің арқасы деп білемін. Өкінішке қарай, ол кісі қазір өмірде жоқ. Бірақ сол бала кезімнен бастап мені шыңдап, түрлі жарыстарға қатыстырып, сахна мәдениетіне үйретті. Байқауға қатысқан сайын адам кәсіби тұрғыда өседі екен. Себебі мектеп қабырғасында жүріп-ақ түрлі елдердің бишілерімен өнер көрсету, оларды көру – өте үлкен тәжірибе. Халықаралық деңгейдегі байқауларға жиі қатыса отырып, мен өзімді салыстыра бастадым. Жеңіске жетсең, шабыт аласың, ал жеңіліс – үлкен мотивация. «Келесіде бұдан да жақсы өнер көрсетуім керек» деген мақсатпен жұмыс істей бастайсың. Бұл – нағыз кәсіби дамудың мектебі. Жеңіске жеткен сәттер – әрине, қуаныш. Бірақ біз әр байқауға барған сайын өзімізге міндет қоятынбыз: жай барып қайту емес, жүлделі орын алу. Жүлде алған сәттер ерекше есте қалады. Мысалы, Кореяда өткен KIBC байқауы мен үшін ерекше болды. Өйткені ол – халықаралық деңгейдегі ауқымды конкурс. Ұзақ уақыт дайындалып, түн ұйқымызды төрт бөліп, сол сәтті күттік. Алматыдағы «Орлеу» байқауында да Гран-при жеңіп алғанбыз. Онда да жақсы дайындалғанымыз, командалық еңбектің нәтижесі болды. Менің жолымда ең көп қолдау көрсеткен – ата-анам. Сондай-ақ менің алғашқы ұстаздарым – Ұлан Мерсеидов, Назира Абдулина, Асет Абдыбаевич және Наргиза Ұлановна. Бұл кісілер мені кішкентай кезімнен бастап үшінші сыныпқа дейін баптап, жол сілтеді. Олар халықаралық байқауларға үнемі алып жүретін. Қазақстаннан ең беделді конкурстарға апарып, менің көзімді ашқан, бағыт берген – сол кісілер.

– Осындай беделді байқауларда өнер көрсету барысында сізді ең қатты толқытқан немесе есте қалған сәт қандай болды?

–  Қобалжу әр байқауда болады. Бірақ мен үшін ең есте қалған сәт – халықаралық конкурс алдындағы сахнаға шығар сәт. Себебі мұнда сенің қолыңда бір-ақ мүмкіндік бар. Басқа жарыстарда қателессең, екінші мүмкіндік болуы мүмкін, ал мұнда – жоқ. Сол бір ғана сәтке бүкіл дайындық пен тәжірибе сыяды. Сондықтан сахна сыртында тұрған сәт – ең үлкен толқыныс. Тағы бір қиын кезең – байқауға дейінгі дайындық. Бір элемент шықпай қалса, өзіңе сенімсіздік туып, іштей қажисың. Бірақ дәл осындай сәттерде ұстаздардың қолдауы өте маңызды. Олар сенің күшіңе сеніп, жігер береді. Сахнаға алғаш шыққанда зал, жарық, акустика – бәрі беймәлім. Бұл ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен, кәсіби биші үшін өте маңызды. Әрбір деталь қозғалысқа әсер етеді. Ал конкурс кезінде сен өзіңнің ең мықты нөміріңді бір-ақ рет көрсетуің керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Кореядағы конкурс та ерекше есімде қалды. Біз ұзақ дайындалдық, ұйқысыз түндер болды. Нәтижені күткен сәт, сахнаға шыққан кездегі толқу – бәрі ерекше әсер қалдырды. Бірінші рет сахнаға шыққанда қобалжисың, ал екінші жолы – сахна өзіңдікі сияқты сезіледі. Осындай байқаулар – кәсіби шыңдалудың мектебі.

–  Сіз 18 жасыңызда-ақ Мәскеуде, Вячеслав Гордеев басқарған «Русский балет» театрында жұмыс істеген екенсіз. Бұл кезең сіздің кәсіби дамуыңызға қалай әсер етті? Есте қаларлық оқиғалар болса айтып берсеңіз?

–  Иә, бұл менің өмірімдегі ең үлкен кезеңдердің бірі болды. 18 жасымда-ақ Мәскеуге аттанып, «Русский балет» театрында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Бұл театрды Вячеслав Гордеев басқарды. Ол – Ресей мәдениетінде орны ерекше тұлға. Кезінде «Большой театрдың» жетекші солисті болған, кейіннен осы әйгілі театрдың директоры қызметін де атқарған. Сол кісінің бастамасымен «Русский балет» жеке театры құрылды. Бұл – Ресейдегі ең ірі жеке балет театрларының бірі саналады. Айта кетерлігі, бұл театр негізінен Ресейде емес, шетелдерде гастрольдік сапармен көп өнер көрсететін ұжым. Ал мен сол театрда шамамен алты ай жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында көптеген күрделі солистік партияларды орындадым. Мысалы, «Манон», «Пахита» секілді классикалық қойылымдарда басты партияларды биледім. Бұл – мен үшін кәсіби тұрғыдан үлкен тәжірибе алаңы болды. Сол театрмен бірге мен әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсеттім. Ресейдің өз ішінде Кремль сарайында 5 мың көрерменнің алдында сахнаға шықтық. Бұл – әр балетші үшін мәртебе. Бұған қоса, Қытай, Еуропа елдері, Германия, Бранденбург қалаларында өнер көрсетіп, халықаралық сахнада танылуға мүмкіндік алдым. Еуропалық гастрольдер мен үшін ерекше әсерлі болды. Себебі онда тек өнер көрсетіп қана қоймай, шетелдік хореографтармен жұмыс істеу, заманауи бағыттағы балет мектептерінің әдістерімен танысу, тәжірибе алмасу сияқты мүмкіндіктер болды. Бұл кәсіби деңгейімнің өсуіне айтарлықтай әсер етті. Сол гастрольдік сапар барысында мен Еуропадағы бірнеше театрда кастингке қатысып, Германиядан нақты ұсыныс алдым. Осылайша халықаралық деңгейде өз бағымды сынап көрдім. Әрине, жастықпен бәрі оңай болған жоқ. Бірақ дәл осы кезең мені өсірді, биік мақсаттарға жетелей білді.

–  Кремль сарайы мен Үлкен театрда алғаш рет сахнаға шыққан кездегі сезіміңіз қандай болды?

–  Бұл – әлемнің ең беделді сахналарының бірі. Біз ол кезде жаңа балеттің тұсаукесерін қойған едік, яғни жаңа хореография, жаңа музыкалық қойылым. Премьера болғандықтан көрермен көп жиналды, аншлаг болды. Алғашқыда қатты қобалжыдық. Себебі жаңа қойылым болған соң, оны көрермен қалай қабылдайды екен деп уайымдадық.

Бұл жай ғана сахна емес, Үлкен театр, Кремль сарайы сияқты тарихи әрі жоғары деңгейдегі мәдени орталықтар. Бұл орындарда өнер көрсету – тек кәсіби емес, рухани жауапкершілік те. Сол қобалжу, сол толқу – бәрі де бүгінге дейін есімде. Бірақ ең маңыздысы – көрерменнің ризашылығы. Жаңа қойылым олардың көңілінен шықты. Бұл – мен үшін үлкен жетістік болды.

–  Германиядағы Киль қаласында жұмыс істеу сізге қандай жаңа мүмкіндіктер ашты? Батыс еуропалық балет мектебі мен ТМД елдері балет мектебі арасында қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Германияның Киль қаласында жұмыс істеу – менің шығармашылығымдағы ерекше белес болды. Біріншіден, жаңа орта, жаңа сахна, жаңа тіл – барлығы мен үшін тың тәжірибе еді. Репетициялар ағылшын тілінде өтетін, ал мен ол кезде ағылшын тілін білмейтінмін. Дегенмен, театрдың көркемдік жетекшісі – Украинадан шыққан, орыс тілін жақсы білетін Ярослав Иваненко маған көп көмектесті. Түсінбей жатсам, репетицияны тоқтатып, бәрін сабырмен түсіндіріп отыратын. Бұл мен үшін үлкен қолдау болды. Тағы бір қуаныштысы – мен ол театрда жұмыс істеген алғашқы қазақ бишісі болдым. Бірақ менен бұрын сол қалада жұмыс істеген қазақстандық бишілер де болған екен. Олар да мені жылы қарсы алып, барынша қолдау көрсетті. Киль қаласында заманауи балетпен етене таныстым. Контемпорари, неоклассика бағыттарымен жұмыс істей бастадым. Осы арқылы жаңа хореографиялармен жұмыс істеу, сахнада өзін еркін ұстау, әртүрлі костюмдермен өнер көрсету дағдылары қалыптасты. Мысалы, бізде бұрын тек классикалық трико, пуантылармен шығатын болсақ, ол жақта смокинг, шалбар, кежуал киіммен де еркін сахнаға шығуға болады. Яғни, артиске әртүрлі стильді меңгеру – міндет. Бұл менің шығармашылығым үшін жаңа жол ашты. Заманауи балетке деген қызығушылығым арта түсті, әрі сол арқылы көрерменмен жаңа тілде сөйлесе бастадым. Бұл тәжірибе мені нағыз әмбебап артист ретінде қалыптастыруға көмектесті.

–  Сіз 2017 жылдан бастап Дания Корольдік театрында қызмет етесіз. Бұл театрға қалай қабылдандыңыз және алғашқы кастинг қалай өтті?

–  2017 жылы мен Дания Корольдік театрында жұмысымды бастадым. Бұған дейін Германияда екі жыл еңбек еткен соң, келесі мақсатым  тарихы терең әрі әлемге танымал үлкен театрда өнер көрсету болды. Сол таңдаған орным  1747 жылы құрылған, әлемнің ең көне және беделді театрларының бірі саналатын Дания Корольдік театры еді. Мен бұл театрға алғашында өзімнің шығармашылық түйіндемемді жолдадым. Мұндай театрлар үміткерлердің ішінен өздеріне ұнағандарды ғана таңдап алып, жабық (private) кастингке шақырады. Яғни, көпшілікке ашық емес, тек арнайы шақыртумен өтетін кастинг. Сол себепті бастапқыда өзімді шақырмайтын шығар деп те ойладым. Бірақ көп ұзамай екі күнге шақырту келді. Кастинг 7 және 8 наурыз күндері өтті. Айтпақшы, дәл кастингтің бірінші күні – 7 наурыз менің туған күнім еді. Сол күні классикалық дайындықтан өтіп, сабақ соңында арнайы медициналық тексерістен өттім. Физиотерапевт травмалардың бар-жоғын, бұрынғы операциялар болған-болмағанын мұқият қарады. Бұл – үлкен театрлар үшін өте маңызды саты. Кастингке басқа да бишілер келді. Мысалы, бірге барған қыз да болды, бірақ өкінішке қарай, ол театрға қабылданбады. Ал мен кастинг аяқталған соң, театрды аралап көрдім. Сол кезде әйгілі хореограф Уэйн Магрегор өзінің қойылымын сахналап жатты. Өз көзімізбен көріп, «осындай адамдармен бірге жұмыс істейтін күн де туар ма екен» деп ішімізден таңдандық. Бір аптадан кейін көптен күткен жауап келді. Маған Дания Корольдік театрына қабылданғаным туралы ресми хат келді. Ол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Өз-өзіме сенбей, бұл жаңалықпен бөліскім келді. Осылайша менің Даниядағы шығармашылық жолым басталды.

–  Данияда сізді кәсіби тұрғыда таңғалдырған нәрсе қандай болды?

Дания Корольдік театрында мені кәсіби тұрғыда таңғалдырған ең басты нәрсе – бұл театрдың жұмыс жүйесі мен ішкі мәдениеті. Мұнда бәрі өте нақты құрылыммен жүреді: әр қызметкердің рөлі мен міндеті нақты анықталған, шешімдер ұжыммен қабылданады. Яғни, тек директор емес, биші де, технигі де, менеджері де – барлығы театрдың даму бағытына өз үлесін қосады.Мысалы, жаңа директор тағайындалғанда, біз, әртістер, арнайы кеңес арқылы өзіміздің талап-тілегімізді айтып, таңдау процесіне қатыстық. Бұл – театрда әр қызметкердің пікірі мен қауіпсіздігі маңызды дегенді білдіреді. Тағы бір ерекшелігі – хореографтармен жұмыс жасау мәдениеті. Егер бір маман жұмысшылармен дөрекі сөйлесе немесе құрметсіздік танытса, театр ол маманмен қош айтысады. Бұл – әртістердің кәсіби және психологиялық қауіпсіздігіне ерекше мән берілетінін көрсетеді. Сондай-ақ, жұмыс уақыты қатаң регламенттелген. Мысалы, қосымша репетициялар болса, оған қосымша ақы төленеді.

Бұл – әрбір артистің еңбегіне құрметпен қараудың көрінісі. Қызметкерлердің отбасы мен жеке уақыты ескеріледі. Яғни, бұл жерде тек өнер ғана емес, адамның тұлғасы, құқығы, денсаулығы – бәрі назарда. Міне, осы жүйелілік, әділдік, және ұжымдық мәдениет – мені Данияда ең қатты таңғалдырған кәсіби тәжірибе болды.

–   Даниялық көрермен мен қазақ көрерменінің балетті қабылдауы арасында айырмашылық сездіңіз бе?

–  Иә, айырмашылық бар. Даниядағы көрермендер көбіне актерлік шеберлікке, музыкалық атмосфераға, жалпы балеттегі оқиғаның қалай баяндалғанына көбірек көңіл бөледі. Себебі балет – бұл бидің тілі арқылы айтылатын хикая. Сондықтан олар хореография арқылы оқиғаның қалай жеткізілгеніне, драматургиясына мән береді. Ал Қазақстанда көрермендер техникалық шеберлікке көбірек назар аударады. Мысалы, қандай қиын элементтер орындалды, қаншалықты жоғары секірді, қандай күрделі бұрылыстар жасады – осы нәрселерге ерекше мән беріп, соған шапалақ ұрады. Еуропада көрермендер көбінесе көркемдік пен музыкалық үйлесімге назар аударады.

–  Өзіңізді Дания сахнасында шын мойындалды деп қашан сезіндіңіз?

–  Бұл сұраққа бірден жауап бермей, сәл артқа шегініс жасайын. Алдымен Джон Роагер премиясын еске алайын – бұл Данияда үш жылда бір рет талантты жас биші, әнші, актерлерге берілетін өте беделді марапат. Бұл марапатты иеленгендер – Дания Корольдік театры тарихындағы ерекше тұлғалар. Сол атаулы марапаттау рәсіміне қатысып, мен де сол тізімге енгенімді сезіндім. Бұл – менің кәсіби жолымдағы елеулі белес болды. Ал өзімді сахнада шын мойындалдым деп нақты сезінген сәт – Дания Корольдік театрына келгеннен кейінгі алғашқы спектакльде басты рөлді орындаған уақытым еді. Бұл – бірден сенім артылып, үлкен жауапкершілікпен сахнаға шыққан сәт. Атап айтсам, мен «27’52’’» атты қойылымда Сары жұп партиясын орындадым. Бұл – Иржи Киллиан үш балеттік туындысының бірі болатын. Сол кеште бұл рөлге таңдалуым – мен үшін кәсіби сенімнің көрінісі болды. Айта кету керек, театрда жаңадан келген әртістер бірден басты рөлге тағайындала бермейді. Көп жағдайда уақыт өте келе, өзін дәлелдегеннен кейін ғана осындай мүмкіндіктер беріледі. Ал мен бірінші спектакльден-ақ үлкен рөлде сахнаға шықтым. Оның үстіне бұл жаңа балет болды, соған арнайы кастинг өткізілген еді. Сол кастингке қатысып, түрлі сынақтан өтіп, өзімді дәлелдедім. Хореограф та Дания театрының ішкі адамдары емес, арнайы шақырылған шетелдік маман болатын. Соның өзіме сенім артып, сол партияға таңдауы – мен үшін үлкен көрсеткіш болды. Дәл сол сәтте, сахнаға алғаш шыққанымда, өзімді Дания сахнасында шын мойындалған әртіс ретінде сезіндім. Себебі менімен қатар он, он бес жыл жұмыс істеп жүрген әріптестерімнің ішінен мені таңдап, басты рөлді сеніп тапсыру – үлкен мәртебе, үлкен сенім еді.

–  Ромео, Альберт, Принц, Тибальт, Жизельдегі Па де де, Шут – әрқайсысы әртүрлі мінезді кейіпкерлер. Осылардың ішінде сізге ең жақыны қайсы және неге?

–  Әрине, бұл рөлдердің барлығы – мінезі, драмасы, хореографиясы жағынан бір-біріне мүлде ұқсамайтын кейіпкерлер. Бірақ өзіме ең жақыны – Ромео мен Джульетта балетіндегі Тибальт рөлі дер едім. Неге десеңіз, бұл образ маған мінез жағынан жақын сияқты көрінеді. Ол – ер мінезді, ішкі оты бар, батыл кейіпкер. Өзінің айтқанынан қайтпайтын, шетінен шыдамсыз, тік мінезді тұлға. Бұл рөлдің бойынан маскулиндік пен бірбеткейлік байқалады – сол қасиеттері маған жақын. Жалпы, мен романтикалық кейіпкерлерден гөрі осындай мінезі қатты, ішкі қуаты мол кейіпкерлерді сомдағанды ұнатамын. Себебі романтик кейіпкерлер нәзіктік пен шынайы эмоцияны қажет етеді, ал мен өзімнің табиғатыма келетін күші мол, эмоциясы ашық, сахнада көрерменге әсерлі әсер қалдыратын рөлдерді ұнатамын. Сол себепті Тибальт рөлі мен үшін өте ыңғайлы әрі сүйікті кейіпкерге айналды. Бұл рөлді атақты хореограф Жон Ноймайердің қойылымында сомдадым. Ол кісінің өзімен жұмыс істеу – ерекше тәжірибе болды. Тибальт рөлінде техникалық қимылдардан гөрі актерлік ойынға көбірек мән беріледі. Бұл – би арқылы образ ашуды талап ететін образ. Сол кезде мен сахнада тек техникалық қимылдар емес, актерлік шеберлік арқылы да өзімді көрсете алатынымды ұғындым. Театр ұжымы, көрермендер, тіпті директор да менің бұл рөлдегі жұмысымды жоғары бағалады. Сол сәттен бастап менің актерлік қабілетіме деген көзқарас өзгерді деуге болады.

–  Қай рөл сіз үшін физикалық немесе эмоционалды тұрғыда ең қиын болды?

–  Физикалық жағынан ең күрделі қойылым – «Études» балеті дер едім. Бұл – атақты хореограф Гарольд Ландердің классикалық стильдегі туындысы. 1948 жылы Дания Корольдік театрында алғаш рет сахналанған бұл балет қазіргі таңда әлемнің ең үздік театрларының репертуарынан түспей келеді. Ол – таза техникаға негізделген қойылым. Бұл спектакльде актерлік ойын деген жоқ. Бар салмақ – техникада. Жұқа, денеге жабысып тұратын ақ түсті трикомен сахнаға шығасыз және ең қиын элементтерді орындауыңыз керек. Мұнда импровизацияға, образбен ойнауға орын жоқ. Барлығын абсолютті дәлдікпен, қатесіз орындауыңыз қажет. Кейде бір элемент дұрыс шықпай қалса да, оны сол қалпы шеберлікпен «сату» керек – көрерменге байқатпауға тиіссіз. Études – таза техника мен физикалық төзімділікті талап ететін балет. Мұнда тек аяқпен айналу, секіру, тепе-теңдікті сақтау сынды элементтер өте көп. Әр би қимылының өзі – үлкен дайындықтың нәтижесі. Бұл балетте сіздің шын мәнінде қаншалықты кәсіби екеніңіз көрінеді. Себебі бейнелеу немесе эмоциямен жасыру мүмкін емес – тек техника сөйлейді. Мысалы, сахнаға шыққан сәтте денең шаршап тұрса да, көрермен оны сезбеуі керек. Тіпті аяқ-қолыңыздың дірілі білінбеуі тиіс. Мұндай кезде ішкі дайындық, шыдамдылық, сахна мәдениеті ерекше рөл атқарады. Мен бұл қойылымда ең көп физикалық жүктемені сезіндім. Көптеген кәсіби әріптестерім де бұл балетті әлемдегі ең ауыр қойылымдардың бірі деп санайды. Эмоционалды жағынан да қиын, себебі сахнада мүлт кетуге болмайды, қобалжу – қателікке апарады. Бұл мен үшін нағыз кәсіби сынақ болды. Бірақ дәл осы Études балеті арқылы өз шекарамды көріп, жаңа деңгейге өткенімді сезіндім.

–  Хулио Бокко, Вадим Писарев, Николай Хюббе сияқты әлемдік деңгейдегі ұстаздармен жұмыс істеу қалай әсер етті? Олардың ішінде кімнің ықпалы ерекше болды?

–  Бұлардың барлығы – аты әлемге әйгілі хореографтар, педагогтар. Әрқайсысы менің шығармашылық жолымда ерекше орын алады. Дегенмен, маған ең көп әсер еткен адам – Николай Хюббе дер едім. Николай Хюббе – Америкадағы Нью-Йорк Сити балетінің жетекші солисті болған, кейін Дания Корольдік театрының директоры қызметін атқарған тұлға. Мен осы театрға жұмысқа орналасқанымда, дәл сол кісімен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Ол менің өнерімді алғаш болып бағалаған, менің шығармашылығымның қалыптасуына жол ашқан адам. Біз бірге көптеген ірі жобаларда жұмыс істедік, гастрольдік сапарларға қатыстық. Ол кісінің репетиция жүргізу мәнері, әрбір детальға мән беруі маған көп нәрсе үйретті. Оның хореографиялық шешімдерге деген көзқарасы өзгеше, әртіспен жұмыс істеуі өте нәзік, бірақ талапшыл. Хулио Бокко мен Вадим Писаревпен де жұмыс істедім. Олар да өз саласының шеберлері, түрлі мастер-кластар, байқаулар, репетициялар арқылы көп тәжірибе алдым. Бірақ, шын мәнінде, Николай Хюббе менің кәсіби деңгейге көтерілуіме ең үлкен ықпал еткен тұлға болды. Ол мені алғаш үлкен гастрольдік сапарларға алып шықты. Тіпті, Нью-Йорктегі әйгілі Джейкобс Пиллоу фестиваліне мені жеке таңдап алды. Ол сапарға қатысқан әртістердің арасында мен ғана жаңадан қосылған адам едім. Сол сәт мен үшін үлкен мақтаныш болды. Николай Хюббеге менің алғысым шексіз. Оның сенімі мен қолдауы – мен үшін үлкен мотивация болды.

–  Қазақ сахнасының ұлы тұлғалары мен әлем сахнасындағы хореографтардан кімнен ерекше әсер алдыңыз?

–  Қазақ сахнасында өз орны бар тұлғалар өте көп. Атап айтсам, Эдуард Жабашев, Болат Аюханов, Назира Сәрсенбай сияқты майталмандар – балет өнеріне өлшеусіз үлес қосқан жандар. Бірақ нақты біреуін бөліп айту қиын, өйткені олардың әрқайсысы мен үшін маңызды. Ұстазым Ұлан Аталаулаевич, мысалы, менің өнер жолындағы алғашқы бағыт берушім болды. Олардың бәрінің ықпалы – менің бүгінгі кәсібилігімнің негізі. Сонымен қатар, шетелде жүрген қазақ азаматтары да мен үшін үлкен шабыт. Олар Қазақстаннан шығып, әлемдік сахналарда еліміздің атын танытып жүр. Сол азаматтардың арқасында Қазақстан балеті танылып жатыр десем, артық айтқаным емес. Олардың тәжірибесі, таланты, еңбегі – қазақ балетінің әлемдік деңгейге көтерілуіне ықпал етіп отыр. Ал халықаралық деңгейде әсер еткен тұлғаларға келсек, мен әрдайым жаңа дүниеге, әртүрлі бағытқа ашық болуға тырысамын. Жастайымнан бейнелерін қарап, сахнадағы қимылдарын зерттеген бейшілерім көп болды. Мысалы, Роландо Сарабие, Карлос Акоста, Сергей Полунин сынды өнерпаздардың орындау шеберлігі мені ерте кезден шабыттандырды. Хореографтар ішінде ерекше атап өтетіндерім: Джон Ноймайер, Григорий Рейфман, Уэйн МакГрегор, Акрам Хан. Соңғысы – «Макбет» балетінде басты рөлді орындауға мүмкіндік берген хореограф. Сонымен қатар, Кристал Пайт, Шэрон Эял, Лиам Скарлетт, Кристофер Уилдон секілді заманауи хореография әлемінде беделі зор тұлғалардан да көп әсер алдым. Әрқайсысының өзіне тән пластикасы, сахнаны сезінуі, көрерменмен байланыс құру тәсілі бар.

–  Қазақстанда жас балетшілерге қандай кеңес берер едіңіз?

–  Қазақтың жас балетшілеріне айтарым – ең алдымен өздеріңізге сеніңіздер. Балет – бірінші кезекте еңбек. Талант пен сыртқы қабілет – бұл бір, бірақ оны шыңдамаса, нәтиже бермейді. Бұл салада жетістікке жетудің кілті – күнделікті тынымсыз жұмыс. Сондықтан көп еңбектеніп, әр сәтті бағалаңыздар. Өзгеден бұрын, өз мүмкіндігіңізге сеніңіз. Кейде бір жерге баруға қорқамыз, шешім қабылдай алмаймыз. Бірақ барып көрмесеңіз – білмейсіз. Қателесуден қорықпаңыздар. «Барып көрдім, істедім, болмады» деу – «істемедім» дегеннен әлдеқайда артық. Және ең бастысы – батыл болыңыздар. Өз арманыңыз үшін күресіңіздер. Бұл жол оңай емес, бірақ шын ықыласпен берілсеңіз, міндетті түрде жетістікке жетесіз. Басты мақсат – тек алға ұмтылу.

–  Дания сахнасында қазақ композиторларының немесе халық ертегілерінің желісімен балет қою туралы ой болған ба?

–  Иә, ондай ой болған. Тіпті мен Қазақстаннан белгілі бір шығармашылық топты шақырғым да келді. Қазір Қазақстанда «Ер Тұран» деген этно-топ бар, сіз де естіп жүрген боларсыз. Олар – заманауи және ұлттық нақыштағы музыканы өзіміздің ұлттық аспаптармен орындайтын керемет ұжым. Солардың орындауындағы әуендер, аккордтар маған қатты ұнайды. Алғашқы ойымыз – топтың музыкаларын студияда жазып алып, спектакль кезінде жанды емес, фонограммамен ойнату еді. Бірақ кейін ойланып, егер «Ер Тұран» тобы сахнаға келіп, жанды дауыста өнер көрсетсе, одан асқан әсерлі қойылым болмас еді деп шештік. Алайда бұл топтың құрамында бес адам бар, сондықтан ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық жағынан біраз қиындықтар туды. Сол себепті бұл жоба жүзеге аспай қалды. Бірақ бұл менің арманым болып қала береді. Алдағы уақытта жақсы қолдау, мүмкіндік туып жатса, көшпенді рухты, ұлттық сипаттағы туындыны Дания сахнасында көрсету – менің үлкен мақсаттарымның бірі.

–  Репетиция алдындағы ерекше ритуалдарыңыз бар ма?

–  Ритуалдар бар десе де болады, бірақ олар қатты қалыптасқан, өзгермейтін салт емес – жағдайға қарай ауысып тұрады. Егер алда қиын репетиция болса, міндетті түрде жақсы ұйықтауым керек, себебі күш-қуаттың, көңіл-күйдің орны бөлек болады. Қиын емес күндері басқа шаруалармен айналысып, тікелей репетицияға баруға да болады. Бірақ сахналық дайындық күндері әр нәрсеге мән беремін. Мысалы, қойылымнан 2-3 сағат бұрын тамақтанып үлгеруге тырысамын, арнайы витаминдер ішемін. Театрға ертерек келіп, асықпай қызыну жаттығуларын жасау – мен үшін маңызды дайындықтың бірі. Кей әріптестерім спектакльге бірер сәт қалғанда келіп сахнаға шыға береді. Ал мен барымды салу үшін ерте келіп, киімдерімді дайындап, денемді қыздырып, физикалық әрі моральдық тұрғыда өзімді ыңғайлы сезінуге тырысамын. Бұл – менің сахна алдындағы тыныштық пен сенімділік табудың жолы. Сонымен қатар, спектакль алдында музыканы қайта тыңдаймын, протеинді сусын ішемін, көмірсу мен ақуызға бай тағамдарды тұтынамын. Тіпті ұйқы режиміне де қатты мән беремін. Себебі сахнада бар күшімді көрсету үшін алдын-ала дайындалу – өте маңызды. Бәрі де кәсіби нәтиже үшін.

–  Елімізге келгеннен кейін қандай жоспарларыңыз бар?

–  Егер елімізге оралатын болсам, мен бұл жолы балет артисі ретінде ғана емес, ұйымдастырушылық және басқару саласындағы дағдыларымды көрсетіп, менеджерлік бағытта еңбек еткім келеді. Яғни бір жобаны басқару, ұйымдастыру саласында да өзімді сынап көру ойымда бар. Әрине, бұл үшін қолдау қажет. Егер еліміздің өнер саласындағы азаматтары тарапынан сондай мүмкіндік туып жатса, мен қуана қабылдаймын. Қазірдің өзінде осы бағытта алғашқы қадамдарымды бастап жатырмын. Мәселен, 27 маусым күні Дания Корольдік театрынан үздік бишілерді Қазақстанға арнайы шақырып, «Nomad Ballet Project» деп аталатын жобам аясында үлкен шара ұйымдастырдым. Бұл –  Дания Корольдік театрының Қазақстанға алғашқы келуі еді. Бұл тарихи сәт болды. Мен осы жобаның ұйымдастырушысы ретінде 10 үздік бишіні арнайы шақырттым. Сонымен қатар, Алматы хореография училищесінің студенттеріне арналған тегін шеберлік сабақтарын өткізу үшін  әлемдік сахнада Бурнонвиль техникасын алғаш қоюшы, үйретуші маман Динна Бьорн шақырылды. Бұл менің ұйымдастырушы ретінде өткізген алғашқы ірі жобам болды. Ол ойдағыдай, сәтті өтті. Алматы театрында аншлаг болды, көрермендер жылы қабылдады. Көптеген ақпарат құралдары, журналистер бұл шара жайлы мақала жариялап, оң пікір білдірді. Ендігі мақсатым – осындай жобаларды Қазақстанда жиі өткізу. Өзім шетелде жинаған тәжірибем мен білімімді елге әкеліп, оны жастармен бөліскім келеді. Себебі менің басты арманым –  Еуропаның үздік хореографтарымен, балетмейстерлерімен, бишілерімен жұмыс істеу арқылы жинаған материалдарымды туған елге жеткізу. Бүгінде Еуропада көп нәрсе үйрендім. Сол жерде балет өнері қалай жүйелі дамып жатқанын көрдім, байқадым. Енді сол жүйенің жақсы жақтарын елімізге алып келіп, еліміздің өнер кеңістігіне өз үлесімді қосқым келеді. Жас болсын, ересек болсын –  тәжірибемді бөлісуге әрдайым дайынмын.

–  Сұқбат бергеніңіз үшін рақмет!

Диана БАҚЫТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button