Аудан жаңалықтары

ЖАТ МАЙДАННЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ШЕТЕЛ ҚАҚТЫҒЫСТАРЫНА ҚАТЫСУЫ МЕН ОНЫҢ САЛДАРЫ

Қазіргі кезеңде әлемдік қауіпсіздік кеңістігі барған сайын күрделеніп келеді. Әсіресе, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қазақстандық азаматтардың тартылуы ұлттық қауіпсіздікке төнген өзекті қатерлердің бірі болып отыр. Бұл құбылыс тек жеке адамдардың тағдырына ғана емес, бүкіл қоғамға әлеуметтік, құқықтық және саяси салдарларын тигізуде. Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысудың артында деструктивті идеология, жалған уәделер және радикалды ағымдардың ықпалы жатыр. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы, заңнаманың жетілдірілуі және қоғамның ақпараттық иммунитетін күшейту айрықша маңызға ие. Осы тақырып аясында Іле ауданы прокуратурасының прокуроры Раимбек Ержанұлы Акбиюмовпен болған сұхбат барысында азаматтардың шетелдік қақтығыстарға кету себептері, олардың елге оралғандағы құқықтық жағдайы, сондай-ақ алдын алу шаралары мен заңнамалық бастамалар туралы сөз қозғалды.

– Раимбек Ержанұлы, азаматтардың шетелдік қарулы қақтығыстарға кетуінің негізгі себептері қандай?
– Бұл құбылыс көбіне теріс идеологияның ықпалынан, материалдық мүддеге ұмтылыстан, діни радикалданудан және қоғамдағы әлеуметтік тұрақсыздық факторларынан туындайды. Кейбір азаматтар жалған уәделерге сеніп, өз өмірін қатерге тігіп қана қоймай, отбасылық және қоғамдық байланыстарынан да ажырап қалады.

– Көбіне қазақстандықтарды қай қарулы қақтығыс аймақтарына баруға үгіттеу әрекеттері тіркелген?
– Негізінен Таяу Шығыс пен Азия аймағындағы қарулы қақтығыс ошақтарына бағытталған әрекеттер анықталды. Вербовка үдерісі жасырын түрде, көбіне әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы жүргізілгені байқалады.

– Қазақстан азаматтарының шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысуы қаншалықты жиі тіркеледі?
– Мұндай фактілер жекелеген сипатқа ие. Дегенмен әрбір жағдай елдің конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер болып саналады. Әсіресе, мұндай оқиғалар қоғамда радикалды көзқарастардың таралуына ықпал етіп, жастарға теріс үлгі көрсету қаупін тудырады.

– Қазақстан заңнамасы бойынша шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқандар қандай қылмыстық жазаға тартылады?
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде қарастырылады. Атап айтқанда, 170-бап («Жалдамалылық») пен 172-бап («Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу») негізінде жауапкершілік көзделген. Егер азамат қарулы қақтығыстарға қатысқаны дәлелденсе, ол 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Егер іс-әрекеттердің қоғамдық қауіптілігі аса жоғары болса немесе басқа ауырлататын жағдайлар анықталса, сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін. Сонымен қатар, қосымша санкциялар ретінде мүлкін тәркілеу және Қазақстан азаматтығынан айыру шаралары да қолданылуы ықтимал. Яғни, заң шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуды тек жеке адам үшін ғана емес, жалпы ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп бағалайды.

– Мұндай істерді тергеуде прокуратураның нақты рөлі қандай?

– Прокуратураның басты міндеті – заңдылықтың қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Атап айтқанда, ол сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығына қадағалау жүргізеді, яғни тергеу органдарының барлық әрекеттері Конституция мен заң талаптарына сай болуын бақылайды. Бұдан бөлек, прокуратура алдын алу бағытын да назардан тыс қалдырмайды: құқық қорғау органдарын, мемлекеттік мекемелерді және қоғамдық ұйымдарды үйлестіре отырып, профилактикалық шаралар жүргізеді, яғни азаматтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға тартудың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады. Осылайша, прокуратура тек қылмыстық қудалауды жүзеге асырып қана қоймай, мұндай қауіпті құбылыстардың қайталануын болдырмау үшін кешенді жұмыс атқарады.

– Қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтар елге оралса, оларға қатысты қандай шаралар қабылданады?
– Егер олардың іс-әрекетінде қылмыстық құрам анықталса, олар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда сот әділ жаза тағайындайды. Ал егер жалдамалылық немесе өзге де ауыр қылмыс белгілері табылмаса, мұндай азаматтарға қоғамға қайта бейімделуіне көмек көрсету үшін әлеуметтік бейімдеу және оңалту іс-шаралары жүргізіледі. Бұл олардың радикалды көзқарастан арылып, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.

– Мұндай істерді анықтауда құқық қорғау органдары қандай қиындықтарға тап болады?
– Негізгі қиындық – бұл құбылыстың трансұлттық сипаты. Шетелдік қарулы қақтығыстарға үгіттеп тарту көбіне жасырын түрде жүргізіледі, интернет-платформаларда жалған аккаунттар мен анонимді арналар пайдаланылады. Соның салдарынан кінәлілерді нақты сәйкестендіру, олардың іс-әрекеттеріне дәлелдеме жинау өте күрделі үдеріс болып табылады.

– Соңғы жылдары қазақстандықтарды шетелдегі қарулы қақтығыстарға шақыру немесе үгіттеу әрекеттері қаншалықты жиі тіркелді?
– Мұндай жағдайлар жекелеген эпизодтар түрінде тіркелген. Көбіне әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен жабық интернет-қауымдастықтар арқылы жүргізілген. Вербовка жасырын түрде, азаматтардың сеніміне кіріп, жалған уәделер беру арқылы жүзеге асқанын байқаймыз.

– Қазақстан азаматтарының өзге майдандық соғыстарға қатысуы еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қандай салдар әкелуі мүмкін?
–Бұл құбылыс ең алдымен елдің ішкі қоғамдық-саяси тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Мұндай фактілер Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіреді және мемлекетті экстремизм мен терроризм ошақтарының таралу қаупіне ұшыратады. Шетелде қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтар елге оралғаннан кейін радикалды көзқарастарды тарататын орта қалыптастыруы мүмкін, бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді.

– Азаматтарды мұндай заңсыз әрекеттерден сақтау үшін қандай профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр?
– Қазіргі таңда жастар арасында жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қоғамда радикалды идеологияның таралуына жол бермеу мақсатында діни бірлестіктермен және білім беру ұйымдарымен бірлескен іс-қимыл жолға қойылған. Бұған қоса, құқық қорғау және арнайы органдар азаматтарды теріс ағымдардың ықпалынан қорғау үшін кешенді профилактикалық шараларды жүзеге асыруда.

– Қауіп топтарына кіретін азаматтарды дер кезінде анықтаудың қандай жолдары бар?
– Бұл бағытта интернет кеңістігін тұрақты мониторингтеу, ақпараттық ағындарды талдау, сондай-ақ ішкі істер органдары, діни ұйымдар және әлеуметтік қызметтермен бірлесе жұмыс істеу негізгі құрал болып табылады. Осындай өзара іс-қимыл арқылы қоғамға қауіп төндіруі мүмкін тұлғаларды ерте кезеңде анықтап, олардың теріс жолға түсуінің алдын алуға мүмкіндік бар.

Тәжірибеңізде осындай жағдайлармен жұмыс істеген сәттеріңіз болды ма?
– Иә, атап айтсам, 2024 жылы Сирия аумағында қарулы қақтығыс аймағында болған Қазақстан азаматына қатысты іс тіркелді. Ол деструктивті идеологиялық ықпалға еріп, материалдық уәделерге сеніп шетелге кеткен. Алайда іс жүзінде ол ауыр психологиялық қысымға ұшырап, өміріне елеулі қауіп төндірді. Алған ақпараттарының жалған екені анықталды. Елімізге оралғаннан кейін ол әлеуметтік және құқықтық зардаптарға тап болып, бұл оның кейінгі тағдырына кері әсер етті. Бұл мысал – шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысудың азаматтың жеке өміріне ғана емес, жалпы қоғам үшін де аса қауіпті екенін дәлелдейді. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жүйелі профилактикалық жұмыс пен заңнамалық тетіктерді жетілдіру қажеттігі айқын көрініп отыр.

– Алдағы уақытта осы қылмыстардың алдын алу үшін заңнамада қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, шетелдік қарулы қақтығыстарға үгіттеу және вербовка үшін жауаптылықты қатаңдату қажет. Қазіргі заманның негізгі алаңы интернет, сондықтан цифрлық ортаға бақылау өкілеттігін кеңейту де үлкен мәнге ие. Бұған қоса, мұндай құбылыстардың трансұлттық сипатын ескерсек, халықаралық серіктестермен бірлескен іс-қимылсыз бұл қатерлерді еңсеру мүмкін емес. Сондықтан халықаралық ынтымақтастықты күшейту заңнаманы жетілдірудің басты бағыттарының бірі деп есептеймін.

–Сұқбат бергеніңіз үшін рақмет!

 

Диана БАҚЫТҚЫЗЫ

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button