Без рубрики

Волейболдан Аудандық Қысқы ашық біріншілік өтті

2026 жылдың 14 ақпанында №42 орта мектеп базасында 2013–2014 жылы туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан Іле ауданының Қысқы ашық біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Жарыс салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Ашылу рәсімінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нурбосынов Ергазы Нуртаевич құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың ресми түрде басталғанын жариялады.
Біріншілікке Іле ауданынан Ащыбұлақ ауылының №29 мектебі, Аманат ауылының №42 мектебі, А. Тоқпанов ауылының №6 мектебі, Байкент ауылының №45 мектебі және Алматы қаласынан №204 мектептің «Фаворит» және «Саялы» командалары қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Тартысқа толы өткен кездесулер нәтижесінде І орынды Аманат ауылының №42 мектеп командасы жеңіп алды. ІІ орын №204 мектептің «Фаворит» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Ащыбұлақ ауылының №29 мектеп командасы иеленді.
Жарыс барысында ерекше шеберлігімен көзге түскен ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. Үздік ойыншы аталымын Қалымжан Мадина иеленді. Үздік қорғаушы номинациялары Құрмаш Жұлдыз бен Еркебаева Айаруға табысталды. Үздік үйлестіруші болып Жаңабай Еркежан мен Ерғазықызы Кәусар танылды. Үздік шабуылшы атағы Тұрғанбай Жания мен Бауыржан Жасминаға берілді. Сонымен қатар ерекше ойын өрнегімен көрермен көзайымына айналған бірқатар спортшылар волейбол статуэткаларымен марапатталды.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас спортшыларға мол тәжірибе мен үлкен серпін сыйлады. Аталған спорттық шара салауатты өмір салтын насихаттап, оқушылардың волейболға деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосты.

42 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Сейітқазин Миржан Оралқанұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button