Без рубрики

Марат Сұлтанғазиев: «Заң үстемдігі – тұрақты дамудың кепілі»

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «ДАМУ» индустриялық-логистикалық орталығының еңбек ұжымымен мазмұнды әрі ашық форматта кездесу өткізіп, «Әділетті заң – тұрақты мемлекет негізі» тақырыбында кеңінен пікір алмасты. Басқосу барысында заң үстемдігін нығайту, әділетті қоғам құру және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесуде өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты ел дамуының стратегиялық бағдары екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, құқық үстемдік еткен қоғамда кәсіпкерлік еркін дамып, инвестициялық ахуал жақсарып, халықтың мемлекетке деген сенімі арта түседі.
– Заңға бағыну – тек міндет қана емес, өркениетті қоғамның айқын көрсеткіші. Әділеттілік салтанат құрған елде тұрақтылық пен бірлік берік орнығады, – деді өңір басшысы.
Айта кету керек, «ДАМУ» индустриялық-логистикалық орталығы – Орталық Азия кеңістігіндегі бірегей жобалардың бірі, еліміздегі алғашқы жеке индустриялық-логистикалық аймақтардың қатарында. Бүгінде мұнда 300-ге жуық маман еңбек етіп, өңір экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әкім әрбір мәселені назарға алып, нақты жауаптар берді.
Сонымен қатар жиында биылғы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның маңызына ерекше тоқталды. Облыс әкімі әр азаматтың дауысы ел болашағын айқындайтын маңызды қадам екенін айтып, тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
Кездесу ашық диалог, еркін пікір алмасу форматында өтіп, заң үстемдігін нығайту, демократиялық құндылықтарды дамыту және қоғамдағы өзара сенімді арттыру бағытындағы ортақ мақсаттармен түйінделді.
Бұл басқосу – билік пен қоғам арасындағы байланыс нығая түскенінің, әділетті әрі жауапты мемлекет құру жолындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button