АЩЫБҰЛАҚТАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР – ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫНЫҢ НАҚТЫ КӨРІНІСІ

«Тазалық – тәртіптің бастауы, ал тәртіп – өркениетті қоғамның негізі». Бұл қағида бүгінде әрбір елдімекеннің даму бағдарына айналып отыр. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кезекті науқан ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті арттыруға үндейтін ауқымды қозғалыс. Акцияның басты мақсаты – әр азаматтың туған жерге деген жанашырлығын оятып, заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру.
«Туған жердің тазалығы – әр азаматтың парасаттылығының өлшемі» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, Ащыбұлақ ауылдық округінде акция басталғалы бері жүйелі әрі нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Табиғатты қорғау, елдімекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауыл тұрғындарының ортақ жауапкершілігі мен ұйымшылдығын айқын көрсетуде.
Жыл басынан бері округте 20 сенбілік өткізіліп, оған 10 350 тұрғын белсене қатысты. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншіліктің сөзбен емес, нақты іспен дәлелденіп жатқанын көрсететін жарқын мысал. Әрбір сенбілік – ауылдың көркеюіне қосылған үлес, әрбір тазаланған көше – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің айғағы.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, акцияға округтің ірі кәсіпорындары мен демалыс орындары белсене қатысты. Атап айтқанда, «Первый Пивзавод» ЖШС, «Hoffman Alluminium» кәсіпорны, «Первомайские пруды» демалыс аймағы және «Тортуга» демалыс аймағының ұжымдары тағы басқа мекмемелер қоршаған ортаны тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты. Нәтижесінде көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, жол жиектері ретке келтірілді, арық жүйелері тазаланып, қоқыс орындары жойылды. Бұл жұмыстар тек сыртқы келбетті көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да оң ықпалын тигізуде.
Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. «Бір тал кессең – он тал ек» деген халық даналығы бүгінде өзінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеуде. Осы қағиданы ұстана отырып, округ тұрғындары мен мекемелер ауыл аумағында 3700 түп көшет отырғызды. Оның ішінде 200 шырша, 2500 терек және 1000 қарағаш егілді.
Әрбір көшет – болашаққа қалдырылған аманат. Жасыл желек – табиғаттың сәні ғана емес, адам денсаулығының кепілі. Сондықтан көгалдандыру жұмыстары ауылдың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, келешек ұрпаққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға қызмет етеді. Бүгін егілген ағаш ертең ауылдың саясына, тұрғындардың мақтанышына айналмақ.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» дегендей, әрбір тұрғын өз ауласының, өз көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарағанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткізуге болады. Осы мақсатта тазалық жұмыстарын ұйымдастыру үшін биыл 30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, 65 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен бірге 35 көше тазартылып, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді.
Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қоршаған ортаны қорғау, қоқысты белгіленген орындарға шығару, қоғамдық орындарды таза ұстау жөніндегі ақпараттық жұмыстар тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға ықпал етуде. Себебі тазалық – бір күндік шара емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты Ащыбұлақ ауылдық округінде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді. Заңның үстемдігі – әділетті қоғамның басты кепілі. Осыған сәйкес санитарлық талаптарды сақтамаған 342 тұрғын үй иесіне ескерту қағаздары табысталды. Бұл – жазалау емес, ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған профилактикалық шара.
Бұл көрсеткіштер заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады. Заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Ал тәртіпке бағынған қоғамда тазалық та, тұрақтылық та орнығады.
Округімізде заңсыз қоқыс төгуге жол бермеу, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және абаттандыру қағидаларын орындау бағытында тұрақты бақылау жүргізілуде. Профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындармен түсіндіру кездесулері өткізіліп келеді. Мұндай жұмыстар құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың заңға деген құрметін арттыруға ықпал етуде.
Ең бастысы – бұл бастамалардың барлығы халықтың белсенді қолдауына ие болып отыр. Округімізде жастар, еріктілер, жергілікті қоғамдастық мүшелері, ақсақалдар, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен қарапайым тұрғындардың ортақ іске жұмыла атсалысуы азаматтық жауапкершіліктің жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетеді.
«Таза Қазақстан» – бұл тек сенбілік емес, бұл – өмір салты. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғатқа деген жанашырлық, заңға деген құрмет және қоғам алдындағы жауапкершілік.
Ащыбұлақ ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар осының нақты дәлелі. Таза көше – тұрғындардың мәдениеті, жайқалған жасыл желек – елдің болашағы, ал заң мен тәртіп – тұрақты дамудың берік кепілі. Сондықтан туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
«Болашақ бүгіннен басталады» десек, бүгінгі тазалық пен тәртіп – ертеңгі гүлденген ауылдың, көркейген елдің және экологиялық қауіпсіз қоғамның негізі. Ащыбұлақтағы игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, туған жердің ажарын аша түсетініне, тұрғындардың бірлігі мен жауапкершілігі нығая беретініне сенімім мол.
Б. Қасымбеков,
Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі



