Меншік құқығы қалай қорғалады?

Дамыған және өркениетті әрбір мемлекет меншік құқығының қорғалуын әрқашанда басты назарда ұстайды. Меншіктің қорғалуы әрбір мемлекеттің негізгі заңымен, яғни Конституциясымен бекітіледі. Осындай жағдай біздің мемлекетте де қалыптасқан.
Әр елдің Конституциясы сол елдің негізгі заңы ретінде басқа заңдардың қабылдануына бағыт-бағдар беруші акт болып табылады және басқа заңдар оған қайшы болмауға тиіс.
Еліміздің Конституциясының 26-бабының үшінші тармағына сәйкес соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 260-бабына сәйкес меншік иесі өзгеден заңсыз иеленген өз мүлкін талап етуге құқылы. Сонымен қоса, осы кодекстің 264-бабына сәйкес меншік иесі өз құқықтарының бұзылуы иеліктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.
Кез келген меншік негізінен осы екі тәртіппен, яғни екі түрлі талап қою арқылы қорғалуға жатады. Біріншісін виндикациялық, екіншісін негаторлық талап қою тәртібі деп атайды. Соңғы кезде ғалымдар меншік құқығын қорғаудың тағы бір жолы бар, ол мүлікке меншік құқығын тану болып табылады деп көрсетеді, яғни адам сотқа жүгіну арқылы өзінің иелігіндегі мүлікке меншік құқығын тануды сұрай алады.
Виндикациялық тәртіпте меншік құқығын қорғау мүлікті нақтылай иеленушіден талап етіп алу болып табылады, яғни мүлікті заңсыз иеленуші оны меншік иесіне қайтаруға тиіс. Бұл тәртіппен мүлікті алып беру мүлік бар болған жағдайда ғана жүргізіледі. Мүлік болмаған жағдайда оны алып беру мүмкін емес, сондықтан бұндай жағдайда меншік иесі мүліктің құнын өндіре алады.



