Без рубрики

Креативті экономика туралы заң мен киноға рибейт: индустрия өкілдері «Әділет» партиясына ұсыныстарын жеткізді

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматы облысында кино, музыка, медиа және креативті бизнес өкілдерімен кездесті. Dala Edge креативті-технологиялық паркінде өткен жиынға индустрияның 100-ден астам өкілі қатысты.

Кездесу басталар алдында «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай шамамен 20 гектар аумақты алып жатқан кешеннің инфрақұрылымымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда New York Film Academy кампусы дамып, павильондары бар Dala Stage түсірілім кешені салынып жатыр. Алдағы уақытта мұнда Джеки Чанның қатысуымен халықаралық «Құдайлар сауыт-сайманы 4» жобасын түсіру жоспарланған. Кешен құрамына Dala Avenue бизнес алаңы мен 10 мың студентке арналған жаңа университет кампусы да кіреді.

Жиын барысында креативті индустрияны дамыту, мамандар даярлау, кино өндірісін қолдау, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, салық салу және отандық креативті өнімдерді халықаралық нарыққа шығару мәселелері талқыланды.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай креативті индустрияларды дамыту Мемлекет басшысының стратегиялық бағытымен сабақтас екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын Президенттің тапсырмасымен «DARA» Президент бастамалары қоры арқылы байқау ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша 20-ға жуық қазақстандық АҚШ-тағы New York Film Academy-де білім алуға мүмкіндік алған. Бүгінде академияның кампусы Алматыда жұмыс істеп тұр.

«Мұндай академияның Қазақстанда филиалы ашылуы бізге үлкен мүмкіндік береді. Бұл – жастарды дамыту ғана емес, креативті индустрия өнімдерін экспорттаудың да орасан зор әлеуеті. Президенттің тапсырмасымен 17 өңір мен үш мегаполисте 20 креативті хаб ашылды. Партия бағдарламасында үш жыл ішінде елдің жалпы ішкі өніміндегі креативті экономиканың үлесін 3 пайызға жеткізу мақсаты қарастырылған», – деді Айбек Дәдебай.

Ол бұл бағытта саланың дамуына қажетті заңнамалық және экономикалық жағдай қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Dala Edge Creative Tech Park тең құрылтайшысы Данат Жұмин креативті экономиканы жүйелі түрде дамыту мәселелеріне назар аударып, сала өкілдерінің нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Salem Entertainment бас продюсері Орынбасар Құдайбергенов Қазақстанда рибейт механизмін енгізуді ұсынды. Бұл – елімізде фильм түсіретін шетелдік кинокомпаниялардың шығындарының белгілі бір бөлігін қайтаруға мүмкіндік беретін тетік.

Tolqyn Film Fund бас директоры Ернар Құрмашев кино билеттерін есепке алудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру бастамасын көтерді. Сонымен қатар аудиовизуалды туындыларға құқықтардың цифрлық тізімін қалыптастыру және пираттық контентті сотқа дейін жедел бұғаттау тетігін енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Cubic студиясының продюсері Анна Расщепко креативті индустрия өкілдеріне түсетін салық жүктемесі мәселесіне тоқталды.

Музыкалық продюсер Ерболат Беделхан саланың құқықтық мәртебесін, қолдау тетіктерін, зияткерлік меншік пен экспорт мәселелерін бір жүйеге келтіретін «Креативті экономика туралы» жеке заң әзірлеуді ұсынды.

Қазақстанның Креативті индустриялар альянсының президенті Давид Туганов салық салу, білім беру және экспорт салаларындағы шешімдерді үйлестіру мақсатында креативті индустрияларды дамыту жөніндегі ведомствоаралық кеңес құру туралы ұсынысын жеткізді.

Кездесу қорытындысында креативті индустрияны дамытуға қатысты ұсыныстарды сараптамалық тұрғыда қарастыру және сала өкілдерімен бірлескен жұмысты жалғастыру мәселелері айтылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button