Без рубрики

JASTAR CAMP: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 500-ГЕ ЖУЫҚ ЖАС БАС ҚОСТЫ

Алматы облысында өтіп жатқан JASTAR CAMP жастар лагеріне Қазақстанның барлық өңірінен 500-ге жуық жас жиналды. Лагерь аясындағы «Әділетті Қазақстан» алаңында қатысушылар «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы өкілдерімен кездесті. Жиында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, білім беру, цифрландыру және қоғамдық өмірге қатысу мәселелері талқыланды.

Кездесуде «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай жастарға білім алуға, еңбек нарығында өз орнын табуға, кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға және қоғамдық үдерістерге қатысуға мүмкіндік беретін тетіктерді дамыту мәселесіне тоқталды.

Сонымен қатар цифрлық технологияларды қоғамдық коммуникацияда пайдалану тақырыбы қозғалды. Айбек Дәдебайдың айтуынша, «Әділет» партиясында тіркелу, азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарын жинау онлайн форматта жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта платформаның веб-нұсқасы жұмыс істеп тұр, мобильді қосымшасы әзірленуде. Алдағы уақытта келіп түсетін ақпаратты жүйелеу мен талдауда жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланып отыр.

«Алдағы уақытта келіп түсетін ұсыныстар мен сұрақтар жасанды интеллект көмегімен өңделеді. Президент болашақ Құрылтай Big Data-ны қолдану керектігін айтты. Бұл маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмай, қабылданатын шешімдердің салдарын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Мұнда жастардың рөлі ерекше», – деді Айбек Дәдебай.

Кездесу барысында жастардың қоғамдық өмірге араласуы, азаматтық жауапкершілік, заң үстемдігі, адам құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау мәселелері де сөз болды.

Одан кейін JASTAR CAMP қатысушылары өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Жас кәсіпкерлер, журналистер, педагогтер және қоғамдық сала өкілдері өз бағыттарындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Кәсіпкер әрі инфлюенсер Әділ Тасболатов орта бизнесті дамыту және цифрландыру мәселесін көтерді. Ол кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы қызметтерді цифрлық форматқа көшіру, бизнесті іске қосу рәсімдерін жеңілдету және көптеген қызметті онлайн алуға мүмкіндік беру жастар кәсіпкерлігін дамытуға ықпал ететінін айтты.

Abay Life бас редакторы Балжан Ерланқызы жастарды ауылдық жерлерде жұмыспен қамту және «Дипломмен – ауылға» жобасының мүмкіндіктеріне тоқталды. Талғар ауданы Панфилово ауылының №17 мектебінің мұғалімі Мария Сеп кітап оқу мәдениеті мен ұлттық құндылықтар мәселесін көтерді. Тележүргізуші Дарын Олжабай жастардың атынан бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«Әділет» партиясы жастар қанатының төрайымы Ақерке Ескендірова лагерь бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып, JASTAR CAMP жастардың пікір алмасуына, тәжірибе бөлісуіне және өз ұсыныстарын ортаға салуына арналған алаң екенін атап өтті. Кездесуге дейін қатысушылар стратегиялық сессияларға қатысып, жастардың қоғамдық бастамалардағы рөлі мен өзекті мәселелерді талқылады.

JASTAR CAMP Алматы облысында 12–14 тамыз аралығында өтуде. Үш күндік бағдарлама аясында көшбасшылық, коммуникация, командалық жұмыс, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық белсенділік бағыттары бойынша практикалық сессиялар ұйымдастырылған.

Лагерь аумағында жастар өз идеялары мен пікірлерін жеткізе алатын арнайы алаңдар да жұмыс істейді. «Әділ Podcast» медиа-аймағында қатысушылар білім беру, мансап, кәсіпкерлік, жастар саясаты және елдің болашағына қатысты тақырыптарды талқылауда.

JASTAR CAMP аясындағы кездесулер жастардың түрлі сала өкілдерімен ашық пікір алмасуына, тәжірибе бөлісуіне және білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік пен цифрландыру бағыттарындағы ұсыныстарын ортаға салуына мүмкіндік берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button