Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

🔹ТІЛ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ АЙНАСЫ: ІЛЕ АУДАНЫНДА ТІЛДЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

Іле ауданында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мерекелік шара өтті. Жиында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы дәріптеліп, тіл саласының дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Қазақстан халқының тілдері күні қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 5 қыркүйекте атап өтіледі. Осыған орай мерекелік шарада ұлт ұстазының қазақ тілі мен ғылымының дамуына қосқан еңбегіне ерекше назар аударылды.

Жиынға Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов қатысып, тілдің ұлттық болмысты сақтаудағы және қоғамдағы бірлікті нығайтудағы маңызына тоқталды.

Шара аясында Ахмет Байтұрсынұлына арналған арнайы кабинет таныстырылды. Мұнда ағартушының өмірі мен шығармашылығына, қазақ әліпбиі мен тіл білімін дамытудағы еңбегіне қатысты материалдар жинақталған. Кабинет ғалымның мұрасын оқушыларға кеңінен таныстыруға бағытталған.

Оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның шығармашылығынан үзінділер ұсынды.

Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, оның қолданылу аясын кеңейтуге және тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген бірқатар азамат Іле ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Қазақстан халқының тілдері күні – елдегі тілдерге құрметті арттырып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызын айшықтайтын мереке. Ал Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы қазақ тіл білімі мен ұлттық ағартушылық тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button