
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы келіссөз аясында Камбоджа Премьер-министрі Хун Манеттің Қазақстанға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға жол ашатынын және ортақ ниетті нақты іске ұластыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қазақстан мен Камбоджаның халықаралық аренада, соның ішінде БҰҰ жанындағы екі елдің тұрақты өкілдіктерінің қызметі аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанын атап өтті. Президент БҰҰ Бас ассамблеясының күн тәртібіндегі бірқатар мәселе бойынша Қазақстанның бастамаларына Камбоджаның қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің басшылығымен Камбоджа әлеуметтік-экономикалық табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджа Үкіметінің Cambodia Vision 2050 және Pentagonal Strategy бағдарламаларында межеленген ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру бағытындағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.



