ІЛЕ АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Іле ауданында Республика күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
23 қазан күні Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға аудан басшылығы, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері және ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген 300-ден астам азамат қатысты.
Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты жиын ел бірлігін нығайтуға, отансүйгіштік рухты көтеруге және тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұлықтауға бағытталды.
Мерекелік шара қонақтарға ұсынылған тақырыптық бейнероликпен басталды. Одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде енгізіліп, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Бұл сәт жиналған қауымға ерекше рух беріп, елдік пен егемендіктің мәнін терең сезінуге мүмкіндік сыйлады.
Салтанатты жиында аудан әкімі тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, өңірдің өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтарға алғыс білдірілді.
Мерекелік жиын барысында Іле ауданының дамуына елеулі үлес қосқан 20-ға жуық азамат түрлі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында өз саласында табанды еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқарып жүрген азаматтар бар. Бұл – адал еңбекке көрсетілген құрмет пен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі дәстүрдің көрінісі.
Шара аясында Республика күніне және «Кітап оқитын ұлт» жобасына арналған кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған әдебиеттер оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және рухани мәдениетті дамытуға бағытталды.
Мерекелік бағдарламаның көркемдік бөлігі де көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Салтанатты жиын театрландырылған көрініспен, «Ұлы дала сарыны» атты композициялық қойылыммен және концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздардың патриоттық әндері мен сахналық қойылымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық рухты асқақтатты. Концерттік бағдарламада қазақ эстрадасының танымал орындаушылары Абай Бегей, Мирас пен Құралайдың өнер көрсетуі мерекенің көркін аша түсті.
Республика күні – мемлекеттігіміздің нығаюын, елдігіміздің бекемдігін және ортақ мақсат жолындағы бірлігімізді айқындайтын маңызды мереке. Ал Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – азат елдің жетістіктерін бағалап, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін тарихи белес.
Іле ауданында өткен салтанатты жиын тұрғындардың патриоттық сезімін нығайтып, елге қызмет етудің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Мерекеге қатысқан тұрғындар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ұлттық мерекенің жоғары деңгейде аталып өтуіне оң бағаларын берді.
Елдің еңсесін көтеретін мұндай шаралар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!



