Аудан жаңалықтарыБасты ақпарат

ІЛЕ АУДАНЫНДА БІР ЖЫЛДА 38 ЖАҢА БАЛАЛАР ЖӘНЕ СПОРТ АЛАҢЫ САЛЫНДЫ

Алматы облысының Іле ауданында балалар мен спорт алаңдарының саны артып, жаңа демалыс орындары ашылуда. 2026 жылы аудандағы балалар алаңдарының саны 121-ге, спорт алаңдарының саны 69-ға жетті. Бұл туралы аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, соңғы жылдары елді мекендерді абаттандыруға, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Мәселен, 2025 жылы Іле ауданында 98 балалар және 54 спорт алаңы болған. Ал биыл бұл көрсеткіш тиісінше 121 және 69-ға жеткен. Осылайша, бір жылдың ішінде балалар алаңдарының саны 23-ке, спорт алаңдарының саны 15-ке артқан.

Биыл жүзеге асырылған жобалардың бірі – Өтеген батыр ауылындағы Титов көшесінің бойында салынған жаңа аллея. Жалпы аумағы 3 500 шаршы метрді құрайтын қоғамдық кеңістікте балалар ойын алаңы, воркаут аймағы, шахмат және үстел теннисіне арналған орындар қарастырылған.

Абаттандыру жұмыстары келесі жылы да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, 2027 жылы Боралдай кентінде екі, Көкқайнар ауылында бір қоғамдық демалыс аймағын абаттандыру жоспарланып отыр. Үш жобаның жалпы аумағы 7,5 гектарды құрайды.

Жоспарға сәйкес, аталған аумақтарда жасыл желектер отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолдары мен жарықтандыру жүйелері жаңартылады. Сондай-ақ балалар ойын және спорт алаңдары абаттандырылады.

«Біз үшін тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру тек жол салу немесе инфрақұрылымды жаңартумен шектелмейді. Әрбір елді мекенде отбасымен демалатын, балалар ойнайтын, жастар спортпен айналысатын орындар болуы тиіс. Біздің мақсатымыз – адамдар тек тұратын емес, өмір сүруге қолайлы аудан қалыптастыру», – деді Қайыржан Жақсымбетов.

Аудан әкімінің айтуынша, қоғамдық демалыс орындарына тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған байланысты алдағы уақытта да елді мекендерде жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру және қолданыстағы демалыс аймақтарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button