Конституция және экологиялық жауапкершілік: таза қоғам – саналы ұрпақтан басталады

Қазіргі қоғамда қоршаған ортаны қорғау мәселесі тек экологиялық салаға қатысты міндет емес, ол азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық мәдениеттің маңызды көрсеткішіне айналды. Табиғатты сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және келешек ұрпаққа қолайлы өмір сүру ортасын қалдыру – баршаға ортақ міндет.
Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекет пен азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға қатысты жауапкершілігі айқындалған. Атап айтқанда, Конституцияның 38-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті екені көрсетілген.
Бұл норма әрбір адамның күнделікті өмірдегі әрекетінен басталатын экологиялық мәдениеттің маңызын айқындайды. Қоқысты белгіленбеген орындарға тастамау, су мен электр энергиясын үнемдеу, жасыл желектерді күтіп-баптау секілді қарапайым әрекеттердің өзі қоршаған ортаны қорғауға қосылған үлес болып саналады.
Бүгінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да осы жауапкершілікті қоғам санасына сіңіруге бағытталған. Мұндай бастамалардың нәтижелі болуы тек ұйымдастырылған сенбіліктермен немесе тазалық шараларымен шектелмеуі керек. Ең бастысы – әрбір азаматтың табиғатқа деген көзқарасы мен күнделікті дағдысының өзгеруі.
Менің ойымша, экологиялық мәдениет – заң талаптарын орындаудан да кең ұғым. Ол адамның туған жеріне деген құрметінен, қоғамдық ортаға жанашырлығынан және болашақ алдындағы жауапкершілігін сезінуінен көрінеді.
Таза қоршаған орта – тек бүгінгі ұрпақтың игілігі емес, келешек алдындағы аманат. Сондықтан табиғатты қорғау конституциялық міндет қана емес, әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.



