Ана аманаты – ұлт болашағы: Іле ауданында Аналар алқасы жылды қорытындылады

Іле ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында «Ана аманаты – ұлт болашағы» тақырыбымен аудандық Аналар алқасының 2026 жылғы есептік жиыны өтті. Басқосуды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлішер Нұрасыл жүргізді.
Жиынның өзегі отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, жас ұрпақ тәрбиесі және қоғамдағы аналардың рөлін арттыру мәселелеріне арналды. Шараға ақсақалдар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар мен мектеп оқушылары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі бағыттар жан-жақты талқыланды. Алматы облыстық Аналар алқасының төрайымы Гүлнар Жошыбаева өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы аналар алқаларының орнын атап өтті. Іле аудандық Аналар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Мейрамкүл Жабиева алқаның 2026 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Сондай-ақ Іле аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсат Сейдалиев ұрпақ тәрбиесіндегі әке жауапкершілігі мен отбасылық сабақтастыққа назар аударса, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ аға сарапшысы Айдана Бектұр қоғамдық институттардың өзара іс-қимылы туралы ой қозғады. Ауылдық жердегі тәрбие мен салт-дәстүрді дәріптеу тәжірибесімен Күрті ауылдық округі Аналар алқасының төрағасы Гүлнар Ахметбаева бөлісті. Ал Отбасын қолдау орталығының заңгер маманы Тансу Серікқызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және отбасында қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында құқықтық түсіндірме жүргізді.
- Жиын соңында қоғамдық өмірге белсене қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген алқа мүшелері мен азаматтар марапатталды. Айтылған ұсыныстар алдағы жұмыс жоспарына негіз болмақ.



