Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамРухани ЖаңғыруҰлы даланың жеті қыры
ЖЕТІСУ ЖАҚҰТЫ – ЖАСЫЛКӨЛ
03.09.2019
685
-
Дархан даласының жеті қырында гүрілдей аққан өзенінде бал дәмі бар, қара топырағында кешегі тарихтың ізі бар, белдерінде көк аспанмен таласқан заңғар таулары бар киелі Жетісу мекені «Жер жаннаты» емей немене?! Сондай жақұттың бірі – Жетісу Алатауындағы Жасылкөл көлі. Лепсі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 23 км шамасында орналасқан тұмса табиғатты көзбен көру үшін ақпараттық туры ұйымдастырылды. Шараның өтуіне облыстық туризм басқармасы мемлекеттік мекемесінің облыстық туризм және ақпараттық қызмет көрсету орталығы МКҚК ұйытқы болды.
Теңіз деңгейінен 1630 метр биіктікте орналасқан Жасылкөлге жетудің өзі қиямет. «Жалаңашкөл» орман шаруашылығынан 17 км шақырым жаяу, тауды қиялап өтіп, әзер дегенде жетеді. Соның өзіне қарамастан, биылдың өзінде мұнда 500-ге жуық турист демалған. Тіпті кейбірі көлдің басында 2-3 түнеп, табиғатпен үндестікте болатын көрінеді.
«Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ақпараттандыру бөлімінің маманы Айдана Тұрысбекованың айтуынша, көл өткен ғасырдың орта тұсында жер сілкінісінен кейін пайда болған. Таудан құлаған тастар өзеннің арнасын жауып қалып, бұл жер осындай әсем көлге айналыпты.
– Ағыны қатты өзеннің бір тармағы Кикөзен өзенінің орта ағысында жатыр. Көлдің ұзындығы 2 км, көлденеңі ең кеңейген тұсында 700 метрге жетеді. Тереңдігі 50-90 метр шамасында. Көлді жағалай өскен жапырақты тоғай күзде ерекше сұлуланып түрленеді. Төменгі Жасылкөл көлінен он үш шақырым жоғарыда «Жоғары Жасылкөл» деп аталатын тағы да бір сұлу көл бар. 2200 км биіктіктегі көл Кикөзен өзенінің бүйір тармағы Қызылауыз өзенінде орналасқан. Ол да күшті зілзалаланың салдарынан пайда болған. Оң жақ беткейдің құлауынан жартас кесектері шатқалды бөгеп тастаған. Көлдің ұзындығы 3,3 км, орташа көлденеңі – 300 м. Көл өзінің пішіні жағынан жетісулық тістібақаны (Жетісу Алатауында ғана мекендейтін жойылып бара жатқан құйрықты қосмекенді) еске салады. Көл жағалауындағы алпілік шалғындар және сирек аласа бұталы тоғай көмкерген жап-жасыл баурайдың түсімен астасып, көк-жасыл түспен құбылып жатады, – деген Айдана Тұрысбекова суы мұздай болғандықтан ешқандай балық тіршілік етпейтіндігін айтты.
Айта кетерлігі, көлдің түсі қардың еруінен ғана емес, тәулік мезгілі мен ауа райына да байланысты құбылып тұрады екен. Мысалы, көктем-жаз маусымында сүтті кофеге ұқсас лай түсті болса, күз-көктем мезгілдерінде көгілдір тұнық түске енеді. Талтүс кезінде көкшіл түске боялады. Шайдай ашық аспанда су көкпеңбек түсті болса, бұлтты ауа райында қорғасындай сұрғылт түске енеді.
Өкінішке орай, жақұт мекеннің шалғайда орналасқандығынан туристер санының аздығына тоқталған «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ақпараттандыру және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ринат Беделханов:
– Кордоннан көлге дейінгі жол ауырлау. Десе де, табиғатқа сай осылай тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 2010 жылы небәрі 40 шақты турист болса, биыл мұнда 500-ге жуық адам келіп-кеткен. Әдетте саяхатшылар қатары тамыздың ортасы ауа көбейеді. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Жататын орны, ішетін тамағы, тауға шығатын техника мен аттарға дейін әзір тұр, – дейді.
Мысалы, қонақ үйдің бағасы жайлылығына қарай адам басына 2000-6000 аралығында. Сондай-ақ, ұйықтауға арналған қап, шатырды жалға беру – 500-600 теңге айналасында. Егер тауға көтерілетін жерге дейін көлік, ат жалдаймын десеңіз 2000-3000 теңгеңіз кетеді. Ең қымбатқа түсетіні – кәсіби фото-видео, кино съемка жасау. Яғни, 22 000 мен 50 000 теңге.
Айта кетерлігі, Жасылкөлдің табиғатын өз көзімен көру үшін тек өзімізден ғана емес, шетелден де меймандар келеді. Ақпараттық тур барысында Қырғыстан Республикасынан келген саяхатшы Арлан Харов:
– Өзім көршілес Қырғыз еліндегі туристік компаниялардың бірін басқарамын. Маған достарымның кейбірі: – Қазақстанда табиғаты тамаша жерлер жоқ, дейтін. Оның керісінше екеніне 15 жыл гид ретінде қызмет атқарғанда көз жеткіздім. Қазақстанның барлық облысын -
араладым десем болады. Соның өзінде Жасылкөлдей тұмса табиғатты бірінші рет көруім. Табиғаты өте әсем, маған қатты ұнады. Болашақта туризмнің Меккесіне айналдыруға болатын жер екен. Халықаралық дәрежедегі туристік мекенге айналары сөзсіз. Өз тарапымнан да осы бағытта жұмыс істейтін боламын, – деген ол Жетісу жерінің әсемдігін көргендегі таңданысын жасыра алмады.
Өз кезегінде «Tumar Trans» туристік компанияның өкілі Альбина Әмренова:
– Негізі Жасылкөл туралы естігелі келгім келді. Бірақ, талай жылдар бойы еш сәті түспеді. Енді өзім бірінші рет келіп, көріп, тамашалап, кетіп бара жатырмын. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Отанымның орнығып кең төріне, Айналасын ақ таулар көмкеруде. Жаралғандай Жетісу ертегіден, Еркелейді Жетісу ерке күнге…» деген өлеңі есіме түсіп тұрғаны. Туристік компанияда қызмет еткелі бері Жетісудың ертегілер мекені екеніне көзім жетті. Ендігі мақсат – шетелден келген адамдарды осы жерге алып келу, – деді.
Облыстық туризм басқармасының бастамасымен биылдың өзінде өңірдегі бірнеше мемлекеттік ұлттық табиғи паркке ақпараттық тур ұйымдастырылды. Оншақты жыл бұрын Көлсай көлдері мен Шарын шатқалының жағдайы тап осы Жасылкөлдегідей еді. Тақтайдай тегіс жол салынуының арқасында қазір ол жерлерде күніне мыңдаған адам демалуда. Инфрақұрылымын жақсартса, Жасылкөлдің де сондай туристік нысанға айналары сөзсіз.Еңлік ҚАБДЕШ
03.09.2019
685