Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЗнай нашихҚоғам

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Тұрғанбек Қатаев 1919 жылдың 14 қыркүйегінде Алматы облысы Іле ауданының Әли ауылында дүниеге келген. Әкеден жастай айырылып, жетімдіктің ащы дәмін ерте татты. Халық жаңа өмір салтын құра бастаған жаңару жылдарында тәрбиеленіп, ерте есейіп өсті. Балалық шағы ұлт тағдырының ауыр кезеңіне тұспа-тұс келіп, ел басына күн туған жылдары нәубет ауыртпашылығын да бастан өткерді.  Балалық шақтың ауыр тағдыры оның бойына табандылық пен өжеттілікке суарылған өзіндік мінез, білімге деген құштарлық, болашаққа деген сенімді қалыптастырды.

Осынау қиын жылдарда қанаты қатая қоймаған балғын жастың тағдыр тауқыметін қайыспай көтеріп, өмірге нық қадам басуына негізгі тірек болған жалғыз жан – жанының жалауы, аяулы анасы еді. Анасы баласының болашағына бастайтын ұлы мақсат жолында қандай қиыншылықтан да қайтпайтын даналығы мен даралығының арқасында баласының білім нәрімен сусындауына, терең нәр алуына бар жағдайын жасады. Әрдайым қайда оқымасын, қандай қызмет атқармасын, өзінің қашанда, өзін табыстар мен жетістіктер жетелеп отыруының себебі ең алдымен сол асыл ананың даналық тәрбие бесігінің жемісін деп еске алушы еді.

1939 жылы Тұрғанбек Қатаев әскер қатарына шақырылып, әскери міндетін өтеп жүрген тұста Ұлы Отан соғысы басталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап жігерлі жас майданның алғы шебіне сұранып, әскери-соғыс қимылдарына белсене араласады. Майданда ерлік көрсетіп, Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталуы туған жері Іле ауданы жұртшылығын қуанышқа бөлеп, елдің мерейін өсірді. Майданда ауыр жараланып, туған еліне әрі толық жазыла қоймаған жарақатымен балдаққа сүйеніп оралған ол одан әрі еңбек майданына шығады. Тән жарасынан жан жарасы ауыр болып тұрған тұста ол бірден еңбек майданының кезек күттірмес қарбалас істеріне қызу аралысып кетеді. Одан әргі өмір жолы шын мәніндегі зиялы азамат ретінде партиялық қызметпен тығыз байланысты болып, жастар арасында, еңбекші бұқара арасында идеялық тәрбие, идеологиялық жұмыстар жүргізді.

Алматы  облыстық партия комитетінің хатшысы болды. Бұл жылдар ол кісінің өмірінің мәнді мақсаты ретінде қойған биіктерге кең творчестволықпен өрілген тұсы еді. Республиканың Жоғары және арнаулы орта білім министрі қызметіндегі алғашқы күннен бастап-ақ, оның барлық мұрат-мақсаты жас ұрпаққа терең білім, әсіресе қазақ жастарына назар аудару, заманға сай білімді тәрбие беру арқылы, ел үшін аянбай еңбек етер, ұлтына пайдасы тигізер маман шығару болып еді. Жоғары және арнаулы білім министрлігін басқарған жылдары Тұрғанбек Қатаев уақыт сұранысына сай ірі оқу-лабораториялық ғимараттар, жатақханалар, спорт кешендері, емдеу-сауықтыру орталықтары тәрізді ғылым мен техниканың алдыңғы қатардағы жетістіктерімен жарақтанған, өзінің мүмкіндіктері мен бірегей сәулеті жағынан өте сирек кездесетін құрылыстарға ерекше көңіл бөлгенін әріптестері зор мақтанышпен айтады.

Тұрғанбек Қатаев соғыстағы және еңбектегі жетістіктері үшін көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталып, бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Зейнеткерлікке шыққан соң, желтоқсанның шиеленіскен оқиғалары басталып, кезінде министр болып тұрғанда ұлтшылдыққа бой ұрды деген жала жабылды. Қудалау мен жазалау әрекеттерден түк шықпай , оның батыр тұлғалы бітімі илікпестен әділетсіз де дәлелсіз айыптарды бойына дарытпады. Ол зейнетке шыққан кезінің өзінде де қартайдым деп отырмай, шығармашылық шабытқа бөленіп, еңбек етті. Оған асыл жары Базаргүл апайдың қамқорлығы үлкен әсер еткені айдан анық.

Оның өмірінің мәні мен мақсаты – туған халқына қызмет ету, жас ұрпаққа білім беру, барлық адамдарға, бүкіл адамзатқа пайдасын тигізу еді.

Жер бетінде ақылдан артық құрметке ие болатын ештеңе жоқ екені белгілі. Ал сол ақылдан, ақыл-ой еңбегінен туып, ел игілігіне айналған ұлағатты іс одан да жоғары құрметке лайықты. Халқына, халқының болашағына парасатты, зерделі еңбегімен және сол еңбегінің ел игілігіне айналған нәтижесімен қызмет еткен азамат сондай жоғары сый-құрметке лайықты. Марқұм Тұрғанбек Қатаев та жаратылысы асыл осындай жан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button