ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ!
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңен баста» кіші бағдарламсы аясында Іле ауданының мемлекеттік қызметкерлеріне Талғар ауданы, «Жаңалық» ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге экскурсия ұйымдастырылды.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдың 27 желтоқсан күні ашылған. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да еліміздің тарихи кезеңдеріндегі «Ұлы Дала тұлғаларын» зерттеу мен таныту туралы айтқан болатын.
«Жаңалық» ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей 3 экспозициялық залдан тұрады. Олар: 1. «Қазақстандағы 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы»; 2 . «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы); 3. «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар.
Қазақ халқының санғасырлық азаттығы жолындағы маңызды орын алатын әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлардың себебінен шыққан тарихи оқиғалардың бірі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс көсемдері мен батырлары Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев; ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының тәуелсіздік үшін күрес жолында «Алаш» қозғалысының қайраткерлері, 1917 жылы «Алаш» саяси партиясының құрылуы, осы жалпы ұлттық саяси ұйымды құру үшін ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысында қалыптасқан ұлттық – демократиялық қазақ интеллегенциясының жұрт таныған жетекшілері Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Шоқай, М. Тынышпаев, М.Дулатов, Х. Досмұхамедов және т.б. қайраткерлер туралы, 1920 жылдағы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылуы, 1928 жылғы конфискация мен 1929 жылғы ұжымдастыруға қатысты архивтік құжаттар мен фотосуреттер 1 залдағы экспоция арқылы танысуға болады.
Сонымен қатар, осы залда Алматы облыстық полиция департаменті архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың, соның ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар ісінің көшірмелері қойылған. Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі төрт диорамада көрсетілген. Жаңалық ауылында атылып, жерленгендердің жеке заттарын да осы залдағы тақырыптық бөлімдерден кездестіруге болады. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген. Олардың қысқаша өмірбаянымен де осы жерде танысуға болады. «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының қызметіне музейдің 3-ші залының экспозициясы арналған.
Музей меңгерушісі Жарылқасынова Жазира мемлекеттік қызметкерлерге тарихи жылдар оқиғасын, жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімдерін, Алаштың ірі қайраткерлерінің, қыршын кеткен боздақтардың ерлігін, ұлтының азаттығы үшін күресіп, тәуелсіздік жолында құрбан болған алаш арыстары туралы құнды мәліметтермен таныстырды.
Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау біздің қасиетті борышымыз.
М. КАРИБАЕВ,
Іле ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі