«Нан бағасы өспейді»: Алматы облысының наубайханалары төмендетілген бағадағы ұнмен қамтамасыз етілді
Алматы облысында қалыпты нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен 6 мың тонна көлемінде бірінші сұрыпты бидай ұнын сатып алды. Осыған дейін облыс әкімі Амандық Баталов нан бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ, аудан әкімдіктері мен наубайханалар арасында ұн жеткізу жөнінде агенттік келісім жасалды. Жақында «Жетісу» ӘКК мамандары жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесе наубайхана мен дүкендердің басшыларымен кездесіп, бағаны ұстап тұру жөніндегі шаралардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Ұн «АзияАгроФуд» АҚ жергілікті кәсіпорнынан сатып алынды. Зауыт Алматы облысында қалыпты нан бағасын тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларға үнемі қатысып келеді.
«Қазіргі таңда Алматы облысының аудандарының басым бөлігіне 500 тоннадан астам тонна ұн жібердік. Алдағы уақытта барлық наубайханалар жоғары сапалы ұнмен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі. Қазір Шамалған стансасынан Талдықорған қаласына, Алакөл және Қаратал аудандарына 4 вагон ұн жөнелтілетін болады», — деді «АзияАгроФуд» АҚ Басқарма төрағасы Саян Әшенов.
«Жетісу» ӘКК ұн шығарушы кәсіпорыннан өнімді келісіне 130 теңгеден сатып алды. Ал наубайханалар үшін ұн 90 теңгеден беріледі. Осылайша, мемлекет әрбір килограмм үшін 40 теңгеден субсидиялайды.
«Бұндай баға өз кезегінде наубайханалардың қалыпты нанның өзіндік құнын 80-85 теңгеден асырмауға мүмкіндік береді. Ұнға деген сұраныс өте жоғары. Бұл бағаның төмендігімен ғана емес, сапасымен де байланысты. Қазіргі уақытта ӘКК, аудан әкімдіктері мен наубайханалар арасында ұн жеткізу туралы 38 агенттік келісім жасалды», — деп атап өтті «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі департаменттің директоры Бахтияр Сембеков.
Қарасай ауданындағы «Ахмет плюс» ЖШС наубайханасына 20 тонна арзандатылған ұн жіберілді. Осында күніне 2,5 мың дана әлеуметтік нан пісіріледі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында наубайхана нанды төмен бағамен босата алады. Наубайхана директоры Ахмет Дурмуздың айтуынша, мемлекеттен берілген уақытылы көмек нанды 65 теңгеден сатуға мүмкіндік беріп отыр.
«Арзандатылған ұн арқылы біз нарықтағы бағаны тұрақтандыра аламыз. Алматы облысының әкімдігі бізді осындай қиын сәтте қолдап шықты. Сондықтан біз нанның бағасы өсірмейміз. Күн сайын 2,5 мың бөлке пісіріп, оларды 70-тен астам дүкен және жеке сатушылар арқылы сатамыз», — деді кәсіпкер.
Іле ауданындағы «Боралдай нан» наубайханасы да 80 тонна ұн алды. Тәулігіне дүкендердің сөрелеріне 20 мың нан жөнелтіледі. Кәсіпорын 2011 жылдан бастап түрлі нан-тоқаш өнімдерін шығарады.
«Әрине, осы шаралардың нәтижесінде біз нан бағасының өсуіне жол бермедік. Қазіргі уақытта Іле және басқа да аудандардағы 40-тан астам дүкенге қызмет көрсетеміз және жеке сатып алушылар арқылы жұмыс істейміз. Нан бағасы 80 теңгені құрайды», — деп атап өтті «Боралдай нан» ЖШС директоры Владимир Пак.
«Жетісу» ӘКК бұл бір жолғы шара емес екенін атап өтті. Облыстың наубайханаларына бидай ұнын жеткізу 2020 жылдың мамырына дейін жүзеге асырылатын болады.