Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

ЖАСЫЛ ШЫРША – ЖАҢА ЖЫЛ

Жылдағы дәстүр бойынша аудан орталығы Өтеген батыр кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт сарайында ауданы әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шара екі күнге жалғасып ұзын саны 610  балғын қатысты.

Балалардың қуанышына алғашқы күні «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары С. Закиржанов қатысып, ақ тілегін ақтарса, екінші күні аудан әкімі Б.Қарасаев ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Мерекелік шыршаға түрлі карнавалдық киімдерін киіп келген бүлдіршіндердің шырайлы жүздерінен қуаныш лебі сезіледі. Себебі, киелі Іле ауданының балалары үшін өткен жыл жетістікке толы болды. Оқушылардың өнер мен білім саласында алған жүлделі орындары аз емес. Қабан жылында жеңіске жеткен балалар бүгін жыл иесімен қоштасып, еңбекке жаны құмар тышқан жылын қарсы алғалы тұр.

Аудан басшысы өз сөзінде: – «Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздерің. Сондықтан да, әрқашан, ата-аналарыңызды қуантыңыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын» – деп мерекелік лебізін білдірді.

Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.

Жасыл шырша мерекесіне келген №37 орта мектептің 7 «а» сыныбының оқушысы Аяулым Ерболатқызы: Мен ауданымыздың басты шыршасына алғаш келуім. Маған жасыл шырша ұнады. Алдағы келе жатқан тышқан жылы елімізге тыныштық әкелсін, Ата-анамыз аман болсын. Ұстаздарға мың алғысымды айтамын» – деді. Беті қуаныштан бал-бұл жанған шәкірт жаңа жылда достарына адал, тек «өте жақсы» деген бағамен оқуды уәде етті.

Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Мерекелік шара соңында балаларға тәттілер мен Жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді.

 

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button