Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ — ТӘЛІМ ТАБАЛДЫРЫҒЫ

Білімді жастың білігін арттыруға керегі тәжірибе. Осы тұрғысында мемлекет жас түлектердің танымын кеңейтуге бағытталған кезекті бағдарламаны іске асырғанына 10 жылға жуық уақыт болды. Ол-«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы.

Қазіргі таңда жұмыссыздықпен күрес жүргізу жаппай белең алуда. «Екі қолға — бір күрек» табылмаудың сыры жемқорлықта деседі. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе Алматы облысында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын жүзеге асыру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізген.

Аталған зерттеу шараларының қорытындысымен «Jetisy Media» ақпараттық алаңында сала мамандары бөлісті. Ресми деректерге сәйкес, 2018 жылы Алматы облысында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының сомасы 459,3 млн. теңге болса, ал 2019 жылы бөлінген бюджет қаражатының сомасы 599,2 млн. теңгені құрады.

2019 жылы Алматы облысында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша өткен 1875 адамның 159–ы мемлекеттік органдарға, басқа ұйымдарға — 402 адам жұмысқа орналасты.

Яғни, 2019 жылы жастар тәжірибесінің қорытындысы бойынша 29.92% жұмысқа орналасты, ал 70.08% әлі де жұмыссыздар болып табылады.

Басым көпшілігінің әдеттегідей жұмыссыз қалуын «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Аманжол Тоқтарұлы былай түсіндірді.

Оның сөзіне сенсек, жас маман жұмыспен қамту орталығына барып, «жастар тәжірибесімен» жұмысқа тұруға келісім шарт жасағаннан кейін белгілі бір мекемеде 6 ай көлемінде қызмет атқарып, мерзімі жеткеннен соң ізім-ғайым жоғалып кететінге ұқсайды. Себебі, оның қайда кеткенін тәжірибеден өткізген мекеме басшылығы да, жолдама берген жұмыспен қамту орталығының мамандарыда білмейді. Бұл бірінші себеп болса, екіншісі, бос орын болса да жарты жыл қызметтің табалдырығын тоздырған түлекті емес, сырттан келген адамға жұмыстың тізгінін ұстатуы. Ал, үшіншісі ол тәжірибеден өтуші жастың өзінің ерік-жігерінің, бәсекеге қабілеттігінің болмауы.

Аталған кемшіліктерді ретке келтірудің бірнеше тәсілін Аманжол Жазықбаев атап өтті. Мәселен, жолдама бермей тұрып жас түлеке құзіреттілік тестін тапсыртқызып оның қай салаға икемділігі бар екенін анықтау қажет. Одан кейін тәжірибеден өту мерзімін 12 айға дейін ұзарту керек. Содан соң бос жұмыс орны болған жағдайда іс-тәжірибеден өткен маманды кандидат ретінде ұсынған жөн. Және де заңға сәйкес 3-ші этаппен жұмысқа қабылдау керек. Міне сонда ғана барлығының оң шешімі табылатынға ұқсайды.

Басшы мырзаның сөзін мониторинг қорытындылары да дәлелдеп береді. Назар салатын болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг аясында Алматы облысының 200 түлегі жасырын әлеуметтік сауалнамаға қатысқан. Сауалнама көрсеткендей, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша өткен 132 түлек тұрақты жұмыс таба алмай, олардың 32-і мемлекеттік қызметке орналасып, ал 36-ы кәсіпкерлік саласына кеткен.

Сауалнамаға қатысқан 86 түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмыс мерзімі 6 ай өте қысқа екенін атап өткен.

Еңбек жолын жаңа бастаған маманға таптырмас мүмкіндік беретін бағдарлама төңірегіндегі бар шындық осындай. Қазақ «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген. Баршаны толғандырған мәселенің түйінін тарқатуға қоғам болып ат салысқан дұрыс. Дарындылардың даралануына кезекті мәрте мүмкіндік беріп, бәз біреуге емес, қызметке ілінемін деп талмай еңбек еткендерге қолдау көрсету қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button