Басты ақпаратРуханиятТұлға

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ОЙШЫЛЫ

Қазақ даласында дүниеге келіп, әлем халқын білімділігімен тәнті еткен ғұлама ғалым бабаларымыз аз емес. Сонау Сақ дәуіріндегі Анарыс шешеннен бастап қазіргі кезеңге дейін батыс ғалымдарымен пікір алмасып, ғылыми танымы мен білігін сынға салып жүрген ұлы тұлғалар киелі қазақ даласының мақтанышы мен абыройы. Осындай ұлы тұлғалардың бірі, орта ғасырлық ғұламалардың көшбасында тұрған, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби болатын. Биыл даңқты бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын әлем халқы болып тойлауда. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев әл-Фарабидің мерейтойы туралы: «Біз әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту арқылы күллі түркі дүниесінің киелі мекені Ұлы далада, көне қазақ жерінде өркениеттің салтанат құрғанын әлемге тарататын боламыз, Тәуелсіз елімізді, халқымызды насихаттаймыз. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Әл-Фараби мерейтойын негізінен ғылыми, интеллектуалдық бағытта атап өтіп, жыл бойында халықаралық, республикалық және өңірлік ауқымда тақырыптық арнайы жобалар, ғылыми-ағартушылық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілуі тиіс. Олардың интеллектуалдық деңгейіне ерекше назар бөлінсін», — деді. Оның айтуынша, мерейтойды атап өтудің республикалық жоспарының жобасы әзірленген. Онда республикалық және өңірлік деңгейде өтетін 50-ден астам іс-шара көзделген. Олардың қатарында халықтық барлық буынын қамтитын арнайы жобалар, ғылыми талдау, қоғамдық маңызды және мәдени-бұқаралық іс-шаралар бар.

Біздің ауданымызда да ұлы ойшылдың мерейтойына арналған іс шаралар тұрақты өткізілуде. «Ұлы Даланың Ұлы тұлғасы ұлтымыздың мақтанышы Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай ғұламаның ерекше жан жақты тұлға болғандығын анықтау мақсатында аудандық балалар кітапханасында челлендж ұйымдастырылып ойшылдың нақыл сөздерін, трактаттарын оқырмандар жатқа оқыды. Ұлы ұстаздың шығармалары оқырмандардың жан жүрегіне жетіп, ұрпақтан ұрпаққа өшпейтін із қалдырған киелі құндылық болып табылатындығын тағы да бір дәлелдеу мақсатында ойшыл бабамыздың мерейтойына орай аудандық кітапханада да көптеген іс-шаралар өткізілуде. Балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары ғұлама, ойшыл жайында тыңғылықты ақпараттармен, өз ойларымен бөлісті. Кітапхананың белсенді оқырманы Нұрасыл Жақан әл-Фараби туралы қазақ және ағылшын тілдерінде таныстырған танымдық анимациялық видеолар әлеуметтік желілерде жарияланды. Ол таза философиялық және логикалық еңбектермен қатар көптеген табиғи-математикалық және жаратылыстану-философиялық еңбектер жазды. Ол шығыста да, батыста да ғылымның одан әрі дамуына үлкен әсер еткен бай ғылыми мұра қалдырды. Ойшылдың ғылыми мұрасын зерттеу, оның әлемдік ғылым мен өркениетке әсерін анықтау бүгінгі күні де өзекті болып қала бермек. Фараби әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде араб, парсы, грек, үнді және өзінің түркі мәдениетінің ең құнды жетістіктерін жинады. Соңғысыны жаңғырығы оның әйгілі «Китаб аль-музыка аль-кабирде» айқын көрінеді («Ұлы музыка кітабы»). Бірақ ол әр түрлі мәдени дәстүрлерді біріктірген гуманитарлық ғылымдар ғана емес, ол өз заманының білімдерін жүйелеуге ұмтылған ғылымның реформаторы болды. Бұл оның «Ғылымдардың жіктелуі туралы» трактатында көрініс тапты. Фараби педагогиканың реформаторы ретінде білімді жоғары деңгейге шығаруға, ағартушылықты адамзат дамуымен ұштастыруға ұмтылды. Әл-Фарабидің танымы бойынша, қала бақытты тұрғындардан тұруы тиіс. Мұндай қала қуатты мемлекеттің негізі болмақ. Ойшыл ұсынған бақытқа жету формуласы – «Адамның өзін-өзі жетілдіре отырып, кемелдікке жету жолы». Фарабидің бүгінгі бақытты адамы – заман сұранысына бейімделе алатын, рухани мәдениеті жоғары тәуелсіз елдің жасампаз тұлғасы!

Ұлы ғалымның 1150 жылдық мерейлі белесі той тойлаудың емес, бүгініміз бен келешегімізді таразылайтын ой мерекесі болғай!

Н.МОМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button