Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБайсерке ауылдық округі

БАСПАНАЛЫ БОЛҒАН БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ

ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ

Өткен жылы мемлекетіміз баспанаға зәру отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасын қабылдаған. Осыған орай біздің ауданда да бұл бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы 50 отбасы осы бағдарлама бойынша үй алса, 2020 жылы ауданды тағы да 100 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Дегенмен, көп адамдар аталмыш бағдарламаның ережесін, осы бағдарлама бойынша қандай отбасылардың баспаналы болатындығын, нендей құжаттар жинау керек екендігін білместен әр түрлі өкілетті мекемелердің табалдырығын тоздырып, өздерін де шаршатып, басқалардың да жүйкесін ауыртып, босқа сенделіп жүргендігін көзіміз көрді. Аудан тұрғындарын бұл ретте «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алу үшін ең алдымен қайда барамыз, не істейміз,, қандай құжаттарды жинаймыз деген заңды сұрақтың мазалайтындығы сөзсіз. Осыған байланысты біз өз мақаламызда аталмыш бағдарлама бойынша үй алып, үлкен қуанышқа кенелген бір отбасының қалай баспаналы болғандығы жайында айта отырып, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап беруге тырыстық.

Неге екені белгісіз, қараторы келген, нәзік денелі осы бір келіншекті бал арасына ұқсатамын. Бал арасы қашан көрсең тынымсыз тіршілік үстінде. Жаңа шыққан ұрықтарын қоректендіреді, балауыз ұяшықтарын тазалайды, ауа алмасуын қадағалайды, тәтті шырын мен гүл тозаңдарын жинайды. Еңбекқорлығында шек жоқ. Мен білетін Эльмира да сондай жан. Таңғы елең-алаңда жұмысқа кетіп бара жатса, түннің бір уағында үйіне қарай аяңдайды. Оның жұмысы – 1 үлкен, 3-4 шағын мекеменің еденін жуып, тазалау. Оңай жұмыс емес. Күні бойы қолынан шелегі түспейді. Одан қалса төрт баласының тәрбиесі, жолдасының үйдегі жағдайы дегендей әйел адамның бітпейтін шаруасы да өзінің мойнында. Тәулігіне 2-3 сағат қана дамылдайтын шығар. Шаршап-шалдықса да еңсесін түсірмейді. Қашан көрсең көзіндегі мұңды, көңіліндегі жүдеулікті көрсеткісі келмегендей сенімен күлімсіреп амандасып, құдайға шүкіршілігін айтып ештеңесін білдірмейді. Оңай дейсің бе? Үлкен қызы – студент. Алматыға қатынап оқиды. Қалған үш баласы мектеп жасында. 4 баланың күнделікті қажетті ұсақ-түйегі, оның ішінде қызының жолы, пәтердің ақысы, ішетін тамақтары бар дегендей. Ол аз болғандай жолдасы Әбілқасымов Манас Қыдырбекұлының да тұрақты жұмысы жоқ. Жұмыс табылса, жалақысы аз болып шығады. Соған қарамастан Әбілқасымовтар отбасы баспана алуды алдарына мақсат етіп қойды. Әдетте мақсатың айқын болса діттеген жеріңе жетесің ғой. Алдарында жақсылық болатындығына нық сенген бұл отбасыға бақыттың өзі қол бұлғады. Қалай дейсіздер ғой? Баспаналы болудың жолы қайсы? Оны неден бастау керек? Асықпаңыздар, бәрі рет-ретімен жасалынады. Өткен жылдың күз айында Эльмираны бір кездестіргенімде «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспана алу мүмкіндігіне ие болып, сатылатын үй іздеп жүргендігін айтып қалды. Бағдарлама бойынша тұрғын үй-жинақ банкісі оған 9 миллион теңгені 2 пайыздық несиемен беретін болыпты.

Балқаш ауданының тумасы Сағымбекова Эльмира Өскенбайқызы 18 жылдан бері Іле ауданынының тұрғыны. Өтеген батыр кентінде ұзақ жыл пәтер жалдап, баспананың қиындығын бір адамдай басынан өткерді. Жолдасы Манас Әбілқасымовтың та табысы аз болды. Жасынан пысық әрі табанды болып өскен Эльмира күйеуінің бір жағына шығыспақ болып, кез-келген жұмысты атқара берді. Ештеңеден қорықпады. Кейіннен барып әр түрлі меке- мелерге еден жуушы болып орналасты. Жұмысы тұрақталған соң Тұрғын-үй жинақ банкінен депозит ашып, ай сайын белгіленген мерзімінен кешіктірмей өзінің банктегі шотына шамасы келген соманы аударып тұрды. Үй алудың кезегін де ұмытпады. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы үйдің кезегіне тұрған. Әрбір екі ай сайын аудан әкімдігіндегі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне барып, өзінің кезегін тексеріп тұрды. Бөлім қызметкерлерінен тұрғын үй алу үшін қандай бағдарламалардың бар екендігі, жеңілдіктер туралы кеңес алуды да ұмытпады. «Пара бергенше, бара бер» деген қағиданы басшылыққа алған Эльмира мен Манас үй кезегін тексеруден жалықпады. Үміттерін үзбеді. Баспаналы болатындықтарына нық сенімді болды. Сөйтіп жүргенде «Бақытты отбасы» бағдарламасы қабылданды. Сол кезде бұрыннан үй алудың кезегінде тұрған Эльмираға әкімдік көпбалалы отбасы мәртебесін растайтын құжат және 1 млн. теңгенің сертификатын берді. Екінші кезекте ол тұрғын-үй жинақ банкінің бөлімшесі арқылы жеке куәлігімен келісім-шартқа отырды. Үшіншіден, әкімдік берген көпбалалы мәртебесін растайтын құжатты, кәмелетке толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері мен балаларының туу туралы куәлікті, неке қию куәлігін, соңғы алты ай ішіндегі табыстарды растайтын құжаттарды, табыстары жетпегендіктен заемщиктің құжаттарын тапсырып төлем қабілетілігін бағалаудан өтті. Төртіншіден, төлем қабілеттілігінен өткен күннен бастап 3 ай мерзім ішінде үй іздеуге кірісті. 9-10 миллион теңгенің көлеміндегі үйді табудың да қиындықтары жетіп-артылады екен. Үй табылғанмен оның меншіктік құжаттары  дұрыс емес немесе рәсімделмеген болып шығады. Мұның өзі де ойланатын мәселе. Кез келген адам үй сатып алған соң немесе жаңа салынған баспананың құрылысы аяқталғаннан кейін бірден тиісті өкілетті мекемелер арқылы рәсімдеп алған жөн ғой. «Ең бастысы үйім бар»,-деп «Ұзын арқан, кең тұсауға» салынып, құжаттарды реттемеудің өзі жауапсыздықты танытады. Осындай жауапсыздықтың кесірінен Манас пен Эльмира үш ай бойы Өтеген батыр мен Байсерке ауыдарынан үй таңдап табандарынан таусылды. Үй іздеуге берілген уақыттың мерзімі аяқталуға санаулы күндер қалғанда «Жыртық үйдің құдайы бар» — дегендей, Манас пен Эльмира Байсерке ауылынан жақсы бір үйді тапты. Бесіншіден, 10 күн мерзім ішінде жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелерін, құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелерін алып, банк бөлімшесіне келіп, заем ресімдеуге және таңдаған үйдің кепілі бойынша мақұлдау алды. Алтыншыдан, ең төменгі бастапқы жарна заем сомасының 10%-на тең ақшаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төлем терминалдары арқылы аударды. Жетіншіден, мақұлдау алған соң нотариуст арқылы сатушымен сатып алу-сату келісім-шартын бекітті. Сегізіншіден, банкке жылжымайтын мүліктің сатып алу-сату келісім-шартын және жұбайының кепілге рұқсатын өткізгеннен кейін банк заемы туралы келісім-шартты бекітіп, халыққа қызмет көрсету орталығында кепілді тіркеді. Осылайша, көпбалалы Манас пен Эльмира баспаналы болды. Бұдан өткен қуаныш, бақыт бар ма? Көл-көсір қуаныштан төбелері көкке жеткен бұл отбасының мемлекетке деген алғысы мен ризашылығы шексіз болды. Көпбалалы отбасына жасалған қамқорлыққа олар шынайы көңілмен алғыс айтты.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алып, қоныс тойын тойлаған Манас пен Элмира 2019 жылдың желтоқсан айынан бері өздерінің жекеменшік баспанасында тұрып жатыр. Тұрғын үй-жинақ банкі арқылы тиісті бағдарлама бойынша 2 пайыздық несиемен үй сатып алған олар бұл күнде ай сайын 40 мыңнан несиенің қарызын төлеп жатыр. Бастары аман болса 7,5 жылда несиелерін толық жабады.

— Бұл күнімізге шексіз шүкіршілік айтамыз, — дейді бізбен әңгімесінде Эльмира Сағымбекова. -Неше жыл пәтер жалдап, үйдің азабын әбден тартып едік. Көпбалалы отбасылар үшін осындай тамаша бағдарламаны ұсынған Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевқа дән ризамыз, алғысымыз шексіз!

— Несие төлеуден қиналып жатқан жоқсыздар ма? – деп, біз де қолайлы сәтті пайдаланып көкейіміздегі сұрақты көлденең тарттық.

— Бұрын да шағын ғана бір бөлмені жалдағанымыз үшін 25-30 мың, тіптен кейде 40 мың теңгеге дейін пәтерақы төлейтінбіз. Қазір өз үйіміз үшін төлеп жатырмыз. Оның үстіне 2020 жылдан бастап төрт балалы болғандықтан өкіметтен 45 мың теңге жәрдемақы аламыз. Несиені осы ақшамен жауып жатырмыз, — деді Эльмира қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.

Мемлекеттің нақты қамқорлығын көрген бұл отбасы осы күндеріне шүкіршілік айтып, болашақтарына үлкен үміт артып отыр. Айтпақшы, жақында Манас пен Эльмираның отбасында бесінші сәби дүниеге келмекші.

Сонымен «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қалай баспаналы боламыз? Осы сұраққа жауап беру үшін Іле ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Өтебаева Ақмарал Кәрібекқызының кеңесіне құлақ түрейік:
Егер сіз әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрсаңыз
және келесі мәртебеге ие болсаңыз:
— көпбалалы отбасы;
— толық емес отбасы;
— мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы;
— Сіздің атыңызда және Сізбен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмаса, Сіз «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өз үйіңізді сатып алуға заем ресімдей аласыз.
Бағдарлама шарттары: Жылдық заем мөлшерлемесі жылына 2%; Ең төменгі бастапқы жарна Заем сомасының 10%-ы; Тұрғын үй бағдарламасы бойынша Заем мерзімі 20 жылға дейін;
Заем сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 15 млн. теңгеге дейін; Басқа аймақтарда 10 млн. теңгеге дейін.
Қандай үй алуға болады?
— Жаңа салынған үйден жаңа пәтер;
— Қолданыста болған пәтер;
— Жеке тұрғын үй.
— Тұрғын үйді кезегінде міндетті түрде тұру керек. Үйді Алматы облысы бойынша кез келген аймақтан сатып алуға болады. Ал, табыс қандай болуы керек?                                Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) артық болмауы керек (2019 жылы ЕТЖ 42 500 теңгеге тең) Ал, 2020 жылы ең төменгі жалақы 62 мың 366 теңге болды. Кіріс ретінде не ескеріледі? Сіз негізгі кіріс көзі болған жағдайда несие ала аласыз; Негізгі кіріске еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады; Егер сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болса, онда сіз қосымша табысты қосып есептей аласыз. Негізгі кіріске жататындар: Айлық жалақы; Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс; Тұрғын үй төлемдері; Жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс. Экологиялық төлемдер. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.

Р. АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button