Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБоралдай кенті

БОРАЛДАЙ: ӨНЕРКӘСІП БЕСІГІ

ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯ КӨЗІ НЕМЕСЕ 1250 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫНА 110 КВ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ҚАЖЕТ

Боралдай округі — Іле ауданының бастауыш өндірістік аймағының бірі. Қазірдің өзінде 35 мыңға жуық тұрғыны бар округте, қазіргі індеттің келтірген зияндарына қарамастан, экономикалық-әлеуметтік деңгейі әртүрлі сала бойынша дамып келе жатыр. Боралдайлық кәсіпкерлер мен халық карантиннен кейін де тың серпінмен күш алып келеді. Алматы қаласының іргесінде тұрғандықтан, қалалық кейбір брендттік фирмалар мен желілік тамақтандыру орталықтары осы жерден өз сауда орындарын тауып жатады. Мысалы, өткен аптада ғана бәрімізге белгілі «Zheka`s Doner & Plov House» тез тамақтану желісі дәл орталық базардан орын алды. Бұл – Боралдай елдімекені сырттағы кәсіпкерлерді өзіне қызықтыра алатындығының белгісі. Біз қазір сөз қылғалы отырғанымыз танымал желілік тамақтандыру орталығы емес. Біздің негізгі тақырыбымыз жаңа индустриялық орталық туралы болмақ.

Инвестиция тарту — округ әкімдіктері үшін ең маңызды принциптердің бірі. Боралдай ауылдық округінің әкімі Қоңырбаев Данияр Төлеуханұлының бастамасымен инвестиция тартужолымен таныстырмақпыз.
— Данияр Төлеуханұлы, Боралдай округінің карантиннен кейінгі хал-ахуалы қалай?

— Әрине, қазір қандай да бір сауда немесе қызмет көрсету орындарының жағдайы сәл шатқаяқтағаны рас. Оған қарамастан карантин режимінен кейін халықтың кәсіпке деген, жалпы күнкөріске деген көзқарастары жақсы жағына өзгерді. Көбісі экономикалық бағыттарын қайта қарап шығып, өз істерінің алға басуын бір шоқып екі қараумен бастап жатыр. Округ халқы өз тіршіліктерін, жалпы алғанда, жүйелі түрде жұмыстарын жалғастырып жатыр.

— Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев ұсынған «естуші мемлекет» концепциясы қалай іске асырылып жатыр?

— Аудан әкімшілігінен округтегі әкімшілік ғимаратын күрделі жөндеуден ұсыныс түскенде менің көз алдыма «Open space» режимінде жұмыс жасайтын жаңа ғимарат келді. Ауыл әкімдігі сырт көрінісі кәдімгі аквариум сияқты әйнектелген заманауи «сервистік әкімшілікке» ауысады. Әкімшілікке келген ауыл тұрғындарына бірінші қабатта отырып әр түрлі қызмет көрсетеміз. Бұрынғыдай жабық, ағаштан жасалған есіктер мен кірпіштен тұрғызылған кабинеттер атымен жоқ болады. Міне менің алғашқы қадамым осындай.

— Инвестиция тарту жағынан өндірістік округтің қандай жаңалығы бар?

— Біздің алдымызда үлкен инвестиция тарту жобасы тұр. Бізге «Парето тұжырымдамасымен», яғни, 80/20 принципі бойынша жұмыс жасауға тура келіп отыр. Бұл үлкен түсіндірме жұмысын талап етеді. Боралдай кенті өндірістік аймағының жалпы көлемі 600 гектарды құрайды. 79 өндіріске арналған жер телімі бар. Бүгінгі таңда өндірістік аймақта 15 кәсіпорын жұмыс істейді және 3 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл өндірістік аймақтың сыйымдылық қуатының 22 пайызы ғана қамтылғанын көрсетеді. Әрине, бұл – аз. Өндірістік аймақтың қарқынды дамуына басты кедергі электр қуатының тапшылығы болып отыр. Техникалық-экономикалық сараптамаға сәйкес аймақты толық қамтамасыз етуге 40 Мегаватт электр қуаты қажет. Алайда, бұны жүзеге асыруға көп қаражат қажет (шамамен 3,5 миллиард теңге). Сондықтан, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан 3 кәсіпорынға және электр қуатының тапшылығынан құрылысын бастай алмай отырған 12 инвесторға қысқа мерзім ішінде 10 МегаВатт электр қуатын жеткізіп беру қажет.

Көрші Қарасай ауданына қарасты Көкөзек елдімекенінде қосалқы электр станци- ясының құрылыс жұмыстары биыл басталып, 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Аталған станциядан Боралдай кенті өндірістік аймағына электр қуатын жүргізуге мүмкіншілік бар. Ол үшін қосалқы станциясынан электр өндірістік аймаққа 110 кВ электр желісін жүргізу қажет және 10 кВ тарату торабымен кем дегенде 10 трансформатор орнату керек. Бұл жобаны іске асыру үшін бюджеттен қаражат бөлуді қажет етеді.

Округте ауыз су мәселесі ғаламтор желісінде жиі көтеріледі ғой?

— Иә, біздің boraldai_kenti_akimi_apparaty инстаграмм желісі мен Боралдай кенті ап- паратының фейсбук парақшасындағы жазылған тұрғындардың пікіріне міндетті түрде жауап жазылып, өтініштері мен арыздары күн тәртібінде қаралады. Қазір жергілікті кәсіпкерлер және округ тұрғындармен дұрыс диалог орнатудың нәтижесінде кентіміздің басқа да коммуналдық мәселелерін бюджеттен тыс шешуге мүмкіндік алдық. Атап айтсақ, Шоқанов көшесіндегі 500 метр тозығы жеткен ауыз су құбыры ауыстырылуда. Бізде Аэропорт шағын ауданында Овражная көшесі, Миграциялық ахуалға байланысты Жайнақ шағын ауданында ауыз су тартыл- маған көшелер бар ол. Міне, осы мәселелер ашық күйінде қалып отыр. Жақын арада алдымызда тұрған түйіні шешілмеген мәселелерімізді қайта қараймыз және оң шешімін табамыз деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Жүргізілген сараптама негізінде электр қуатының мәселесі шешімін тапқан уақытта жобаның экономикалық әсері төмендегі өндірістік өнеркәсіп салаларын ұйымдастырудан айқын көрінетін болады:
— тағам өнеркәсібі (5 өндіріс орны);
— жеңіл өнеркәсіп (1 өндіріс орны);
— химиялық өнеркәсіп (2 өндіріс орны);
— құрылыс индустриясы (5 өндіріс орны);
— машина жасау, электорлық және оптикалық жабдық (2 өндіріс орны).

Осылайша жобаның заңды негіздеріне сүйене отырып
төмендегі көрсеткіштерге жетеміз:
1. Өндірістік кәсіпорындардың өндірілген өнім көлемі 10 % артады;
2. Инвестиция көлемі 30 % өседі;
3. Салық түсімдері 35 % артады, бұл өз кезегінде кентіміздің инфрақұрылымын қайта жаңғыртуға мүмкіндік туғызады;
4. Жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы (1250 жұмыс орындары ашылады) ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартамыз.

65 КӨШЕ ӘЛІ ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН

Боралдайдың жалпы территориясы 25 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал, жеке тұрғын үй салу жылдан жылға кемінде 20 мың шаршы метрді құрап жатыр. Оларды ауыз су, электр жарығы, көгілдір отынмен қамтамасыз ету жергілікті әкімшілік пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бас ауруына айналды. Бүгінгі сұхбатымыз Боралдай ауылдық округі әкімшлігі аппараты тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының жетекші маманы, жақында ғана мемлекеттік
қызметкерлер күні ең үздік білікті маман номинациясын иеленген Шегіров Айбек Қанайұлымен
танысып, ауылдың ауыз су және жарықтандыру мәселесі бойынша әңгімеге тартқан едік.

— Айбек Қанайұлы, Боралдай округіне қатысты тұрғын үй шаруашылығы мен ауылдың ішкі жолдары туралы маңызды жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз?

— Биыл ауыз толтырып айтатын ауқымды жаңалықтарымыз өте көп. Әлеуметтік салаға қарасты округімізде 5 орта мектеп болса, биыл- дың өзінде 1500 және 300 орындық екі жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Боралдайда 165 көпқабатты үй болса, 5500 жеке тұрғын үй бар. Жылына 20 мың шаршы метрге дейін жеке тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда жеке инвесторлардың қаражаты есебінен кентіміздің Водник ықшам ауданында 5 қабатты 3 үй, Черемушки ықшам ауданында 5 қабатты 1 үйдің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Олардың тең жартысы мемлекеттік бағдарламалар – 7-20-25, «Бақытты отбасы», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында халыққа берілетін болады. Ал, ішкі жолдарға келсек, өңірлерді дамыту бағыты бойынша І жарты жылдықта 1370 метрді құрайтын Аспандияр, Ұлытау, М. Мәметова және Ә. Молдағұлова көшелеріне толықтай асфальт салынды. Сондай-ақ, Жайнақ шағын ауданында да 2400 метрді құрайтын Самал, Шымбұлак, Хан Тәңірі және Астана көшелеріне тас құм төсел- ді. Бұл көшелерге болашақта асфальт салатын боламыз. Аталмыш жолдардың құрылысымен «Хадид» және «Каз МБА» жауапкерлігі шекте- улі серіктестіктері айналысуда. Алдымызда әлі де болса екінші этап шілде-тамыз айларында 1500 метрді құрайтын Арычная, Д. Бедного, М. Әуезов, Вокзальная, Чапаев, Әшкеев кө- шелерінің құрылысы күтіп тұр.

— Округті абаттандыру бойынша қандай істер қолға алынды?

— Істелетін жұмыстар жеткілікті, абаттандыру бағдарламасы аясында 4 балалар алаңы, 7 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар, 3 көшеге түнгі шамдар орнатылады. 4 электр трансформатор салынып, 12,5 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылады. 8 замануи жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Көктем айларында біз 300-ге жуық ақ қайыңдар мен теректерді отырғыздық. Алда ІІІ тоқсандығымыз келе жатыр. Ол кезде Байзақов – 1600, Көктобе – 1700, Суворова – 1000, Сарыарқа – 750, Ақсай – 1000, Балқаш – 450, Алатау – 1450, Водник-1 – 400 метр ішкі жолдардың құрылысы басталады. 2019 жылы бюджет есебінен 14 шақырымды құрайтын 21 көшеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Биылдың өзінде 8,5 шақырымды құрайтын 15 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыз су, кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамасына қаражат бөлінді. Тозығы жеткен 35 электр бағандарымен 3 шақырым электр сымдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. «Жол картасы жұмыспен қамту-2020» бойынша 1000 метр Суворов көшесіне көше жарығын орнатуды бастадық.

— Саламатты өмір салтын ұстануда аудан көлемінде бірнеше воркаут алаңы ашылды. Сіздерде бұл жағы қолға алынған ба?

— Иә, біз қазір Водник ықшам ауданында 300 шаршы метр жерді құрайтын ойын алаңына воркаут орталығын салмақшымыз. Ол жерге қазірдің өзінде жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен үнемді жарық шамдарын орнаттық. Осы бір-екі аптаның көлемінде қолға алатын боламыз.

— Жөндеу көрмеген көшелер жайлы не айтасыз?

— Ауылымызда әлі де болса тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жол және абаттандыру бағытында өзекті, шешімі табылмай отырған мәселелер жеткілікті. Ауыз су, кәріз, электрмен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету жүйелері күрделі жөндеуді қажет етеді. Ұзындығы 104 шақырымды құрайтын 212 көшелер мен бүйірлік көшелер (переулок) болса, оның 65 көшесі жөндеуді қажет етеді. Біздің бұл жерде тек тендердің нәтижесін күтуден басқа кінәміз жоқ шығар. Мысалы Водник ықшам ауданындағы 15 орта мектептің дәл қасындағы көшеміз сол күйі жауын
жауса батпақ болып, көлшік суға айналады. Тұрғындар тарапынан да әлеуметтік желілерде дәл осы көше туралы көп айтылады. Тендер ойнатылғанда осы көшенің құрылысын қалай ұтып алса, дәл сол кезден бастап қолға аламыз. Биыл бір шешімі табылып қалар деген үміттеміз.

— Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңізге толағай табыс тілейміз!

 

МЕН ҮШІН АЛҒЫ ШЕПТЕ ТҰРУ АБЫРОЙ

Екі ай бойы біліктілігі мен шыдамдылығын танытқан боралдайлық ақ желеңді абзал жан Мақпал Имашева «Менің алғы шепте жүргенімнің өзі абырой! Елімізге індет келгенде қол қусырып, сырттан бақылау менің адамгершілігіме жат дүние» — дейді. Ол жас нәрестесі мен отағасын екі ай бойы көрмей, Боралдай кентінде орналасқан блокбекеттерде өз міндетін абыроймен атқарып, еліне ерен еңбегін сіңіруде. Жақындары да ақ желеңді абзал жанның қызметіне түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп, оның карантин режимін қатаң сақтауға атсалысуын батырлық деп ұғынады.

Ол дәл қазіргі уақытта жеке бас мәселесі маңызды емес, басты мәселе елге келген аты жаман індетпен күрес кезінде, ең алдымен, қайырымдылығың мен мамандығыңа деген адалдығың деген пікірде. «Халықты сабырлы болуға шақырып, денсаулығына мән беру, алдыма келген науқасқа адал қызмет көрсету – менің басты мақсатым» — дейді абзал жан.

Мың құбылған ауа райы мен түнде аяқ асты соғатын ызғар біздің кейіпкеріміздің қайсарлығын қайрамаса, жігерін мұқалта алмады. Міне бүгінгі күні Мақпал қызмет атқаратын Водник ықшам ауданындағы аудандық орталық аурухана толықтай 110 орынды про- визорлық орталыққа ай-
налдырылды. Мақпал Имашева қазір осы провизорлық орталықта пневмониямен және короновируспен ауырып келген науқастарды қабылдап, олардың сауығуы үшін аянбай еңбек етіп жатыр.

Дәл осындай ақ желеңді абзал жандарымыз ортамызда жүргенде еліміз кез келген індеттің бетін қайтаратынына сеніміміз мол.

 

15 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЭЛЕКТР ҚУАТЫН ТӨЛЕДІМ

Боралдай кентіндегі Абдрахмановтар отбасы өкімет тарапынан карантин кезінде, халықтың осал топтарына екі ай аралығында 15 теңге мөлшерінде берілетін коммуналдық төлемін алып, өздері тұрып жатқан үйлерінің электр қуатын төледі. Көпбалалы ана қуанышын жасыра алмады. Отанасы Салтанат Джайлыхановна: «Көпбалалы отбасыларға қоғамда белең алған індеттің кезінде жәрдемдесіп жатқан ел басшыларына шексіз алғысымды айтамын. Әрине бір реттік коммуналдық төлемнің өзі біз үшін үлкен көмек. Ең алғаш өтінімді бергенімізде «оны ала аламыз ба, жоқ па?» деген күдік ойда болды. Бірақ, округ әкмшілігі тарапынан мамандардың араласуымен қолымыз жетті» — дейді.

Айта кетейік, атаулы 15 коммуналдық төлемді әзірше Боралдай округі алды. Болашақта кезең-кезеңмен басқа да округтерге түсетін болады. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылдың 9 мамырында карантин режимі кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 18 сәуірдегі № 212 бұйрығы)» — деп хабарлайды ведомстводан. Мәліметке сай, белгілі бір санаттағы адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді өтеу бойынша нормалар енгізілген. Атап айтқанда:
1) 1, 2, 3 топ мүгедектері;
2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
3) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
4) көп балалы отбасылар;
5) ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, жалғызбасты зейнеткерлер;
6) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
7) атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар. Бұдан басқа, коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша төлемдерді жергілікті бюджеттен өтеген жағдайда әкімдіктерге алушылардың санатын, өтеу шарттары мен тәртібін анықтау бойынша мүмкіндік берілген болатын.

 

АНТЫНА АДАЛ АБЗАЛ ЖАНДАР

Дүниені дүр сілкіндіріп, кең әлемді тарылтып, талайдың өмірін жалмаған коронавирус індетіне қарсы күресте өз өмірлерін шүберекке түйіп, адам өміріне араша болған ақ халатты абзал жандар арамызда аз емес. Шешімінен күрмеуі көп күнделікті күйбең тірліктің шырмауында жүрген талайлардың тілдеп, даттағанына кек сақтап, есеп айырысып жатқан олар жоқ. Уақытпен санаспай, өз отбасына қарамай, өзгенің өмірі үшін өз бастарын қатерге тігіп, ажалмен бетпе-бет арпалысқан да солар. Кент әкімі тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі жолында қалтықсыз қызмет етіп, «Гиппократ антына» адалдықтарын ісімен дәлелдеген денсаулық сақтау саласының саңлақтарын құттықтап, індеттің алдын алуда үлкен үлес қосқан абзал жандарға шексіз алғысын білдірді. «Сіздер бейбіт өмірдің батырларысыздар. Ел басына қиындық түсіп, ар мен адалдық сынға түскен сәтте осалдақ танытқандардың да болғаны рас. Сіздер алғаш ұсыныс түскен сәтте-ақ еш ойланбастан жеке бастың емес, халықтың қамы үшін тілсіз жаумен бетпе-бет шайқасып, кәсіби шеберлік пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсеттіңіздер. Сын сағатта серттен таймаған ерлікке пара-пар еңбектеріңіз үшін Боралдай кенті тұрғындары атынан да, өз атымнан да Сіздерге шексіз алғыс айтамын», — деді кент әкімі өз құттықтауында. Иә, ажал мен өмір таразыға түсіп, сәт сайын қауіп-қатермен алысқан ақ халаттыларға ақ пен қараны айырмай жатып пен- дешілік танытқандар да болды. Міне, бүгін тізе бүкпей, өткен күндер мен кірпік қақпай өткізген түндер артта қалды. Кәсіби мерекелерінде алғысқа бөленген абзал жандар құттықтаулар қабылдап, ел алғысын алуда. Әрқашан еліміз аман жұртымыз тыныш болсын.

Б. ИМАНБЕКОВ

 

ЖАДЫНАМА ТАРАТТЫ

Боралдай кентінің жастар ісі жөніндегі әдіскер Р. Нүсіпованың бастамасымен құрылған еріктілер
тобы нағыз Жас Отан мүшелеріне тән отансүйгіштік пен жастық жігерлерін танытып жүр. Кент жастары уақытпен санаспай, коронавирус індетіне қарсы іс-шараларға белсене қатысып, қиындық құрсауында қалғандарға көмектесті. Ауа райының қолайсыздығына да қарамай, індетті ауыздықтау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсене араласты. Сондай-ақ, өрт пен табиғи апаттардың алдын алуға арналған жадынамалар таратты. «Жолбарыстай қайратты» жастарымыз ел басына күн туғанда жан аямай еңбек етіп жүр. «Жас келсе, іске» деп, жігерлі жастарымыз аман болсын!

АНА ТІЛІМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте» — деп қазақтың қаламы қарымды ақыны Қадыр Мырза-Әлі ана тілдің асыл қасиет екенін, әр адам өз тілін көзінің қарашығындай, өзінің арын қорғағандай қызғыштай қоруы керектігін сөз еткен. Әр қазақтың жанын жылытып қана қоймай, өз тіліне деген құрметін арттырып, ана тіліне деген жанашырлығына жан бітіретін жыр жолдарының жазылғанына да қаншама уақыт өтті. Тіл туралы Заң да қабылданды. Биік мінберлерде, көгілдір экранда, дүбірлі сөз додаларында, мерзімді баспасөз беттерінде мемлекеттік тіл мәртебесі тақырыбында сөз қозғалмады деуге аузымыз бармас. Мемлекет басшысының Ана тілі газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында» атты арнайы сұхбатында да мемлекеттік тіл мәртебесіне арнайы тоқталып өткені баршаңызға мәлім. Президентіміз Қ. Тоқаевтың тіл туралы айтқан ойына оңды пікір білдіріп жатқандар да аз емес. Тіл демекші, айналамызға қарасақ ана тіліміз өз жерімізде өгей баланың күйін кешкендей көрінеді. Олай дейтін себебім, басым бөлігі өзге тілде, қазақшасы ала шұбар, түсініксіз жазылған көз сүріндірер жарнамалар көп. Көпшілік
орындарда, қоғамдық көлікте жартылай қазақша, жартылай орыс тілінде шүлдірлесіп жатқан жұрт. Тіпті, көшеде немересіне өзге тілде ақыл айтып бара жатқан ата-әжелерімізді көретініміз ақиқат. Сонда кімді кіналап, кімге өкпелейміз?

Айналайын ағайын, қазақ тілі – ең бірінші қазаққа керек. Мәңгілік ел болу үшін мәңгілік тіл болу керек. Өзге тілді адамның қазақша ойлауы мүмкін емес. Тілің қазақша болмаса, ой арманың, мақсат-мұратың да қазақша болмақ емес. «Бала қай тілде сөйлесе, сол ұлттың жоғын жоқтайды» — деген сөз бекер айтылмаса керек. Кешегі асылдарымыздың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» — деп айтқанын естен шығармай, асыл қазынамызды ардақтай білейік.

Бек Мырза ҚҰРМАН

 

Материалдарды дайындаған Бағдат Чойбасов

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button