ҒҰМЫРЫМЫЗДЫ АБАЙША НҰРЛАНДЫРСАҚ…
Адам баласына өмір бір-ақ рет беріледі. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде жақсылық жасаудан асқан құнды іс жоқ. Абай үндеген жақсылық «бауырға» деген ыстық сүйіспеншілікпен ұштасады. Менің ойымша, хакім насихаттаған парасатты ой адамгершілігімізді арттыртып қана қоймай, жүрегімізге күллі адамзат сиятындай кеңдік сыйлайды.
Адамгершілік – әрбір жанның бойында болуы тиіс ұлы қасиет. Кімнің бойынан бұл асыл қасиет табылса, соны «ер» деп есептеу керектігін Ахмет Иүгінекидің өзі айтып кеткен. Бүгінгі ерлер қатарына сауатымызды ашып, бар мейірімін төгіп жүрген мектеп жүрегі – мұғалімдерді жатқызар едім. Ұстаз шәкірт жүрегіне мейірім гүлін отырғызып, күн сәулесі іспетті сол гүлдің жайқалып өсуіне үлкен септігін тигізеді. Бұл ойыма А. Құнанбайұлының «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген ойы дәлел бола алады. Жүрек кеңдігі қазағымның даласындай ерлердің қатары бүгінгі таңда волонтерлермен толысып жүр. Көмекке мұқтаж жандардың бір жағына шығысып, әрдайым көмек қолын созуға даяр еріктілердің ісіне еріккеннің ермегі деп қарайтындар баршылық. Шындығында, еріктілер – өте еңбекқор адамдар. Оқуды да, жұмысты да ұршықтай иіріп, сосын өзгеге көмектесуге уақыт таба білу нағыз ерлік деп есептеймін. Волонтерлік Батыста пайда болған қозғалыс болғанымен, жақсы ниетпен бір нәрсе жасауға ерік білдіру біздің ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызға сәйкес келеді емес пе?
Ұлы ойшыл халықтар арасындағы достықтың негізіне қайырымдылық пен адамсүйгіштікті жатқызды. Абай: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», — деді. Сол өсиетті өзі орындап кетті. Ол атаның ғана адал ұлы емес, өз халқының, адамзаттың адал ұлы бола білді. Оның философиялық терең мұрасы күллі адамзаттың игілігіне айналғанының бір себебі – оның шығармашылығындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды талмай айтып отырғандығынан болар деп ойлаймын. Расымен де, Абай салған сара жолмен әрбір жанға өз бауырымыздай қарасақ, мына дүние мейірімге толып, нұрлана түсетіндігіне бек сенімдімін.
Ақниет ҚАЖЫМУРА