АҚЫН МҰРАСЫ — МӘҢГІЛІК
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,– деп төрелігін өзі айтып кеткен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жасап келеді.
Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында: «… Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпағын тәрбиелеу – әсіресе қазақ халқында ежелден-ақ келе жатқан үрдіс. Бұл жерде сөз өнерінің атқарған орны ерекше болған. Адамзаттың ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы Абай тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол «Нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек?» — деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды Адам қойған соң, қайтып надан болайын?», «Адамды сүюден басқа қызық жоқ» деген пікірінде қазір көп айтылып жүрген ізгілік педагогикасы ұстанымдары жатыр. Осы жерде жас ұрпақты тәрбиелеу ісі ең алдымен, оларды адамды сүюге баулудан басталуы керек деген тұжырым шығады. Абай мұрасы, тағылымының өміршеңдігін заманның өзі дәлелдеп отыр» — деген болатын. Абайды тану – жалпы қазақ әдебиетін тану тәрізді ғылым. Бұл ауқымды жұмысқа тек әдебиетшілер ғана емес, тарихшылар мен тілшілер, көркемөнер зерттеушілері мен педагогтар, тағы да осыларға жалғас әр саланың мамандары тарапынан үлестерін қосып келеді.
Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнары. Абайдың мұраларының танымдық-тағылымдық мәнін зерттеу – тың мәселе.
Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасында орын алады. «Соқтықпалы, соқпақсыз» заманда өскен, «Атаның баласы емес, адамның баласы болуды» уағыздайтын ғұлама-хәкім «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп толғанады. Оның ойынша, адамзатты, әділетті сүю – толық тұлғаға тән басты кісілік қасиет екенін түсіндіреді. Адамды сүйіп, құрметтеуге үндеген кемеңгер ақын поэзиясының түпкі негізі – адам, оның ішінде «Толық адам».
Абай арманындағы «Толық адам» өнерлі, білімді, еңбекқор, адал, әділ, жылы жүректі, ыстық қайратты, ғылым жолына түскен іздемпаз болуы керек. Ал махаббатпен сүю, адамды сүю, Алланы сүю, әділетті сүю – Абай шығармаларының биік мұраты.
Лаура ҚАРАСАРТОВА