Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМеждуреченский ауылдық округіРуханиятСпорт

ТАБЫСЫМЫЗ ТҰРАҚТЫ, ЕҢБЕГІМІЗ ЕШ КЕТКЕН ЖОҚ

МЕЖДУРЕЧЕНСК: АУЫЛ - ЕЛ БЕСІГІ

«Ауылым – алтын бесігім» деген жанға жағымды көркем сөз бар. Әңгімемізге арқау болып отырған Междуреченск ауылы адам жаны тыныштық тауып, тек тіршілігін өркендететін алтын бесік қана емес, тәлім-тәрбиенің, қып-қызыл еңбектің алтын ордасы десек, әсте жаңылыспаймыз. Ауылдың негізі 1954 жылдың ерте көктемінде қаланды. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен: Украина, Белоруссия, Ресей, Балтық бойынан Коммунистік партияның шақыруымен тың жерлерді игеруге және жаңа колхоздар мен совхоздарды құруға көп адамдар келе бастады. Бастапқыда геодезистер мен құрылысшылар жаңа тың совхозының орталығын №2 бригада маңайынан салуды ұйғарды. Жұмысты маман М. И. Канцеляристов басқарды. Жерді бақылаудан өткізіп, жарамды екеніне көз жеткізді, бірақ ауылдан ауыз суды жүргізу қиын болатыны белгілі болды. Сондықтан құрылысшылар төменге түсіп, екі өзен Ақсай мен Қаскелең өзендерінің тоғысқан жерін таңдады. Олар осы маңнан ауыл салып, оған Междуреченск деген әдемі атау беруді шешті. 1956 жылы Кеңестер Одағының үлкен картасында жаңа «Қаскелең» атты тың совхозы пайда болды Жергілікті тұрғындарды қазақ, орыс, күрд тағы басқа да ұлттар құрайды. Барлығы қойы қоралас, адамдары аралас тату-тәтті кәсіптерін дөңгелетіп, тіршілік етуде. Междуреченск ауылдық округі дамуының негізгі бағыты – мал және егін шаруашылығы. Қазақы қасиеттер ауылдан бастау алады.

Междуреченск ауылдық округінде барлығы мемлекеттік тілде сөйлеп, еркін араласады. Бұл елдімекен қашанда қамқорлықтан, жанашырлықтан кенде қалмаған. Бұрнағы жылдары ауылды басқарған азаматтар қолдан келгенше ауылды көркейтіп, гүлдендіре отырып елдің негізін қалап кеткен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтарға байланысты ауыл аздап жұтаңдаған еді. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің сындарлы саясатының нәтижесінде ауыл көркейіп, оң қадамдар жасай бастады.

Халықтың көпшілігі мал өсіріп, егін егіп, саудамен айналысып, тіршілік етуде. Ауылдың әл-ауқаты біршама көтерілді. Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасы қарыштап дамуы үшін ауылдың жағдайы жақсаруы маңызды екенін да әрдайым назарында ұстап, айтып жүр. Соңғы жылдары ауылдың тыныс- -тіршілігін жақсартуға мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, көптеген іс-шаралар атқарылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын жанына серік етіп, ата-бабамыздың төл кәсібі – мал өсірумен шұғылданып жүргендердің еңбегі еш кетіп жатқан жоқ. Мұнда 1855 бас мүйізді ірі қара, 1600 қой мен ешкі, 127 бас жылқы, 1160 құс өсіріледі. 2020 жылы мал санын көбейту мақсатында округте Хамза Бабалықовтың «Олжас» шаруа қожалығы 1 млн 600 мың теңге, ШҚ «Демеу» Қуандық Базарбаев басқаратын «Демеу» шаруа қожалығы 750 мың теңге, Қайрат Мыңбаевтың «Мыңбаев» шаруа қожалығы 490 мың теңге субсидиялық көмек, Нұрболат Естеусізовтың басшылығындағы «Междуреченск Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 19 миллион субсидия алды. Жалпы, осы округте 160 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Шаруа қожалық иелері асылдандырылған малдың ерекшелігі зор екендігін айтады. Басқа ауылдардағыдай малға арнайы жем-шөп дайындаудың қажеті жоқ. Ауылдың шөбі шалғын, өте құнарлы. Жусан шөбінің түр-түрі өседі. Міне, осындай шөптермен малды қыстан қысылмай алып шыға алады. Ауыл шаруашылық бағытындағы жұмыстарды қарқынды қадамдармен жалғастыру, өнімнің сапасын арттыру, егін шаруашылығына арналған жерлерді игеруде тиімді жаңа инновациялық жобаларды пайдалану тұрғындардың алда тұрған міндеті болып табылады. Междуреченск ауылдық округі бойынша барлығы 65021 гектар ауыл шаруашылығы алқаптары бар, оның 46273 гектары – жайылымдық, 18734 гектары – егістік, 3146 гектары – суармалы жер.

Округте сыйымдылығы 3300 тонналы көкөніс және картоп сақтайтын «Заозерный» шаруа қожылығының қоймасы бар. Оны С. Хрущев басқарады. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында 1440 тонна картоп, 800 тонна пияз сақтау үшін қойылды.

Мемлекеттің қолдауымен Хамза Бабалықов басқарып отырған «Олжас» шаруа қожалығы 350 гектарға жүгері егіп, тамшылатып суару арқылы суарады. Өткен жылы ол 1 гектардан — 13 тонна жүгері өндірді. Междуреченск ауылдық округінде «Өтепбергенова» шаруа қожалығы бау-бақша егумен айналысады. 6 гектар жерде 2200 алма, 450 өрік ағашы өседі. Ал «Алдияр» шаруа қожалығында 120 түп алма ағашы бар.

2020 жылы «Берекет» шаруа қожалығы ұйымдастырылып, 100 гектарға бидай  егілді. 2019 жылдың қыркүйек айында ұйымдастырылған «Мухажанова Г.Ч.» шаруа қожалығы «Хан Тәңірі» шаруа қожалығынан жалға алынған 1,5 га жер телімінде қызанақ өсіруде. Шаруа қожалығына Қанапияев Мирлан Мерзияшович жетекшілік етеді.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында округ аумағында «Сокол» автодромына құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бас мердігер «Ролис Қазақстан» ЖШС 22 миллиард 200 миллион теңге көлемінде инвестиция тартты. Жалпы инвестиция көлемі 70 миллиард теңгені құрады.

4198 адам тұратын Междуреченск ауылдық округі тұрғындары жастар көбіне мал бағумен ғана шектеліп қалмауын қадағалап, жаңа жұмыс орындарын ашуда қолдан келген көмегін қарастыруды көздеп, кішігірім зауыттар мен цехтар ашуға ұмтылуда. Қазіргі уақытта округ көлемінде 42 дүкен-дүңгіршек, 5 дәмхана, 3 мейрамхана, 4 дәріхана, 1 техникалық көлік жөндеу орны, 3 көлік жуу орны, 2 дөңгелек жөндеу орны, 2 компьютерлік қызмет көрсету, 4 жанар-жағар май стансасы, 10 шаштараз, 15 тұтынушыларға қызмет көрсететін нысандар, қоғамдық монша халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлікте жалпы 275 адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнес обьектілерінің иелері қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық шараларына, мәдени-саяси іс-шараларда белсенділік танытып, жергілікті органдармен қоян-қолтық бірлесе отырып жұмыстар атқарады.

Округте орналасқан 2 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік-акушерлік пунктте 11 медициналық қызметкерлер жұмыс істейді.

«Мемлекеттің басты байлығы – адам» десек, әрбіріміздің аман-саулығымызды бақылайтын, әрине, ақ халатты абзал жандар. Бір қызығы, адам жанының арашасы болатын ең күрделі сала қызметкерлерінің басым бөлігін арулар құрайды. Бұл да бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді әлдилеген әйелдер қауымының нәзік бола тұра, мықты екендіктерін көрсетсе керек. Қазіргі уақыт – еліміздің бірлігі мен ынтамақтастығы сыналатын кезең. Осындай үлкен сынақтан тек темірдей тәртіп пен мызғымас бірліктің арқасында өте алмақпыз. Дәрігерлер халықтың тәнін емдесе, біз ел болып оларға рухани демеу болайық. Жер шарын жайлаған қатерлі індет кезінде олар уақытпен санаспай еңбек етуде. Ендеше, оларға сенім білдіріп, құрмет көрсетейік. Сақтық шараларын қатаң сақтайық. Сонда бұл белесті де бағындырарымыз сөзсіз.

Округімізде 4 орта білім беру мектептері орналасқан. Оқушылар саны — 4435, мұғалімдер саны — 482. Барлық білім беру мекемелері қазіргі таңда онлайн форматта білім береді. Алыста тұратын оқушылар үйден мектепке дейін және кері мектептен үйге дейін тегін тасымалдаумен қамтылған.

Ауылда халықтың жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Көшелерде шамдар жанып, кешкі ауылды жарқыратып тұр. О баста адамдар бар малын сатып, қалаға қарай кете  бастаса, қазіргі кезде керісінше, қаладан ауылға қоныс аударып жатқандар көп. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен көптеген жастар келіп, жұмысқа орналасуда. Бұл – мемлекет тарапынан жастарды үймен қамтамасыз етудің, басқа да жасалып жатқан жеңілдіктердің нәтижесі. Түрлі ұлт өкілдерінің берекелі шаңырағы болып табылатын Мәдениет үйінде әр түрлі мәдени шаралар өз деңгейінде өткізіп келеді. Облыс пен аудан көлемінде жеткен жетістіктер аз емес. Атап айтатын болсақ, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданымызда Алматы облысының аудан, қала, мәдениет күндері аясында Междуреченск ауылдық мәдениет үйінде «Ауылым Ақсай жағасында», ауылдық мәдениет үйлері арасында облыстық «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау өткізілді. Өткен жылдың 19 қазанында Талдықорған қаласында аталмыш байқаудың нәтижесі жарияланды. Облыс бойынша 33 ауылдық мәдениет үйлері арасында Междуреченск ауылдық Мәдениет үйі жүлделі орынға ие болып, дыбыс аппаратурасы мен 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық және облыс әкімінің дипломымен марапатталды. 2018 жылы Бурабайда балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Мир детям» атты байқауда «Мұрагер» домбырашылар тобы бас жүлдеге ие болып, ІІІ Халықаралық байқауға жолдама алды. Би номинациясы бойынша «Көркем би» ансамблі І орын, вокал номинациясы бойынша М. Мақатаевтың «Туған өлке» әнімен Софья Бабаян І орынды иеленді. 2019 жылы Алматы қаласында Республикалық «Мен де жұлдыз
боламын» атты балалар мен жасөпірімдер арасында өткен іріктеу сайысына мәдениет үйі жанынан құрылған «Көркем би» ансамблі мен «Мұрагер» домбырашылар ансамблі қатысты. Осы сайыста жоғары дәрежеде өнер көрсеткен «Мұрагер» домбырашылар ансамблі Москва қаласына, «Көркем би» ансамблі Түркия елінің Бурса, Сакария қалаларында өтетін концерттерге жолдама алды. 2019 жылдың 5-10 желтоқсан аралығында республикалық «Мен де жұлдыз боламын» атты балалар мен жасөспірімдер арасында өткен өнер сайысы нәтижесінде «Көркем би» ансамблі Бурса, Сакария қаласы әкімдерінің арнайы сыйлығымен марапатталды.

Междуреченск спорт жағынан да құр алақан емес. Салауатты өмір салтын ұстануда аудан бойынша көш бастап тұр. 2018 жылы волейболдан қыздар арасында өткен аудандық жарыста жүлделі ІІІ орынға ие болды. Грек-рим күресінен, бокстан жасөспірімдер мен балалар арасында өткен шағын турнирлерде жүлделі І-ІІ орындарды иеленді. Жыл басынан бері 33 спорттық іс шара ұйымдастырылды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында көпшілік жүгірулер мен түрлі спартакиадалар ұйымдастырылды. Мейлінше дені сау, даярлығы жан-жақты халық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да барынша үлес қосады. Сондықтан, бұқаралық спорт бүгінгі Қазақстан қоғамын алға жетелеу және ұлттық стратегиялық мүдделерге жету үшін ауадай қажет.

Междуреченск ауылдық округін басқарып отырған ұлтжанды іскер азамат Серік Әбдібековтің ауылдастарымен бірігіп атқарған жұмыстары аз емес. Алдағы уақытта да ауылдың жайнап, көркеюі үшін ел азаматтарының алға қойған мақсаттары жетерлік. Ендеше, бірлігі жарасқан ауылға сәттілік пен ұтымды шешімдер тілейміз. Ауыл – әрқашан да қазақтың қарадомалақ балаларының бойы мен болмысына күш қуат берер аккумуляторы болғай!

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР АЯСЫНДА

Междуреченск ауылдық округінде жалықты жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытындағы мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар тиісті дейгейде жүзеге асырылуда.

Айталық «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Екпінді ауылы №2 орта мектепте дәретхана жөндеу жұмысын «Стройсервис-97» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, толығымен аяқтады.

Ал, «Эталон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігер компаниясы Жауғашты ауылындағы Новая көшесіндегі №1 және №12 үйдің ауласына абаттандыру және көріктендіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар бұл серіктестік алдағы уақытта Екпінді ауылындағы 2,8 шақырым болатын арық желісіне жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Междуреченск ауылдық округінде жалпы саны 101 көше бар, Екпенді ауылында – 25, Междуреченск ауылында – 35, Жауғашты ауылы – 15, Шабыт ықшам ауданында – 26 көше бар. Оның ішінде, Достық көшесі (бұрынғы Ленина көшесі), Тамабаева көшесі, Жібек жолы көшесі (бұрынғы Речная көшесі), Мұхтар Әуезов көшесі (бұрынғы Советская және 40 лет Победы көшелері) және Әлихан Бөкейхан көшесі (бұрынғы Карл Маркс көшесі) күрделі жөндеуден өтті.

Дінмұхаммед Қонаев көшесі (бұрынғы Шоссейная көшесі) ағымдағы жөндеуден өтті. Осы жылы Абай, Мағжан Жұмабаев көшесі (бұрынғы Комсомольская), Әлия Молдағұлова көшелері (бұрынғы Солнечная көшелері) ағымдағы орташа жөндеуден өтеді деп күтілуде.

Сонымен бірге қазіргі уақытта жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Осы мақсатта Екпінді ауылындағы Абай көшесінің 1420 метр, Междуреченскідегі Мағжан Жұмабаев көшесі (бұрынғы Комсомольская көшесі) 720 метр, Жауғаштыдағы Әлия Молдағұлова көшесінің (бұрынғы  Солнечная 1 көше-сі) 340 метр жерін жөндеу жоспарлануда. Бұл үшін 92 885 000 теңге қаражаты тендерге қойылған болатын. Тендерлік байқауда «Hadid» жауапкешілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанып, жақын арада жөндеу жұмыстарын бастамақшы.

Көшелерді ағымдағы жарықтандыру жұмысы да қолға алынды. «Электросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Екпінді ауылындағы Боралдай – Шамалған тас жолы бойында 1,6 шақырымдық электр желісін жөндеу жұмыстары жүргізуде. Жауғашты ауылындағы 2 трансформаторға жөндеу жұмыстары жұргізіліп, 21 электр бағаналары орнатылады.

Шабыт ықшам ауданында 1500 орындық мектеп салу үшін жер учаскесі тегістеліп, тазартылды. Бұл үшін 4 500 000 000 теңге қаражат игерілді. Қазақстан Республикасы Президентінің халқына арналған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты жолдауын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық жұмысқа 26 адам қабылданды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында, Междуреченск ауылы Дінмұхаммед Қонаев көшесі (бұрынғы Шоссейная көшесі) бойында балалар мини футбол алаңының құрылыс жұмыстарын «Қайнар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.

Жалпы алғанда, Междуреченск ауылдық округінің елдімекендерін көріктендіру, абаттандыру, жолдарды жөндеу жұмыстары белгіленген жоспар бойынша рет-ретімен жүзеге асырылуда.

15 МЫҢДЫ КІМДЕР АЛАДЫ…

Междуреченск ауылдық округі бойынша коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгені алу үшін 500 азаматтардан өтініш онлайн және жеке қабылданып, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жіберілді. Коммуналдық қызметтерді өтеу туралы кімге беріледі?
1) 1, 2, 3 топтағы мүгедектері;
2) Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3) Көпбалалы отбасылар;
4) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларымен теңестірілген тұлғалар;
5) Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
6) Төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
7) Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде, жалғызбасты зейнеткерлер Коммуналдық қызметтерді өтеу осы санаттағы топтарға беріледі.

ЖӘРДЕМ ЖАСАЛЫНДЫ

Междуреченск округінде тұрмысы төмен жандарға қажет кезінде қол ұшын беріп, тиісті жәрдем жасайтын жомарт жандар аз емес. Соның бірі Алматы облыстық мәслихатының депутаты Усейн Касанов. Ол 2020 қаңтар-ақпан айларында округтегі аз қамтылған 20 отбасына 21 тонна 400 кг көмір таратып, 4 отбасына отын алып берді. Төтенше жағдай кезінде де халықтың ортасында болып ардагерлер мен жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге, көпбалалы аналарға азық-түлік, басқа да қажетті заттармен көмек жасады. Ал, «СТК Сокол» автодромының басшылығы өткен жылдың қыркүйек айында қамтылған және көпбалалы 60 отбасына мектепке қажетті оқу құралдары, мектеп формасы және спорт киімдерін тегін таратты.

 

БІРЛЕСКЕН ІС БЕРЕКЕЛІ БОЛМАҚ

Междуреченск ауылдық округі әкімшілігі мен қауымдастық кеңес мүшелері және ардагерлер ұйымы арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Бұл қоғамдық ұйымдар округте өтетін сан түрлі саяси, мәдени, тәрбие бағытындағы шаралардың жоғары деңгейде өтуіне белесене араласады. Округ бойынша жергілікті қоғамдастық кеңесінің мүшелері және еріктілер бірлесіп төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында көпбалалы аналарға және аз қамтылған 350 отбасыға тиісті көмек ұйымдастырды. Жеке кәсіпкер Абдуганиев 5000, Екпінді ауылының имамы Жайсан Ғани 500 бетперде тігіп, халыққа тегін таратты.

Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығы мерекесінде соғыс және тыл ардагерлеріне азық-түлік себеті беріліп, мерейтойлық 23 медаь тапсырылды. Көркемөнерпаздар ұйы-мы да бұл шарадан тыс қалмай, ауыл тұрғындарына онлайн арқылы құттықтау ұйымдастып, концерт қойып берді. Ал, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жармағанбетов Совет Жармағанбетұлы өзінің құзыреттілігіне әкімшілік және кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, жастарды елжандылыққа, Отансүйгіш-тікке, имандылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, зейнеткерлердің еңбек жағдайы мен құқығын қорғау, жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің, көпбалалы аналардың жоғары деңгейде әлеуметтік тұрмыстық жағдайын қамта-масыз етуге баса назар аударады. Қай кезде болмасын жәрдемге мұқтаж жандарға көп болып көмек көрсетуді ұмытпайды. Ауылдағы ұсақ-түйек дау-дамайды округ әкімі және ақсақалдармен бірлесе отырып шешеді. Сонымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларды насихаттау және жүзеге асыру бағытындағы шараларға белсене қатысып отырады. Шабыт ықшам ауданында аз қамтылған отбасының қоқыс шығару бойынша төлемін төлеу мүмкіндігі болмауына байланысты төлемді қысқартуға ықпал жасады.

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Ауа арқылы жұға беретін коронавирустың таралу аумағы күнненкүнге кеңейіп келеді. Мемлекетіміз барлық сақтық шараларын жасап жатса да, бұл індет елімізді кеңінен жайлап, аурудың екінші ошағына айналдырып бара жатқандай. Жер шарына тегіс таралып, көптеген адамдардың өміріне қауіп төндіріп отырған қатерлі індет-коронавирусқа қарсы күрес шаралары Междуреченск ауылдық округінде жүйелі жолға қойылған. Короновирустық инфекция және пневмониялық індетінің таралуына жол бермеу мақсатында округте дезинфекциялық жұмыстар күнделікті қоғамдық орындарда, балалар ойын алаңдарында, ескерткіш маңайында, пошта, аялдамаларда, діни ғимараттарда, мекемелерде хлор қосылған қоспа арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта 35 көше, 11 балалар алаңы, 10 мемлекеттік мекемелерде, 3 діни ғимаратта, 42 дүкен сауда орындарында МТЗ-80 тракторы және 900 литрлік цистерна арқылы залалсыздандырылды. Бұған 10 адам қамтылып, 6 арнайы құрал жұмылдырылды Коронавирустың таралуын үдеткен факторлар таразысының бір басында дүрбелең тұрса, екінші басында халықтың бейғамдығы пен салғырттығы тұр. Дертке шалдыққандардың өз ауруын жасырып қана қоймай, айналасындағылармен байланыста болуы, мемлекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым гигиена талаптарын орындамауы үлкен қатерге әкеп соғуы мүмкін. Осыған байланысты округте коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және қауіпсіздік нормаларын сақтау мақсатында саудажәне бизнес объектілерін бақылау бойынша күнделікті мониторинг жасалынады. Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 3 шілдедегі №19 қаулысы бойынша қоғамдық тамақтандыру, сауда орындарының және қызмет көрсету обьектілері кәсіпкерлеріне түсіндірме жұмыстары күнделікті жүргізіледі.

Бүгін біз ел экономикасының негізі шағын және орта бизнесі тәуелсіздік алғаннан бері ең ауыр соққыларды бастан өткеріп жатқандығын көріп отырмыз. Осыған байланысты халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың өздерін оқшаулап, жиын-тойға жиналмауы қатаң бақылауға алынуда. Сақтық шаралары мейлінше қатаңдатылуда. Оларға қоғамдық орындарда бетперде тағып жүруі қатаң ескертілді.

Материалдарды  әзірлеген Р. АЙДАРБЕКОВА

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button