Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамРуханият

Дастан НҰРАЛЫҰЛЫ: ӨМІРЛІК ЖОЛДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК ҰЛЫ ІСІМ

Халықаралық жастар күні биыл кеңінен аталып өтілмесе де, мерекеге орай Іле ауданының жастар ресурстық орталығында Алматы облысы жастар саясаты мəселелері басқармасының басшысы Ж. Қаратас пен Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Д. Ауданбаевтың алғыс хатымен ауданымыздың белсенді жастары марапатталды. Мадақтама қағазды орталықтың директоры Айдар Абдрахманов табыстады.

Біз аудан жастары мен еріктілер жұмысын тілге тиек еткенде өз еркімен «Іле жүрегі» еріктілер клубын ашып, қарапайым халықтың қамын ойлаған бүгінгінің батыры Ерубаев Дастан Нұралыұлы сынды азаматымызды мақтанышпен айта аламыз. Өзі жұмыс істеп жатқан компаниясынан шығып, «Іле жүрегі» атты еріктілер тобын құрды.Осы бір елеулі жастар мерекесінде Дастан Нұралыұлымен сұхбаттасқан едік.

— Дастан, еріктілер тобын құрудағы мақсатың неде? Бос уақытыңды тиімді пайдаланудың жолы ма әлде өмірлік бағытыңның бір саласы ма?

— Ерікті болып жылдар бойы жол салып келемін. «Көмек керек» деген посттарды ғаламтордан көзім шалып қалса, достарымнан естісем, қолымнан келгенше көмектесуге асықпын. Көмектің азық-түлікті мұқтаж жандарға жеткізу, керек еткен адамдарға киім-кешек, үй жиһаздарын беру сынды түрлері көп қой. Мен ерікті болуды бос уақыттың көптігінен таңдамадым, ол – өмірлік жолдағы адамгершілік ұлы ісім деп білемін.

— Ерікті болуға не түрткі болды?

— Осыдан 2 жыл бұрын ұлымның басынан ісік табылған сәтте маған достарым, таныстарым, достарымның достары, танымайтын адамдар ақшалай, дұға-тілек, жылы сөзбен, дәрігер іздестіріп көмектерін аямады. Жаны ізгі мейірімді адамдарға алғысым шексіз болды. Қатты қиналғанда өмірге мүлдем басқа көзбен қарайсың. Міне сол сәттен бастап менің де адамдарға деген көзқарасым өзгерді. Сондықтан, қолымнан келгенше, мұқтаж жандарға көмектескім келеді. Оған қоса, жұбайым студент кезінен қайырымдылықпен айналысып, бір қайырымдылық клубтың мүшесі болды. Олар үлкен іс-шаралар ұйымдастырып, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға, көпбалалы отбасыларға, жануарларға дейін көмек береді. Осындай қайырымдылық шараларды жылдар бойы көріп, сәті түскенде мен де қатысып, жігерлене түсетінмін. Еріктілікті таңдауымның ең басты себебі мұсылманның бір парызы – қайырымдылық. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» — дегенін ұмытпайық. «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, Өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі» — демекші, осылай волонтерлікке келдім.

— Ал, Өтеген батыр кентіндегі Жастар ресурстық орталығына қалай тап болдың?

Ел басына күн туып, әлем болып мына вируспен күресіп жатқанда үйде қол қусырып жата алмадым. Біраз уақыт бұрын мұқтаж жандарға азық түлік апаруға еріктілер көмегін керек еткен постты оқып, өз көмегімді ұсындым. Айдар Абдрахманов басқарып отырған Іле Жастары ресурстық орталығы да пандемия кезінде мұқтаж жандарға көмектесуде екен. Міне, ойымыз бен мүддеміз бір жерден шыққан соң, бірге қызмет атқарып, елге көмек қолымызды создық. Еріктілерді Іле ауданының әкімдігі күтіп алып, барлығын түсіндірді. Жұмысқа кірісіп кеттік. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тұрақты жұмысынан немесе табыс көзінен айырылған жандарға, сонымен қатар көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға жеке кәсіпкерлер атынан осы уақытқа дейін 1776 әлеуметтік азық-түлік себеттері, 5000-нан астам бетперде таратылды. Атап айтар болсақ, «Асар ume» қорынан 60 азық-түлік себеттері үйлестірілді. «Аrkaz Invest» ЖШС көмегімен 3000 отбасыға азық-түлік себеттерін тараттық. Ауданымыздың жастары мен Жастар ресурстық орталығы індет кезінде елдің бір жағына шығысып, қайырымдылық шараларына өте белсенді атсалысуда. 100-ден аса ерікті жастарымыз себет үйлестіру жұмыстарын атқарып жүр. Әкімдіктің, жастар орталығының қолдауымен ресми түрде штаб құрылып, арнайы кеңсе берілді. Алғысымыз шексіз. Жұмыс көп. Қолымыздан келгенше көмекті аямаймыз. Жоспарлар да көп. Болашақта сіздермен бөлісеміз. Әр шараның нәтижелерін (отчет, фото, видео) біздің @ile_juregi инста парақшасынан көре аласыздар!

— Өзің негізін қалап отырған «Іле жүрегі» еріктілер клубының қанша мүшесі бар

— Әр, округте өз еркімен келіп, елге жәрдемдесіп жатқан 30-дан астам мүшеміз бар. Қазір Өтеген батыр кентіндегі орталық аурухананың жедел жәрдем көлігінің үлгермеуіне байланысты және үй жағдайында сырқаттанып жатқан жандардың санының артуына орай медицина қызметкерлерін әр науқастың үйіне тасымалдаумен айналысып жатырмыз. Дәл осылай көптің алғысын алуға талпынып жүрміз.

— Сұхбатыңызға рахмет, Дастан Нұралыұлы! Іске сәт!

P/S: Апта бойы бір тынбайтын Іле жастар орталығының мамандары мен нұсқаушылары, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағымен бірлесіп, округтерде «Маска тағыңыз, Носите маску» атты акция ұйымдастырды. Адамдар көп шоғырланған жерде ескерту жазбаларын қалдырып, аудан тұрғандарына еліміздегі пандемияга байланысты карантин режимі ережелерін қатаң сақтау керектігі туралы түсіндірме, ескертпе жұмыстарын жүргізді.

Бағдат Чойбасов

Басқа жаңалықтар

Back to top button