Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН немесе бейқамдықтың кесірі

КОРОНАВИРУС: САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ

Қазақстанда соңғы екі айда пневмониямен ауырған науқастардың басым бөлігінен коронавирус анықталмаған. Алайда сарапшылар жазда пневмонияның өршуіне коронавирус әсер еткенін жоққа шығармай, бактериалды және коронавирусты пневмония деп екі бөлек қарастырып отыр. Кеше ДДСҰ денсаулық сақтау саласы бойынша төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райан пневмонияның бұл түрі дұрыс диагноз қойылмаған Covid-19 болуы мүмкін деген пікір айтты. Қазіргі таңда ДДСҰ Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланысты. Қазір бактериялық пневмония маусымы емес және пневмония диагнозы қойылған науқастардың көпшілігінде ПТР-тест нәтижесі теріс болса да, аурудың түп негізі коронавирус болуы мүмкін. ПТР нәтижесі оң болған кездегі картина мен рентгенограмма мен компьютерлік томография көрсеткен пневмония картинасы ұқсас, тіпті еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан өкпенің мұндай зақымдануын «коронавирусты пневмония» деуге болады. Пневмониямен ауыратын адамдардың ПТР-тест нәтижесі неге теріс болатыны белгісіз. Сарапшылар вирустың орналасқан орнына байланысты деп топшылайды. Вирус өкпенің жоғарыдан төменгі бөлігіне ауысса, онда оны жоғарғы жолдарда анықтау мүмкін емес. Коронавирустың нақты белгілері бола тұра, ПТР-тест теріс нәтиже көрсетуіне бірнеше себеп бар. Соған орай, коронавирусқа тән белгілер болғандықтан кейде аурудың клиникасына, компьютерлік томография ерекшеліктеріне, зертханалық сипаттамаларға назар аударылады. Мұның бәрі ПТР-тест нәтижесі теріс болса да, коронавирусты пневмония деп болжауға мүмкіндік береді.

Informburo.kz.

2020 жыл басталғанда бәріміздің тышқан жылы келді, бұрынғыдан да молшылық, тоқшылық болады деп қуанғанымыз рас. Тіптен кейбір көріпкелдеріміз бен сәуегейлеріміз биыл жақсы өзгерістер болады, Қазақстанның экономикасы қарыштап дамиды деген болжам да жасап тастады. Қай кез болмасын әдетте үмітімізді үкілеп, Жаңа жылдан жақсылық пен қуаныш күтеміз ғой. Биыл да сәуегейлердің болжамы, жүрегіміздің түпкіріндегі жақсылыққа деген сенім бар жылдағы үрдісімізден жаңылмадық. Бірақ, бірақ сол үмітіміздің ақталмай, көңілімізге қаяу түсетінін білмедік. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында, одан соң қаңтардың басында Қытайда жаман бір жұқпалы ауру шығыпты дегенде, оған мән бере қоймадық. Оны бір әдеттегі құс тұмауы немесе шошқа тұмауы сиықты ауру шығар деген сыңаймен ғана қабылдадық. Тіптен коронавирус деп аталатын аса қауіпті індет күн санап Қытайда өршіп барады деген жаңалықты естігенде де селт ете қоймадық. Жаһандық басылымдардағы «бұл өте қауіпті екен, оны жұқтырып алған адамды жалмамай қоймайды екен»,- деп қағылған дабылға да көңіл аудармадық. Дерттің ошағы Ухань қаласының есігі тарс жабылып, қазақстандық студенттер құрсауда қалғанда, ҚР Президенті дер кезінде тиісті шара қолданып, оларды елге аман-есен жеткізіп, халыққа шет мемлекеттерге бармауға кеңес бергеніне қарамастан көптеген жерлестеріміз басқа жердің туризмін дамытып, сайран салып, қыдырып жүрген. Тіптен коронавирус дерті елімізде тіркеліп, төтенше жағдай жарияланғанда да бейқамдықтан арыла алмадық. Төтенше жағдай басталғанда мемлекетіміз шет елде сайран салып жүрген жүздеген, тіптен мыңдаған саяхатшыларға арнайы ұшақ жіберуге мәжбүр болды. Мәселен, ресми мәліметтерге жүгінсек, сол уақытта шет мемлекеттерде 4500-ден астам Қазақстан азаматы болған екен. Олар Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Үндістан және Мальдив аралдарында саяхаттап жүрген. Енді не істемек? Елімізге жете алмай қалдық, — деп зар еңіреген саяхатшаларды жат өлкеде тағы қалдыра алмайсың ғой. Соларды тасымалдауға кеткен қаржы індетке қарсы күреске жұмсалса ғой..

Төтенше жағдай басталғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналар арқылы халыққа Үндеу жолдап, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұрады. «Әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Дүние жүзін коронавирустың таралуы алаңдатып отыр. Бұл індет күннен-күнге ушығып барады. Өкінішке қарай, бұл індет біздің елімізде де тіркелді. Менің кешегі Жарлығыммен бүгін сағат сегізден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды. Көп азаматтар алдағы мереке күндеріне орай жоспар құрған болар. Дегенмен бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз. Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз. Бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді», — деді. Мемлекет басшысының Үндеуін жүрдім-бардым тыңдап, оған немқұрайдылықпен қараған адамдардың болғандығын да жасыра алмаймыз. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының есігі жабылып, бекеттер қойылғанда да үйімізде тыныш отыра алмай шахар шетіндегі бұрылыстар мен қиылыстарды жаяулап өтіп, одан қалса шепте тұрған қызметкерлерге пара ұсынып жан таппадық. «Үйде болыңыз» деп күнде теледидардан қақсап жатса да, көшеге қарай жан-ұшыра жүгірдік. Мемлекет өз жұмысын тоқтатуға мәж бүр болған мекемелер қызметкерлеріне ең төменгі жалақыдан кем болмайтын еңбекақы ретінде
42500 теңге төлеп, «сақтық шараларын күшейтіңіздер. Өздеріңізді оқшаулаңыздар», десе де,
«Коронавирус кет, кет», — деп ән салып, індет жоқ деп ойладық, думандатып той тойладық, құдалыққа, қонаққа баруды қоймадық. Соның салдары болар Нұр-Сұлтанда қайтыс болған әйелмен тойда бірге болған Көкқайнар ауылының тұрғыны ауданда алғаш болып дерт жұқтырды. Бір адам індет жұқтырса, ар жағы белгілі ғой. Сырқаттар саны көбейді. Екінші бір көңіл аударатын мәселе, аудандық аурухананың реанимация бөліміне коронавирус сырқатының белгісі жоқ адам ауыр халде түсіп, екі күннен кейін оның бойынан вирус анықталған. Осы уақыт аралығында сол адамнан дәрігер жұқтырып үлгерген. Дәрігерден медбикелерге жұққан. Соның салдарынан аудандық аурухана карантинге жабылып, травмотология, терапия бөлімдерінің 100-ге жуық қызметкерлері 28 күн бойы Байсерке ауылдық округіне қарасты «Квант» жекеменшік мектебіне оқшауландырылды. Басқа да біраз адамдар Қараой ауылдық округіндегі әскери бөлімшеге орналастырылды. Осы аралықта отбасынан жырақта өмір сүрген қаншама аналар бала-шағасын көре алмай күйзеліске ұшырады десеңізші. Кейбіреуінің күнде телефон арқылы жолдасынан сөз естігендігінен жүйкесі тозды. Емхана қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Жұқпалы дерттің ошағы деп саналған Көкқайнар, Қараой, Чапай ауылдарындағы және Өтеген батыр кентіндегі жеке меншік баспаналар мен аудан орталығындағы Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесінің 41 және Қолдасов көшесінің №21 үйлері оқшауланып, күзет қойылып, тұрғындардың ары-бері жүруі шектеліп, олардың күнделікті керек азық-түлігі, басқа да заттары еріктілер арқылы жеткізіліп беріліп тұрды. 16 наурыздан 11 мамырға дейін ең алдымен медицина, одан соң ішкі істер органының, төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері күн демей, түн демей алдыңғы шепте болып, өз бастарын талай рет қатерге тікті. Осындай сақтық шараларының арқасында төтенше жағдай кезінде аудан бойынша алғанда індет біраз ауыздықталды.

Дей тұрғанмен екі айға жуық созылғанһ төтенше жағдай мерзімі аяқталғанда халық әліптің артын бағудың орнына көшеге лап қойды. Барыс-келіс, алыс-беріс қайта жанданып, мейрамханалар мен сауда орталықтарының жұмысы қолға алынып, адамдар думандатып, той жасауға қамданып, тіптен белді бекем буынып, іске кірісіп те кетті. Ас та көбейді. Дәл осы сәтті пайдаланғандай мылтықсыз майдан ашқан көзге көрінбейтін тілсіз жау артқа шегінбестен шабуылды бастап жіберді. Адамдардың ағзасына байқатпай кіріп, әбден пісіп жетіліп, бұрқ етіп сыртқа шықты.

Бұл жолы коронавирус індеті басқаша сыр берді. Адамдардың дене қызуы көтеріліп, демалысы қиындап, аяқ-қолы шаншып, әлсізденіп жатып қала берді. Мұндай сырқат үлкен қалаларды қойып, ауыл-ауылды аралап кетті. Адамдар қынадай қырыла бастады. Дәріханалардан дәрі таппаған жұрт не істерін білмей, қарапайым ғана аспирин мен парацеметомол іздеп сенделіп кетті. Ауруханаларда жататын орын болмай, орын болса қажетті препарат жетіспей дәрігерлер шарасыз күйге түсті. Біздің ауданның өзінде орталық аурухананың емханасы, «Бану» дәріханасының ғимараты, Боралдай аудандық ауруханасы бірден провизорлық бөлімге ауыстырылып мүмкін болған жағдай жасалды. Дәрігерлерден күдер үзгендер үйден емделіп, саумал, қымыз ішуге көшті. Дәрі-дәрмекпен бірге бие өнімінің, шұбаттың, қойдың құйрық майының саудасы қызды.

Аудан басшылығы індеттің өршімеуі үшін қолдан келген бар мүмкіндікті жасады. Солай бола тұрса да аудан бойынша наурыз, сәуір және 11 мамырда 59 адам коронавирус жұқтырса,11 мамырдан бастап тамыз айының алғашқы онкүндігінде бұл жұқпалы дертпен ауырғандардың саны 301-ге жетті. Яғни, індет жұқтыру 5 еседен асып кетті. Бұл нені көрсетеді? Өзіміздің жауапсыздығымызды, бейқамдығымызды, салғырттығымызды. Сөйте тұра үкіметті айыптап, мемлекетті кіналауды қоймаймыз. Мемлекет жұқпалы дерт тіркелген күннен бастап барлық сақтық шараларын жасады емес пе. Бірқатар ірі мекемелерді, мектептер мен балабақшаларды, сауда орындарын, мейрамхана, базарларды жауып, «Үйде болыңыз, біз сізбен біргеміз», деп ұрандатты. Соны құлағына ілген, түсінген жан болды ма? Карантин бітісімен тордан шыққан аң құсап, ел аралап, той тойлап кетті. Оның ақырының не болғанын жоғарыда баяндадық. Бұл жолы да мемлекет үнсіз қалмады. Қайтадан сақтық талаптарын күшейтіп, шілде айының 5 жұлдызынан бастап екінші қайтара карантин жарияланды. Бәрін айт та, бірін айт демекші, ендігі жерде біз өткеннен сабақ алуымыз керек. Керек емес-ау, сабақ алуға міндеттіміз. Өзімізді қорғау арқылы, басқаларды індеттен сақтай алатындығымызды түсінетін уақыт жетті. Мылтықсыз, майдан, тілсіз жауға сабырлылық пен шыдамдылығымызды, ерік-жігерімізді, қажыр-қайратымызды, ақыл-парасатымызды қарсы қоюымыз керек. Бәрімізді тізе бүктірген көрінбейтін тілсіз жау, мылтықсыз майданға ақыл-ойымызды қарсы қойып мінсіз күрес ашқанда ғана қиындықты еңсереміз.

Қалай болғанда да бүкіл дүниежүзі халқын тізе бүктірген короновирус індеті тұсында халық санасының деңгейі, еліміздің бірлігі мен тұтастығы тағы бір мәрте таразыға түсті. Ұлттық-салт дәстүр ықшамдалды. Кеш болса да карантин заңына бағынып, ағайынмен алыстан сыйласуды, халық көп жерге бармауды, жаназаға қатыспай, онлайн арқылы көңіл айтуды үйрендік.

Р. АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button