Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚазақстан жаңалықтары

ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ  ӘДІЛДІККЕ БАСТАЙДЫ

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын оқып, көптеген келелі мәселе көтерілгенін байқадым. Мен өзім ұстаз болғандықтан, білім саласына да қатысты түйткілдердің оң шешімін табатынына қатты қуандым. Мәселен, ата-аналар мен оқушылар, тіпті ұстаздар қауымы білім платформаларына кіре алмай дал болып жатқаны да Президентіміздің назарынан тыс қалмағаны, ол кісінің қырағы көзі бәрін көріп отырғандығы, білім платформаларының лайықты жұмыс атқаруға жарамай тұрғандығы мектептің, не ұстаздың кінәсі еместігін көре білгендігі көңілге медет береді. Себебі, пандемияға байланысты барлық білім мекемелері қашықтан білім беріп, қажетті платформаларға кіруге мүмкіндік болмай жатқан кезде таяқтың бір ұшы мұғалімге келіп тиіп жатқаны жасырын емес. Осыны ескерген Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp-тан» бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» — деп, мұғалімнің қызметі қашықтықтан оқыту кезінде күрделене түскенін баса айтады. Сонымен қатар, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек екені, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеу керек екеніне де тоқталып өткен. Сондай-ақ, «Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25  пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді» — деп, ұстаздардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да алаңдап отырғанын байқатады.

Ел болу үшін ең алдымен білім мен денсаулық саласын дамыту керек. Дені сау, рухы мықты, білімді ұрпақ қана ертеңіне сеніммен қадам басып, келешегін жарқын ете алады. Сондықтан, мемлекет басшысының басты назарда ұстап отырған келесі мәселесі медициналық инфрақұрылымды дамытып, денсаулық сақтау саласын мықтап қолға алуды қамтиды. «Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады» — дей келе, ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау мақсатында негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуге тиіс екенін ерекше атап өтеді.

Ал, білім саласында болсын, медицинада, жалпы қоғамда алға қойған мақсатқа қол жеткізуі үшін ең алдымен не керек? Бұл сауалдың жауабы да Президентіміздің Жолдауында айтылып өткен. Мәселе шешілу  үшін оған құлақ асу керек. Мұны дұрыс аңғарған мемлекет басшысы:«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет» -деп,әділдік болған жерде ғана үкімет халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, елдің мүддесіне жұмыс істейтінін баса айтқан болатын. Иә, сот болсын, прокурор болсын, тіпті қарапайым қызметкер болсын, айналасындағылардың ісін әділ бағалай алуы керек. Мәселен, мектеп өмірінде де әділдік болса ғана балаға лайықты білім мен тәрбие берілетіні анық. Біз еліміздің ертеңі әділдікті сүйетін, әділет жолында жанын қия алатын қоғам тәрбиелеу үшін ертеңгі азамат, бүгінгі оқушыға дұрыс бағыт беріп, мектеп қабырғасынан бастап әділдікке құштар етіп баулуымыз керек. Сонда ғана еліміз кемел болашаққа ұмтылып, келешек өмірдің жарқын сәулесін көре алады.

 

З.Т. Төреходжаева,

№7 орта мектептің директоры

Басқа жаңалықтар

Back to top button