Алматы облысының дін істері басқармасы «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылғы жоспарға сәйкес дәстүрлі түрде облыстық «Әл-Фарабидің рухани мұрасы» және «Абай шығармашылығындағы діннің рөлі» атты мақалалар байқауы өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ санасына ғұламалардың терең ойлары мен тамаша тағылымдарын сіңіріп, бабалар дүниетанымына, ұстанымына сай, қазақы сипаттағы бағытын қалып-тастырып, ұлы ойшылдардың өз дәуірінде ұлттық жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырғанын бүгінгі күннің өзектілігімен байланысын зерттеуді мақсат еткен байқауға облыс бойынша отыздан аса автор мақала жазып, өз бақтарын сынады.
Газетіміздің атынан тілшіміз Ержанов Алмат Ергешбаевич қатысып, «Абай поэзиясындағы Алланы тану мәселесі» атты мақаласын жолдаған болатын.
Облыстық дін істері туралы басқарма мамандары, «Жетісу» мемлекеттік университетінің ғалымдары және облысқа танымал журналистерден құралған әділқазы алқасының шешімімен әріптесіміз Алмат Ергешбаевич ІІІ дәрежелі диплом мен қаржылай сыйлыққа ие болды. Ауданымыздың мәртебесін арттырып, аудандық жаңалықтың жаршысы болып жүрген әріптесімізді марапатымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.
«Іле таңы» газетінің ұжымы