АЯЛАСАҢ ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

0
118

Адам – табиғаттың бел баласы. Кім-кімде болса өмірге келген сәттен бастап-ақ бұл дүниеден өткенге дейін табиғат бесігінде тербеліп, өзіне қажетін пайдаланып, емін-еркін еркеленеді. Алайда, еркелей жүріп, адам баласы өзін қоршаған ортадағы жан-жануарға тағылық танытпай, зиян келтірмей өткені міндет.

Соңғы ғасырларда халқымыздың біз жоғалтқан жақсы қасиеттері аз емес. Қазақ қай заманда да табиғатқа табынып, өзін осынау ғаламат жаратылыстың бір бөлшегі сезінді. Бүкіл тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымы да қоршаған ортаға орай өрілген сол халықтың болмысында табиғатқа деген ықылас-ізет ерекше еді. Қыс-қыстау, күз-күздеу дейтін даласы мен тау-тасын пайдаланудың озық үлгісі төрт түлік малдың қамы ғана емес, жерге деген жанашырлықтан туғаны даусыз.

Бірақ сол киелі табиғаттың қадірін білген қазақтың бүгінгі ұрпағы білім мен ғылымның арқасында ғарышты бағындырдық деген астамшылық пен тұтынушылық көзқарасқа бой ұрды. Табиғатқа залал-зиян келтірсе оны қылмысқа балаған халық екеніміз де ұмытылуға таяу. Соның айқын дәлелі, қазіргі күні еліміздегі қоршаған ортаның хал-ахуалы алаңдататын дәрежеге жетті. Жыл санап жойылып бара жатқан жан-жануар түрлері, шектен тыс ластанған ауа мен су, дала мен қала толы қоқыс, осының бәрі біздің экомәдениетіміздің айқын көрінісі. Тазалықты өз ауласы мен үйінің төңірегінен асырмайтын тоғышар сана Планетаны қойып, «менің елім, жерім, қалам, далам» дейтін асқақ ұғымдарға да көлеңкесін түсіруде.

Осы ретте дамыған елдер көшіне қосылғысы келетін біз олардың экономикалық табыстарымен қатар, табиғатты қорғаудағы үлгісін де үйренсек артық болмас еді деген ой туады. Соның бірі – Жер күні. Жыл сайын аталып өтетін бұл мереке айнала қоршаған ортаға назар аударуға шақырады. 1970 жылы АҚШ-та бастау алған бұл шара бірден әлем елдерінің қолдауына ие болды. 2009 жылы БҰҰ 22 сәуірді Халықаралық Жер-Ана күні деп жариялады. Басқа істе басы қосылмаса да, дәл осы Жер күнінде бүкіл планета халқы қоршаған ортаны қорғауда бірлік танытады. Өйткені Жер шары – адамзаттың жалғыз мекені. Табиғатпен үйлесімде өмір сүруден басқа таңдау жоқ екенін ұғынатын Жердің әрбір тұрғыны бұл күні айналасын тазалайды, ағаш егеді, түрлі шараларға атсалысады.

Міне, осындай әлемдегі жүздеген миллион адам қолдайтын шара елімізде жаппай сипат алмай келеді. Үн қосатын үлкендер үнсіз болған соң ба, жастар да жұлқынып шықпауда. Осындайда қолындағы сусынның құтысын лақтыра салған шетелдік туристің қылығы көзіне де, көңіліне де сыймай, «Ал Планета ше?» деп, аңтарыла қараған кішкентай париждік есіңе түсіп, оның тәрбиесіне тәнті боласың. Өкінішке орай, біз айрылып қалған көшпелілердің табиғатпен үйлесімде өмір сүру мәдениеті қазіргі еуропалықтардың өркениетті өмірінің қалыпты көрінісіне айналғанын мойындауға тура келеді.

Киелі табиғат астамшылықты көтермейді. «Ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз?» деген сауалдың жауабы Жер атты құтты мекенімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлеуге келіп тірелетіні анық. Адамзаттың өмір атты ауыр жүгін аманаттай арқалап, жалғыз серігі Айды айналған Жер атты ғажайып ғарыш кемесінің ғұмыры ұзақ болуы да бізге, адамдарға байланысты екенін қай-қайсымыздың есте ұстағанымыз абзал сияқты.

Көктем келіп, бүкіл табиғат оянатын шақта адамдардың ұйқылы-ояу санасы селт етіп, бір сәт Жер-Анамыздың да адами қамқорлыққа мұқтаж екенін терең ұғынса ғой.

 

Айсана НҰРҚАДЫР