Қоғам

ТІЛ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

Ұлттың болашағы – оның ана тілі. Ал тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы, оның бақыты мен тірегі.  ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Асыл қазынамызға айналған қазақ тілінің құндылығын арттыру мақсатында,  «Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» ММ 2019 жылдың маусым-тамыз аралығында облыс көлемінде «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясын жариялаған болатын.

2019 жылы 18 маусым  күні «СOVORKING» орталығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан округтегі тіл саласына жауапты мамандар, әр сала өкілдері, БАҚ қатысуымен акцияның ашылуы болып өтті. Осыған орай, Энергетический ауылдық округі әкімі Жұмабаев Бауыржан Ақжолұлының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 18 маусым күні  «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы жалғасын тауып, округ тұрғындарына «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарын түсіндіру, деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарының тіл нормаларына сәйкес ресімделуін анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен рейдтік зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

Туған тіліміздің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы. Өйткені, тіл – ата-бабамыздан бізге қалған аманаты. Ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру мына баршамыздың міндетіміз, парызымыз.  Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты,білімді, іскер, қабілетті, ұлтжанды етіп қалыптастыруда мемлекеттік тіліміздің атқаратын қызметі өте жоғары.

Жүсіп Баласағұн бабамыз «Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл», – деген.

Тіл – бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тілімізді қадірлеп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – әр қазақ баласының бірден-бір міндеті деп санаймын. Болашақ жастар тіліміздің абыройын асқақтатып,биікке көтеру, өз тілімізді ұмытпай, әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстау біздің міндетіміз деп санаймын.

 

А. АБИРОВА, Энергетический ауылдық округі әкімі

аппаратының бас маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button