Аудан жаңалықтарыҚоғам

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС…

Міне, тағы бір жұмыс күні аяқталды… Оқушылар үйлері-не қайтты. Мектеп іші балаларсыз тып-тыныш. Бүгінгі өткен күнге көз тастап, қорытынды жасауға, ой елегінен өткізуіме уақыт табылды. Бүгінгі күн несімен ерекшеленді?

Ең бастысы – менің оқушыларымды әріптестерім мақтады:

«Белсенділігі жоғары, ерекше ұсыныстары бар, балаларыңызға ризамын»- деген сөздер мені қатты қуантты!

Менің ойым еріксіз өткен жылға орала кетті… Бесінші сынып оқушылары мен ата-аналары мені аздаған сенімсіздікпен қарсы алғандай еді.

Бастауыш сыныбынан келген менің оқушыларыма да, жаңадан осы мектепке жұмысқа тұрған маған да оңай болмайтыны анық еді.

Шәкірттерімді мейірімділікке, шыншылдыққа, бақытқа, өзіне сенетін, өмірде кездесетін жаманшылық пен қаты-гездіктен бойларын аулақ ұстауды үйрете алатын мұғалім бола аламын ба? Менің ойымша, бұл – 21-ғасыр ұстазының негізгі миссиясы сияқты. Біздің «Ай-Нұр» гимназиясы өз ұстаздарынан ғылыми тұрғыда терең дайындық, жоғары деңгейдегі шеберлік, сонымен қатар педагогикалық сауаттылық пен біліктілікті талап етеді.

Бір жылда талай-талай сынып сағаттары, сабаққа мұқият дайындықтар, сонымен мектептен сырт саяхаттаған әр түрлі зияткерлік экскурсиялар, бірге көріп талқылаған кинофильмдер біздің топ оқушыдан ынтымақты коллективке айналуымызға расымен де септігін тигізді. Сынып оқушылары алуан қырлы, бірақ дүниедегі ең ғажап адамдар!

Сынып жетекшісі менің ғана емес, бүкіл «Ай-Нұр» ұжымының майталман еңбегінің арқасында кешегі сенімсіздікпен қараған тынышсыз оқушыларымның қазіргі көзқарасын мына шығарма үзінділерінен көруге болады. «Менің сүйікті ұстаздарым да, достарым да осында. Мен оларды көру үшін күнде мектепке асығамын!», «Мен «Ай- Нұрға» келгенде қатты қуандым, себебі бұл – мен армандаған мектебім екенін түсіндім! Бұл — жаңаша оқытатын, оқушыға жайлы білім ордасы», «Менің ойымша, «Ай-Нұр» сияқты инновациялық мектептер болашақта көп болу керек»… Шәкірттерімнің жүрекжарды балалық  кіршіксіз көңілдерімен жазған сөздерін оқығанда, ұстаздық еңбегіміздің бекер еместігіне көзіміз жеткендей болады.

Осы мамандықты таңдағаныма бір де бір күн өкінгенім жоқ. Қазір де, 40 жылдан астам уақыт өтсе де айтарым:  менің таңдауым кездейсоқ таңдау емес. Күнделікті оқушыларыммен кездестіріп тұрған, солармен бірге мұғалім болуды қайта-қайта үйретіп жүрген тағдырыма ризамын. Күнделікті бір сарынды сабақ…

Бірақ, бұл үйреншікті жұмыстың негізгі кейіпкерлері – балалар. Ал, олар — алуан түрлі өзгеріп отырады. Ұстаздың қиын еңбегі де, романтикалық серпілісі де осы балаларға арналады. Бұл еңбек мұғалімнің ойының үнемі қозғалыста болуы мен керек кезде жедел шешім қабылдауды талап етеді.

Ғалымдар оқу-тәрбие жұмысының әр түрлі тәсілдерін ойлап тапқан. Әлі де ойластыруда. Сол тәсілдердің қатып қалғаны жоқ, бір-бірімен сабақтасып жатады. Тәжірибеге сүйенсек,  ең алдымен оқушыға оқуды, білім алуды үйрету. Өз оқушыларымның оқудағы болып тұратын қиыншылықтарды жеңуді, жақсы жетістіктерге жетуге күш салып, тырысу керектігін, сонда ғана еңбегі жемісті, нәтижесі өзіне қанағат әкелетіндігіне көз жеткізуге, үйретуге тырысамын. Менің жұмысымда барлық инновациялық тәсілдердің арасынан шығармашылық- зерттеу тәсілдері негізгі орын алады.  Тақырыпты зерттей келе, сұрақ қоямыз, оған жауап іздейміз, жоспар құрамыз, сол жоспарды орындау барысында негізгі қадамдарымызды нақтылап, байқап, тәжірибе жасап барып қорытындылай келе нәтижесін бекітеміз. Мұғалім ретіндегі негізгі мақсатым – істеген іс-шараларының өте маңызды екендігін көрсете келе, өз күштеріне деген сенімділік пен сабаққа деген (менің ғана сабағыма емес!)  қызығушылықтарын ояту.

Мен – ұстазбын. Ұстаздық деген мамандық қана емес. Бұл — өмір салты. Бұл – мемлекет алдындағы, қоғам алдындағы, оқушы алдындағы жауапкершілік. Күнделікті маған шәкірттерімнің көздері қарап тұрады. Менің алдымда партада Қазақстанымыздың болашағы отыр. Бүкіл ел ғана емес,  менің балаларым мен немерелерімнің де өмірі осы болашақтың алған білімі мен тәрбиесінің қолында. Оқушысы ұстазынан асқан бала тәрбиелеп оқыту болған кезде ғана қоғам алдыға ұмтылады.

Біздің мектептің те негізгі мақсаты осы деп түсінемін. Әр мұғалімнің арманы – ұстаз бен шәкірттің біртұтастығы.

Соған жету – менің де ұстаздық ұзақ жолымдағы қазіргі кезеңге қойған мақсатым.

Ертеңгі жұмыс күніне сынып бөлмесін дайындадым, сабақ жоспарымды ретке келтірдім де, есікті жауып, үйіме қайттым.

Ертең менің мектебім оқушылардың бақытты күлкісі мен сыңғырлаған дауысына тағы бөленеді…

 

Айымгул ЖАКУПОВА,

«Ай-Нұр» гимназиясының жоғарғы санатты қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button