ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ. АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР

0
34

 

 

 

Іле аудандық кітапханасының Коворкинг орталығында ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 3-жылдық жұмыс нәтижесін қорытындылау және алдағы жылға ұсыныстар мен жоспарларды анықтау бойынша ауқымды шара өтті. Бұл жиынға ауданның әр округінен және бөлімдерінен «Рухани жаңғыру» жұмыстарын атқарушы жауапты мамандар және «Прогресс» пен «Экономика және құқық» колледжі студенттерінің қатысуымен брифинг өткізілді. Брифинг барысында Іле ауданы әкімінің орынбасары А. Сатибаев және ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұ.Жұмаділова Президенттік бағдарлама аясында іске асырылып жатқан маңызды әлеуметтік-мәдени жобалар туралы айтып, білім бөлімі, жастар, кітапхана, мәдениет үйлері т. б. бөлімдерінің жауапты мамандары бағдарлама аясында атқарылған іс-шаралары жайында толық ақпарат берді. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы республика бойынша рухани жаңғыру аясында өткен іс-шараларға 14 млрд. қаржы бөлінген екен. Президент мақаласындағы ілкімді жобалар биыл да жалғасын табатын болады. Ал, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұ.Жұмаділова берген мәліметке сүйенсек, 3 жыл ішінде мақала шеңберінде аудан ауылдық округтер аумағында өткен іс-шаралардың жалпы жиынтық саны – 610-нан астам болса, оған 39 462 адам тартылған.

«Осы жобаның аясында халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдау, жұмысқа орналастыруға жәрдем беру, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, инфрақұрылымдық нысандарды жөндеу, мектептерді заманауи жабдықтау бойынша іс-шаралар іске асырылды.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасыр талаптарына даярлаудың қамы,-деп түйіндейді Ұлт көшбасшысы. Расымен де, бүгінгі ұрпаққа ең керегі – білім. Жаңа ғасыр бізден осыны талап етіп отыр. Ендеше, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұлт саналы болса бақытты, ал санасыз болса – сор» деген ұлағатты сөзін ескере отырып, сыналған сәтте сыр беріп қалмағанымыз абзал.

Шара барысында жастардың қойылған сауалдарының бәріне нақты әрі толық жауап берілді.

 

Аудандық ішкі саясат бөлімі