Әнуар Молдабеков атындағы №6 орта мектепте Әбу Насыр әл-Фа-рабидің туғанына 1150 жыл толуына орай «Әбу Насыр әл-Фараби — түркі әлемінің рухани жұлдызы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның мақсаты — мектеп оқушыларына тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз — әл-Фараби өмірі, еңбек жолы туралы түсінік беріп, ғұламаның жан-жақты ерекше тұлға болғандығын түсіндіру, халқымызға білімнің, ілімнің нәрін сепкен аса ірі тұлға Әбу Насыр әл-Фараби мұраларынан нәр алып, оқушыларды туған жерге деген сүйіспеншілікке, адамгершілікке, адам бойындағы ізгі қасиеттерді қадір тұтуға тәрбиелеу.

Конференция Мұхтар Шахановтың «Арман» өлеңі желісінде өрбіді. Сахна сыртында «Арман» өлеңі оқылып, 10-сынып оқушыларының қатысуымен сахналық қойылым қойылды. Қойылым ортасында 9-10-сынып оқушылары топтарға бөлініп, Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны, шығармашылығы, еңбектері, жан-жақты қырлары туралы сөз қозғады. Соңында әл-Фарабидің нақыл сөздері мен өлеңдері оқылып, әл-Фарабиге арналған ән шырқалды. Конференция М.Шахановтың:

Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға, — деген өлең жолдарымен яқталды.

Іс-шараға қатысқан аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Молдағұлова Ақмарал Кұрманжанқызы мен мектептердің тарих пәні мұғалімдері конференцияның жоғары деңгейде өткенін атап айтып, алғыстарын білдірді.

Данышпан, энциклопедист ғалым астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған,  Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған іс-шаралар жалғасын табуда.

 

 

А. ДӘРКЕМБАЕВА,

Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектеп директорының

 оқу ісі жөніндегі орынбасары