Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЖетіген ауылдық округіЗнай нашихҚоғам

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ КӨК ТАРЛАНЫ

Әскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күш және өмір мектебі. Барып келгендердің пікірінше, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен  мемлекеттің жанашырларына айналуда. А. Байтұрсынұлы айтқандай, «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын», демекші, елін сүйген ердің ісі қашанда ел есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі бейбіт өміріміз – өз заманында Отан үшін от кешкен оғландардың, олардың туған жер үшін жанқиярлық ерлікке барғанының арқасы.

Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, елі үшін жанын пида еткен қайсар халықтың бүгінгі ұрпағы – Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінуі тиіс. Бұл үшін қазіргі қоғамда барлық жағдай жасалған. Тіпті, ел қорғандарына арналған күнтізбеде ерекше белгіленген мереке де бар. Ол 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Атаулы мерекенің келуіне санаулы күндер ғана қалды. Түсінген жанға, айтулы мерекенің орны тым бөлек. Себебі, ел қорғайтын азаматтарымыздың барында біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бірлігіміз үстемдік құрмақ. Отан қорғаушылар күні қарсаңында бүгінде өз ісінің маманы атанып, өзінен кейінгілерге әскери саланың қыр-сырын түсіндіріп жүрген Ташимов Нұрберген Құдайбергенұлымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

– Сәлеметсіз бе! Алдымен өзіңізді келе жатқан төл мерекеңізбен құттықтаймыз! Өзіңіз туралы кеңінен мағлұмат алсақ дейміз. Қай өңірдің тумасысыз? Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз? Отбасыңызда әскери салада жүрген жандар бар ма?

– Мен, майор Ташимов Нұрберген 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келгенмін. 2007 жылы мектеп қабырғасын аяқтап, шілде айында ұшқыш атамыз Талғат Бегилдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына курсант болып қабылдандым. Кеңес одағы кезінде әкем запастағы офицер, анам да медициналық курс оқып, сол саланың запастағы медбикесі болды. Қазіргі таңда зейнеткерлер, әкем инженер-механика саласында, анам ағылшын және француз тілдерінің маманы ретінде талай жылдар қызмет атқарып, бүгінде еңбекке толы ғұмырларының зейнетін көруде. Үйде 5 ағайындымыз, үйдің  төртінші перзентімін. 3 әпкем және інім бар. 2014 жылы отбасын құрып, бүгінгі таңда 3 қыздың әкесімін. Оқу жайын айтатын болсам, 4 жарым жыл өмірім  институтта казармада өтті. Жас бозбала үшін бірден тәртіпке бағыну оңай болған жоқ. Оқу барысында түрлі қиындықтарды бастан өткердім. Оқу кезінде сабақтарымыз орыс тілінде өткендіктен, ауылдан келген, мектепте тереңінен орыс тілін меңгермеген бала Нұрбергенге алғашқы оқу жылдары қиынға соқты. Алайда, жатаханада бірге тұрған жолдас жігіттер әр ұлттың өкілі, орыс, кәріс болғандықтан, күнделікті әңімелесудің арқасында көп ұзамай меңгеріп, оқуымды жақсы аяқтадым.

– Әскери қызметкер, әскери ұшқыш болуыңызға не түрткі болды?

«Өскенде кім боласың?» деген сұраққа біразымыз «космонавт боламын» деп жауап берген шығармыз. Бұл мамандық менің де бала күнгі арманым. Көшеде қызметтік формамен, әскери болсын, полиция болсын өтіп бара жатса еліктеп, қызыға қараушы едім. Бала кезінде бұндайларға қызықпаған ер балалар аз шығар. Мен де кішкентайымнан әскерилерге қызығып өстім. Қару-жарақ, түрлі дене жаттығулары, форма кию сол кезден ұнайтын. Солар секілді батырлық пен қайсарлықты сезініп көргім келді. Тіпті өз-өзімді іштей жігерлендірдім де. Уақыт өте келе елге, жерге қызмет ететін осы саланың адамы боламын деп түсіндім. Бұл саланы таңдағаныма өкінген кездерім болмады дей алмаймын. 1 курсты аяқтаған соң демалыста үйге барып оқу маған қиынға соғып жатыр, оқуды тастап, басқа саланы таңдасамба екен деген кездер де болды. Отбасымның ақыл-кеңесі, қолдауының арқасында барлық қиындықты өткеріп, бүгінде осы шаһардағы 53975 әскери бөлімінде қызмет етіп, жемісін көріп жатырмын. Әскери шенім – майор.

– Әскери ұшқыштың бір күндік өмірі қалай өтеді?

– Ия әрине бұл көпшілікті қызықтыратын сұрақ. Мен тікұшақ жүргіземін. Бұл жайлы өздеріңізбен кеңінен және толық бөліспекшімін. Біршама адамдар ұшақтарды ұшыру оңай, бір күндік жұмыс деп ойлауы мүмкін. Дегенмен де, бізде ең алғаш «ұшу алдындағы дайындық» жүргізіледі.  Әуе кемесінің экипаж мүшелері ұшуды орындауға дайындықсыз ешқашан жіберілмейді. Алдын-ала дайындық дегеніміз – нақты ұшу тапсырмаларын орындау әзірлігіне ұшқыштар құрамын келтіру. Экипаж мүшелеріне ұшар алдында жақсы ұйқы керек, таңғы асты ішкені де міндетті түрде тексеріледі. Ұшқыш дәрігерден соң, психологқа экспресс-тест тапсырады. Сынақтан сүрінбей өткендер ғана ұшу алаңына жіберіледі.1 күн бұрын бізге әскери бөлім командирінен тапсырма келіп түседі, нақты қатысты және жауапты тұлғалар бекітіледі. Алдағы күнді жоспарлап, қайда ұшатынымызды анықтап оқу-жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Арнайы жоспар бойынша, бағыт-бағдар бойынша дайындаламыз. Кешке шешуші дайындық кезеңі орын алады, ұшақты мамандар бүге-шігесіне дейін тексерістен өткізеді. Ұшқышта ақау болған жағдайда қандай шара қолданатынын, қауіпті жағдайда жасалатын іс-әрекеттерді тәжірибе жүзінде жерде талқылаймыз. Ұшу күні таңеретең ұшпастан 4 сағат бұрын саптық дайындық болады. Одан соң лауызымына қарамастан міндетті түрде барлық ұшқыштар медициналық тексерістен өтеді. Қан қысым, денсаулығы тексеріліп, моральдық-психологиялық жағдайы, көңіл күйі де назарға алынады.Ұшақ – қауіпті транспорт түрінің бірі. Қыста да, жазда да ұшудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, жазда жауын-шашын көп болатындықтан, әуе жолында найзағайлы бұлттардан айналып өтуіміз керек. Ұшақтағы радар қай бұлттың найзағайлы екенін, қай бұлтта қатты заттар бар екенін көрсетіп береді. Біз ұшатын тікұшақ кабинасының құрамы 3 экипаждан тұрады. Бірі – командир, екіншісі көмекші – ұшқыш-штурман, үшіншісі – борттық техник. Екі ұшқыштың да міндеттері болады. Командир мен ұшқыш-штурман өз міндетін атқарады. Екінші ұшқыштың жұмысы – командирге көмектесу. Авиацияда командамен  жұмыс істеу аса маңызды.  Аспанда бір ұшқыш әрқашан әуе кемесін басқарса, екіншісі біріншісіне көмектесіп отырады. Мәселен,  диспетчерлермен байланыс орнатады. Екіншісі басқарып, біріншісі бақылау жасайды.

– Нұрберген Құдайбергенұлы, ұшуды қай жерде және қандай ұшақ түрлерінде үйрендіңіз?

–Анам Ақтөбе қаласы Шалқар ауданының тумасы. Нағашыларым сол өңірден болғандықтан, жас кезімде бізді Шалқардан анамның ауылына дейін Ми-2 деген тікұшақпен алып баратын. Алғаш ұшаққа отыруым осы кезде болды. Содан менің ұшуға деген махаббатым ашылып, айтып өткенімдей Ақтөбе қаласына оқуға түстім. Оқу практикасы кезінде 2010 жылы Үшарал қаласына аттандым. Алғаш рет Ми-8 тікұшағымен өзімнің алғашқы ұшуымды бастаған болатынмын. Ұшақты ұшыру тәжірибем Ақтөбе қаласында жалғасып, оқу бітірген соң Алматы қаласы 53975 әскери бөліміне ұшқыш-штурман қызметіне тағайындалып, бекітілдім.

– Әрбір адамның өз кумирі болады. Келесі, бізді қызықтыратын сұрақ: Әскери өміріңізде кімді үлгі тұтасыз?

– Расымен де, оқуды енді бітіріп келген жас бала болып оң-солымды толық білмеген шақта ерекше мейірім мен қамқорлығын көрсеткен ұшық-нұсқаушыларым:әскери бөлім командирі полковник Байдуллаев Нұрлан Қошқарович және орынбасары полковник Ерлан Муратовичтен үлкен сабақ алдым. Қазіргі таңда осы әскери бөлімде әлі де қызмет етеді. Сол кісілерге алғысым шексіз және мен үшін үлгі десем артық айтпаймын. 15 жылдық тәжірибеммен бүгінгі таңда өзімнен кейінгі өскелең ұрпаққа, жас ұшқыштарға ағаларымыздан алған ақыл-кеңес, үйренгеніммен бөлісіп келемін.

– Өзіңіз сияқты ұшқыш болуды армандайтын жастарға қандай кеңес айтар едіңіз? Әскери ұшқыш қандай білім мен дағдыларға ие болу керек?

– Әрине, ұшқыш болу үшін бір тілек жеткіліксіз. Шын мәнінде, бұл мамандық кез келген ұшқыш үшін өмірлік маңызды белгілі бір ішкі қасиеттердің болуын талап етеді. Алайда ұшқыш болу үшін қатып қалған қағида не болмаса шектеу жоқ. Талаптардың ішіндегі ең маңыздылары: денсаулығы мықты болу керек, спортпен шұғылдану керек, психикасы тұрақты болу керек, қабілетті, білімді болуы керек. Ұшқыштарды «мәңгілік оқушы» деп те атайды. Себебі біз институтта алған біліммен шектелмей, үнемі оқып, білумен шыңдаламыз. Заман талабына сай техникалық құралдардың жаңаруына байланысты үнемі оқу-білімді дамытамыз. Ұшқыш болуды армандайтын болсаңыз бұл мамандықты таңдап қателеспейсіз дегім келеді. Қазірде елімізде мүмкіндіктер өте көп, жалақысы да жақсы, оқудағы шәкіртақы мөлшері де көбейген. Бұл салаға әлі күнге дейін мамандар жетспейді. Сол себепті жас түлектерді Ақтөбе қаласындағы «Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтын» оқып, елге, Отанға қызмет етуге шақырамын. Ұшудың өзі ерлік, оған жүрек керек, қайсарлық керек, қорықпау керек. Расымен де, қорқудың еш қажеті жоқ. Білім мен еңбектің арқасында білікті, өз ісінің маманы болу әрбір талпынған адамның қолынан келері сөзсіз!

– Сіздің кәсібіңізде ұшудан қайтып оралмау деген қаупі бар жағдайлар қаншалықты жиі болады?

– Техника болған соң әрине түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Техника істен шығып, апат болатын жағдайлар да аз емес. Ондай жағдайлардың алдын алу үшін бізде нұсқаулар бар, дайындық бар. Бұл салаға да білікті мамандар керек. Қауіптен қорықпаймын, білімді болсаңыз апаттық жайтты жеңуге болады деп сенемін. Бұл мамандыққа бар ынта-жігермізбен келгендіктен, тәуекел етіп, бір Аллаға сеніп ұшып жүрміз.

– Нұрберген Құдайбергенұлы, көп жігіттерден еститініміз, әскердегі жылдар адамның мінезін өзгертеді дейді. Сіз қалай ойлайсыз? Сіздің мінезіңіз өзгерген бе?

– Әскерде болған жігіттердің мінезінде айырмашылықтар барын байқауға болады. Әскери өмірді көргендер ортада өзін қалай ұстау керектігін, қай жерде қалай сөйлеп, тіпті қалай жүру керектігін біледі. Яғни, өз-өзін басқара алады. Мінезі тұйықтау келеді. Қысқасы, нағыз еркекке тән қасиеттер — батырлық, жігерлікті табуға болады. Мен өзімді 100 пайыз өзгердім деп айта алмаймын. Бала күнде қандай болдым қазір де болмысым сол қалпында.Біз қазір қос дәуірдің кешегісі мен бүгінін таным таразысына салып жүрген замандамыз. Кеңестік жүйенің көзін көрген аға буын өз заманының артықшылығын айтып мақтанса, бүгінгі буын тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жетістігімен мақтанады. Біз қалай айтсақ та, әскери өмірдің аты әскери өмір. Оның мектебінде болғандар мен болмағандар үшін ғана айырмашылық айтарлықтай болуы мүмкін. Басқасының барлығы бірдей. Сондықтан жігіт жас күнін құр жібермей, әскер қатарында болуы керек.

– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері БАҚ құралдарынан әскердегі әлімжеттік, қысым көру, өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне куә болып отырмыз. Бұл жағынан сіздерде қатаң бақылау жүргізіле ме?

– Бүгінде бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Әскери бөлімдерде, казармаларда, институттарда камералар орнатылған. Жыл сайын жан-жақта жас сарбаздарды қабылдаймыз. Ондай жағдайлардың алдын-алу аясында әскери бөліміміздің психолог мамандары,  тәрбие саласы, идеалогия бойынша жұмыс атқаратын мамандары барлығын қадағалап, сабақтар жүргізіп, әскери өмірден жалтару, құқықбұзушылықтар бойынша заң аясында ақпарат, білім беріп, тәбиелік жұмыстарды жиі жүргізеді.

– Төл мерекеңіздің қарсаңында әріптестеріңіз бен барша азаматтарға айтар жылы лебізіңіз болса, мархаббат…

– 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен барша отандастарымызды, Қазақстан азаматтарын құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көк аспанымызда көк туымыз желбіреп, оқу-жаттығуларымыз соғызсыз бейбіт күндерде өтсін дегім келеді. Аға буын мен жас ұрпақтың Отанымызды қорғау жолында айтулы үлес қосып жүргенін әрқашан мақтан тұтамын. Еліміздің келешегі үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен бейбіт өмір тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Карима ДАУТҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button