Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыКазЦИК ауылдық округі

ОКРУГТІҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ

КАЗЦИК: АУЫЛ - ЕЛ БЕСІГІ

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ұзындығы 638 метрді құрайтын А. Қисанов көшесіне «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік ұйымы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы сомасы 15,6 млн. теңгені құрады.

2020 жылдың ІІ тоқсанынан бастап «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында «Эталон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесімен аумақты аббаттандыру бойынша құрылыс-монтаждық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаға байланысты атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ: КазЦИК ауылы №6 орта мектебінің оң жақ бұрышынан сиымдылығы 50 автокөліктік тұрақ салынуда. Сонымен қатар, саяжайлардың шекарасынан бастап А. Қисанов көшесінің соңына дейін 1150 метрді құрайтын асфальттанған жол, жаяу соқпақ салып, көше шамдарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. КазЦИК ауылындағы №42 мектепке дейін ұзындығы 1800 метр қашықтықты құрайтын жаяу соқпақ пен жарықтандыру бағаналары кешенді түрде орнатылуда. Округтің орталығындағы Б. Сейдалиева, А. Қисанов көшелері толықтай көше шамдарымен жарықтандырылады деп күтілуде.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Абылайхан, Менделеев, Кіші Абай, А.Құлыбаев, А.Айтов, Ж. Жабаев көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алатау көшесіне құм-топырақ қоспасын сеуіп, жолдарды жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Жөндеу жұмыстары атқарылып жатқан көшелердің жалпы ұзындығы 6 км 952 метрді құрайды.

«HADID» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік ұйымы жасап жатқан жөндеу жұмыстарына 172 млн. 545 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша электр желілерін ағымдағы жөндеуге және трансформаторлық қосалқы станцияларды ауыстыруға 30 млн. 864 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, Жәпек батыр, Чапаев ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар тас жол бағыты бойынша ұзындығы 1650 метрді құрайтын қосымша жарықтандыру тіректерін орнату үшін 11 млн. 500 мың теңге бөлініп, жұмыстар атқарылуда. «Электросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған жұмыстардың бас мердігері болып табылады.

КазЦИК ауылдық округі бойынша елдімекендерді абаттандыру және күтіп ұстау жобасына 12,5 миллион теңге бөлінді. Атап айтқанда, КазЦИК ауылдық округіне қарасты Ф. Бережинского, Б. Сейдалиева, №42, №31 мектептердің алдына, облыстық манызы бар Комсомол-Чапай, Комсомол-Жапек батыр тас жолдарына кешенді жарықтандырылатын жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылды. Округ бойынша 20 дана қоқыс жәшіктері қойылды. Аталған жұмыстарды Алматы облысы «Соқырлар бірлестігі» ұйымы атқарды.

КазЦИК ауылындағы жаңа құрылыстарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Талдықорған геодезия» мекемесімен 8 шақырымды құрайтын №42 орта мектебінің су қақпасына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 300-ге жуық ауланы сумен қамтамасыз ету үшін жобалық
сметалық құжаттамасы әзірленды. Ол құжат ағымдағы жылдың мамыр айында мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс-монтаждық жұмыстарына қаржы қарастырылуда. Сонымен қатар, 2020 жылға жаңа құрылыстарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 20 миллион 172 мың теңге бөлінді.

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП БАҚЫЛАУДА

Қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарымен округ аумағында қазіргі таңда 4 учаскелік полиция инспекторы, 1 кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі инспекторы және 1 жедел уәкіл қызметкері жұмыстарын атқаруда.

КазЦИК ауылдық округі бойынша 2020 жылдың І жартыжылдығында 40 қылмыстық іс тіркеліп, оның ішінде 6 қылмыс ашылмаған. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 79 қылмыс тіркеліп, оның ішінде 43 қылмысы ашылмаған. Осыған орай, құқықбұзушылықтың алдын алуда және қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауда атқарылған профилактикалық іс-шаралардың
нәтижесінде округ көлемінде тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 79-дан 40-қа, яғни 47% төмендеп, қылмыстардың ашылу пайызы 46-дан 87-ге жақсарған. Жалпы алғанда, қылмыстардың саны 1,8 есеге азайып отыр.

Кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі жергілікті учаскелік инспекторы және әкім аппаратының қызметкерлері мектеп әкімшілігімен бірігіп бекітілген кешендік жоспарға сәйкес рейд жұмыстарын жүргізіп тұрады. Осыған орай, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және ескерту, бұзақылыққа бет алған жасөспірімдер топтарын, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды, спирттік ішімдіктерді пайдаланатын және сабақтан қашып жүрген, түнгі уақытта заңды тұлғалардың алып жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде жүрген кәмелетке толмаған жастарды
анықтау мақсатында әкім аппаратының қызметкерлері және кәмелетке толмаған балалар жөніндегі инспекторларымен бірге округ көлемінде 9 рет күндізгі және 11 рет түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Жыл басынан атаулы әлеуметтік көмекке 120 отбасы өтініш берді. Оның ішінде 89 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 31 өтініш кері қайтарылды. 3-тоқсанға шілде айынан бастап 5 отбасы эл.портал арқылы өтініш беріп, барлығына комиссия оң қорытынды шығарды. Қазіргі уақытта нақты атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар әлі тексерілу үстінде. Қорытынды шілде айының аяғында шығады.

КӘСІБІҢДІ АШ ТА, МАҚСАТЫҢА ЖЕТ

Округте жыл сайын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны артып келеді. Осы мақсатта өз кәсібін ашып, мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып отырған ауыл тұрғындары өзін және ортасын жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуда. Округімізде жалпы 441 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген. Олардың көбі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан жасалынатын қолдау мен қамқорлықтың игі жемісін көруде.

Мәселен, жыл басынан бері «Бастау Бизнес» бағдарламасымен 4 тұрғын өз кәсібін ашу үшін оқыту курстарына қатысып, грант алды. Атап айтсақ, КазЦИК ауылының тұрғыны Кенжетай Жұлдыз Дәулеткелдіқызы 505 000 теңге көлемінде грант алып, өз кәсібін дамытуда. Осы ақшаға Жұлдыз бірнеше қой сатып алып, оған тиісінше күтім жасауда. Ол алдағы уақытта қой санын барынша көбейтуді жоспарлап отыр. Әрине, қыз бала үшін мал бағу оңай шаруа емес. Дегенмен де алдына үлкен мақсат қоя білген еңбекқор да, қайсар қыз қиындыққа берілер емес.

Жалпы, біздің КазЦИК округінің жері кәсіпкерлік саласының қай бағытын болмасын дамытуға мол мүмкіндік береді. Ата-бабамыздан мұраға қалған жеріміздің потенциалын біздер тиімді пайдалана біліп, мемлекетке пайда келтіретін іспен айналысқанымыз жөн. Ауданымыздың кәсіпкерлік саласын нығайта отырып, ауылымыздың ет пен сүтке тәуелділігін азайтып, қалаға тасымалдаудың жолын қарастыруға бағытталған бұл шара тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта қайсар қызымыз Жұлдыз Дәулеткелдіқызындай жас кәсіпкерлердің мұндай бастамалары көпке үлгі бола отырып, әрі қарай жалғасын табатынына нық сенімдіміз.

COVID-19: ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

Пандемия белең алған уақыттан бастап КазЦИК ауылдық округінде симптомсыз короновирустық инфекция жұқтырғандар саны – 48 адам болды. Қазіргі уақытта оның 8-і ем алу үстінде, ал 40 науқас емделіп шықты. Сондай-ақ, округ бойынша пневмония дертімен ауырғандар саны – 39 адам. Оның 15-і ем алып жатса, 24 адам жазылды.

КазЦИК ауылдық амбулаториясында жедел жәрдем қызметі көрсетілмейді. Амбулаторияда 48 медицина қызметкерлері бар, 10 дәрігер, 28 мейіркештер жұмыс жасайды. Қазір пандемияға байланысты бір ғимаратта Боралдай ауылдық амбулаториясымен ауыл тұрғындарын қабылдап жатыр. Ал, дәрігерлеріміз уақытша провизорлық орталықта көмек көрсетуде. «Водник» ықшам ауданындағы орталық аурухананы уақытша провизорлық орталыққа айналды. Алматы облысы ведомствоаралық комиссия отырысының тапсырмасына сәйкес округте 2 мобильді топ құрылып, автокөлікпен қамтамасыз етілді.

Округ әкімдігі ауыл ақсақалдары және еріктілермен бірлесіп, тұрғындар арасында індетке қарсы күрес жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әсіресе жасы келген адамдардың өзін-өзі оқшаулауына басты назар аударуда. Жерлестерінің көшеде жүрген кезде сақтық шараларына мән беріп, бетперде киюіне бақылау жасалынады. Вирустың алдын алу мақсатында, адамдар көп шоғырланатын мекендер мен сауда орындарында билборд, баннер, плакаттар ілінді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп отыр.

Кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында «Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең Үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыздың денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы – өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет» деп жазды.

Ендеше КазЦИК ауылдық округіндегі емхананың қос округтің науқас адамдарын қабылдау әрі қарай жалғасатын болады. КазЦИК округіндегі ақ желеңді абзал жандарға тек сабырлық пен мықты денсаулық тілейміз.

ЖАРЫҚ ТА ТҮСЕДІ, ЖОЛ ДА САЛЫНАДЫ

«Жетісу адалдық алаңы» жобасы аясында КазЦИК ауылдық округінің әкімі Жасұлан Чералыұлы Оналбаев тікелей эфирде «Атаулы әлеуметтік көмек» пен шілде айында кімдерге 42 500 теңге бір реттік әлеуметтік көмек берілетіні жайлы және оқырмандар сұрақтарына kazcik_akimat инстаграмм желісі бойынша жауап берді. Инстаграмм желісіндегі қойылған сұрақтарға қарап ауыл адамдарын атаулы әлеуметтік мәселелерден бұрын жол, интернет желісі және ауыз су мәселелері алаңдататынын байқадық. Біз КазЦИК ауылдық округі тұрғындарының көкейіндегі сұрақтарды ықшамдап алып, газет бетіне жариялауды құп көрдік.

Округ әкімінің сөзіне сенсек, тұрғындар үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық көмекті онлайн түрде ала алады. Ал, оған да қолы жетпеген жандар қажетті ақпараттарды округ әкімшілігінен білуіне болады екен.

Ауыл тұрғыны: «Байтал» саяжайына ауыз су жүргізіле ме?

Жасұлан Чералұлы: Қазір біздің бюджетте саяжайларға арналған қаржы қарастырылмаған. Осы сұрақ бойынша өз кооператив төрағаларыңызға жолықсаңыз болады. Біз бұл мәселені бір жақты қылу үшін «Байтал» саяжай коооперативінің төрағасымен кездесіп, ақылдаса келе екі жаққа да тиімді ортақ шешім шығаруға дайынбыз.

Ауыл тұрғыны: Мен 15 000 теңге коммуналдық төлемді алмадым. Оны алуға әлі де болса мүмкіндік бар ма?

Жасулан Чералыұлы: Бұл төлем әлі де жұмысын жалғастыруда. Округ бойынша коммуналдық төлемдерін іске асырып, өздерінің газ, ауыз су, электр жарығының қарыздарын төлеген тұрғындар да бар. Аудан әкімшілігіндегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне түскен арыздарыңыз қаралуда. Егер де сіздің өтінішіңіз сол коммуналдық көмек беру төлеміне байланысты категорияға сай болса, сіз міндетті түрде коммуналдық төлемді аласыз. Осы мәселеге байланысты шағымыңыз болса, жеке байланысқа шығып, айтсаңыз болады.

Ауыл тұрғыны: «Гараж» аялдамасы қашан жарықтандырылады?

Жасұлан Чералыұлы: Қазір біздің округтегі абаттандыру жұмыстарын «Эталон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Қисанов көшесінен саяжайларға дейін жарықтандырылып, №6 орта мектептің алдына автотұрақ салынады. Жалпы, орталықтағы Сейдалиев көшесінің сіздер айтып отырған «Гараж» аялдамасынан №42 орта мектепке дейін жол жиегіне арнайы жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылатын болады.

Ауыл тұрғыны: Мен 2017 жылдан бастап жер кезегінде тұрмын, маған жер қашан беріледі?

Жасұлан Чералыұлы: Округ бойынша 2518-ге жуық адам жер кезегінде тұр. Қазіргі үкіметтің талабы бойынша ауылдың негізін салу үшін алдымен ауыз су, жарықтандыру, газ жүргізілуі керек. Үкімет 2006 жылдан бері жоғарыда айтылған жаңа талаптар бойынша ғана жер беруде. Біздің округте жаңа қонысқа лайық ондай жұмыстар жүргізіп жатқан жоқ. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Өкінішке орай, ондай жер әлі берілмеді. Ал, қазіргі жағдайда жер алып, үй салып жатқан учаскелерді тұрғындар жекеменшіктегі жерлерден алып жатыр.

Ауыл тұрғыны: Әскери қалашықтағы Менделеев көшесінің жаңадан салынған асфальты жарылып кетуіне байланысты не айта аласыз?

Жасұлан Чералыұлы: Иә, біз ол көшеде асфальт жолдың жарылғаны туралы білеміз. Менделеев көшесін жөндеу жұмыстарымен «HADID» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр. Біз ол көшені әлі қағаз жүзінде қабылдап алған жоқпыз. Қабылдау кезінде сол Менделеев көшесіндегі тұрғындармен бірге ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі бар – бәріміз бірігіп, комиссия құрып, тексеріп қабылдаймыз. Биылғы салынып жатқан жаңа жолдар әлі қабылданған жоқ.

Ауыл тұрғыны: Жер алуға қалай кезекке тұрса болады?

Жасұлан Чералыұлы: Жер алуға электронды түрде Egov.kz сайты арқылы кезекке тұрсаңыз болады. Біздің әкімшілікке келсеңіздер мамандарымыздан қандай құжат жинақтау керектігі жайлы кеңес ала аласыз.

Ауыл тұрғыны: КазЦИК округіне емхана салына ма?

Жасұлан Чералыұлы: Иә, емхана салу жоспарымызда бар. Комсомол ауылындағы №31 орта мектептің артқы жағындағы жерге салу үшін сметалық құжаты жасалып, облыстық денсаулық сақтау бөліміне ұсынылды. Жоба бір ауыздан құпталған болатын. Өкінішке орай, пандемияға байланысты құрылысқа қаржы бөлінген жоқ. Бірақ, алдағы уақытта емхана салынады деген үміттеміз.

Жалпы, КазЦИК округінің әкімі Жасұлан Оналбаевқа тікелей инстаграмм желісі бойынша ауыл тұрғындары түрлі сұрақтар қоюмен қатар өз алғыстарын да жеткізіп жатты. КазЦИК пен Комсомол ауылындағы газ құбыры сырланып, округте жұмыс жасалынып жатқаны көзге көрініп, көңілге демеу беріп тұр. Округке байланысты жағымды жаңалықтарды округ әкімі онлайн kazcik_akimat инстаграмм желісі бойынша сіздермен бөлісуге әрқашан дайын.

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close