Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпарат

ӨМІРДЕН НҰРМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ ӨТТІ

ЖАҚСЫЛЫҒЫ КӨП ҒАЗИЗ ЖАН

Өмірде адамдардыңғұмыры сан түрлі жағдайда өрбиді. Біреулер жеке басының қамын ойлап,отбасы үшін күйбең тірлікпен күн кешсе, кейбір адамдардың өмір жолы халқының мүддесімен қатар өрбіп, жерлестерінің бақыты-қуанышымен бірге қайнасып,жақсылықтарына үлес қосады.Айналасындағы адамдарға қамқорлық жасап, шамасының жеткенінше көмектесіп,өзінен артылғанын бөліп береді. Осындай ардақты жанның бірі күні кеше ғана дүниеден өткенНұрмұханбетҚасымұлы деп айтсам, қателеспейтін сияқтымын.МенНұрмұханбет Қасымұлынбұрыннандасырттай жақсы білетінмін. Ауданныңқадірмендіақсақалыретіндеоблыстаталай рет алқалы жиында сөз сөйлеп, ойын ортаға салып,ел-жұртты бірлікке шақырғанына куә болғаным бар. Ілегеәкім болып келгенімдеардақты ақсақал,абыз қариямен бірнеше рет кездестім. Сөзі салмақты, ойы ширақ,биік парасатты жан еді.Адамды бірден өзіне баурап алатын. Өзінің туған жері, өскен ортасы,еңбек жолы жайлы айтқанда сөзденжаңылмайтын.Оқиғаның болған жылы, өткен уақытына дейін дәлме-дәл айтып отырғанына қарап, ақсақалдың есте сақтау қабілетінің жақсы екендігіне таң қалатынбыз.Жасы біраз жергекелсе де өз ауылының жағдайына,елдің тұрмыс-тіршілігіне алаңдап отыратын. Байсерке ауылдық округінде болып жатқан жаңалықтардан, атқарылған игі істерден хабардар болып, өзінің аталық ақылын айтып, жастарға бағыт-бағдар бере білгенінің өзі Нұрмұханбет ақсақалдың абыздығын көрсетсе керек. Ол кісінің әңгімесін тыңдап, еңбек жолына зер салсаң осы өлкенің тарихынан мәлімет аласың.

Абзал ағамен аз ғана жыл жақын таныс болғанымызда оның тағы бір жақсы қасиетін байқадық.Олақсақалдыңауыл арасындағы ұсақ-түйек дау-дамайлы мәселелердің түйінін тарқатып, кесімді шешімін таба білетіндігі.Өйткені,елді-жерді біледі.Жерлестері де оны жақсы таниды.Осындай қасиетінің арқасындакез-келген адаммен ағайын-туыстай сыйласып кете беретін. Ешкімді жатсынбайтын.Амал не, еліне қадірлі абыз ақсақалымыздан айырылып қалдық.Бұл да тағдырдың жазуы. Оған кім қарсы келген? Ендігі жерде қолымыздан келетіні, ақсақалдың жақсылығын дәріптеп, рухын асқақтату. Нұрмұханбет Қасымұлының мәңгілік мекені жарық болып, нұры пейіште шалқысын!

 

БАҒДАТ ҚАРАСАЕВ,

аудан әкімі

 

АРТЫНА ӨНЕГЕЛІ ІЗ ҚАЛДЫРДЫ

«НұрмұханбетҚасымұлы дүниеден өтті» — деген суық хабарды естігенде көңілім құлазып, жаным жабырқады. Жасы тоқсаннан асса да , ширақ қимылдап, ақсақалдық ақылын айтып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардақты жанның орны ойсырап қалғандығы ақиқат. Мен 2004 жылы «Болашақ» мемлекеттік емес ұйым құрып, ауданның барлық елді мекенінде аулалық клубтар ашыла бастағанда Нұрмұханбет ағамен жақын таныс болдым. Байсерке округіне қарасты аулалық клубтарға ол кісі материалдық әрі моральдық жағынан қолынан келгенше көмек көрсетті. Тек Байсеркеғана емес, ауданның барлық округтеріндегіаулалық клубтарда өтетін мәдени шараларға белсене қатысып, жастардың атқарып жатқан жұмысына бақылау жасап, оларға бағыт-бағдар көрсетіп, ақылын айтып, жөн сілтеуден ерінбейтін. Ол кезде жасы жетпістен асса да көлікті өзі жүргізіп, қасына Байсеркенің жастарын ертіп алатын. «Басқа да аулалық клубтардың жұмысымен танысыңдар, өздеріңе қажеттісін үйреніп алыңдар»,- деп қасындағы жастарға ақыл айтқанын талай рет естідік.Мектепте оқитын балалардың бос уақыттарының тиімді өтуіне ерекше мән беретін.Оқушылар мектептен қолы боскезде әр түрлі үйірмелерге қатысып,өздерінің шеберліктерін шыңдап,шығармашылықтарын дамытатын. Сондайда Нұрмұханбет ағамыз: «Қарақтарым, жан-жақты болыңдар. Ән айтып,би билеумен қатар сурет салыңдар, қолөнерменайналысыңдар, спортпен шұғылданыңдар. Пайдалыіс сендерді шынықтырады»,-деп, ақылын айтып, олардың қолынан шыққан әрбір бұйымды мақтап,ынталандырып отыратын.Шағын концерттеріне қатысып,өнерлерін тамашалайтын. Олармен бірге қуанып, жетістіктеріне ризашылығын білдіруді де ұмытпайтын. Осындай іс-әркеті арқылы оқушыларды еңбекке, шыдамдылыққа тәрбиелейтін. Баламен балаша, үлкенмен үлкендерше сөйлесіп, кіммен болса да тез тіл табысып кететін. Жасы біраз жерге келсе де, шаршауды білмейтін. Кейбір ақсақалдар сияқты үйде жатып алмай, көпшіліктің ортасында болғанды ұнататын.

Жалпы, Нұрмұханбет ата өзінің белсенділігімен ерекшеленіп, замандастарының арасында да оқ бойы озық тұратын.Жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудан ардагерлерінің басын қосып, табиғат аясында демалыстар ұйымдастырғанына дабірнеше рет куә болдым.

Ол өзінің ақжарқындығымен, кең пейілділігімен, еңбекқорлығымен жерлестерінің құрметіне бөлене білді. Сондықтан даНұрмұханбет Қасымұлын аудан халқы әркез құрметтеп, қадірлейтін.Ауданымыздың ардақты абызы болатын. Енді міне, жалған дүниені артқа тастап, бақиға аттанды.Ардақты азаматымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

РОЗА АБИЛОВА,

Іле аудандық мәслихатының хатшысы

 

АУДАННЫҢ ҚҰРДАСЫ БОЛҒАН АҢЫЗ АДАМ

Өзің жақсы білетін, ұзақ жыл сыйлас болған жақын адамыңқайтыс болғанда жан дүниең құлазып,қабырғаңның қайысатындығы заңды құбылыс емес пе?Кеше ғана арамызда күліп-ойнап жүргенНұрмұханбет ақсақал жайлы өткен шақта айту оңайға соқпайды.Ауданның құрдасы болған, осы өлкеде туып-өсіп, еңбек етіп, биік жетістіктерге жеткен ақсақалдың қазасы тек оның отбасы үшін емес, жерлестері үшін деауыр соққы болды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» — деп дана халқымыз айтқандай, жамбасы жерге тигенінесанаулы ғана күндер өтсе де, ардақты ағамыздың азаматтық тұлғасы барынша биіктей түскендей. Ендігі жерде қадірліағамыз жайында естелік айтып, Жаратқан Иемізден марқұмға салауат тілеуден басқа қолымыздан не келеді.

Сөзімнің басында ауданның құрдасы дептегіннен тегін айтпадым. Шындық солай. Нұрмұханбет аға 1928 жылдың қаңтар айында дүниеге келсе, Іле ауданының Талғардан бөлініп, өз алдына отау құрғаны дәл сол жылдың күз айы еді.Дәл мұндай үйлестік кезкелгеннің бағына жазыла бермейді. Әли ауылында дүниеге келген Нұрмұханбет аға ешқайда ұзап шықпай туған жеріне Туынтігіп, өз өлкесінің экономикасының дамуына, гүлденіп, көркеюіне зор үлес қосқан азамат. Әскер қатарына алынбай тұрып,ауылда қамбашы, кассир болып еңбек жолын бастады. Бес жыл Қиыр Шығыста әскери теңіз флотында азаматтық борышын өтеп келген соңөз алдына жеке-жеке шаруашылық болған Дмитриевка,Жаңаталап,Әли ауылдарының басы біріктіріліп,жаңадан құрылған «Новый Путь» атты ұжымшардың егіс бригадасында есепші болып еңбек етті.Оған қоса қоймашылық, кассирлік жұмыстарды да атқара берді.Ісіне мығым,жауапкершілігі жоғары Нұрмұханбет көп ұзамай тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл 1957 жыл еді. Сол жылы халық депутаттары селолық кеңесінің депутаты болып сайланды.Содан 40 жылға жуық осы салада қажырлылықпен еңбек етті. Еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.Еңбек ете жүріп, алдымен селолық, одан кейін аудандық Кеңестің, кейін аудандық мәслихаттың депутаты ретінде халық аманатын арқалап, ауылындағыкүрмеуі қиын мәселелерді шешіп, жерлестерінің мұң-мұқтажын жоқтап, құқықтарын қорғады.Ауданның құрдасы болған оған жарты ғасыр халық аманатын арқалау міндетінің жүктелгендігі де кездейсоқтық емес. Осыдан кейін Нұрекеңді аңыз адам деп қалай айтпайсың?!

Нұр-ағаң жұмысқа өте қабілетті адам еді.Ұзақ жыл табан аудармастан «Қазақстанның 40 жылдығы» ұжымшарында ферма меңгерушісі болып еңбек еткен ол нарық заманына да тез бейімделді.Жетпіс жасқа жақындап қалғанына қарамастан өзі ұзақ жыл меңгеруші болған тауарлы сүт фермасын сақтап қалу үшін аянбай тер төкті. Ферманың кім көрінгеннің қолында кетпеуі және қалған мал басын сақтап қалу үшінбар мүмкіндігін жұмсады.Шыдамдылығының, еңбекқорлығының арқасында ферманы да, жұмысшы орнын да сақтап қалып, мал басын барынша көбейтті. Мұның өзі ағамыздың алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайтпас қайсарлығын көрсетсе керек. Ағамыз сонымен бірге адамгершіліктің ақ туын желбіретіп, адалдығымен, әділдігімен ерекшеленетін. Жомарттығы да өзіне жарасатын. Өзінен артылғанын жетім-жесірлерге, тұрмысы төмен жандарға бөліп беретін. Қаншама жыл өз ауылының спортшыларына материалдық көмек көрсетіп отырды. Аудандағы үлкен-үлкен шараларға да белсене араласып, қаржылай көмек жасайтын. Сөзімізге тұздық ретінде Өтеген батырдың ескерткішін тұрғызуға қомақты қаржы құйғанын айтсақ та жетіп жатыр. Нұрекең қашан да айналасындағы адамдардың жақсы болғанын қалушы еді.

Өмірі аудан тарихымен қатар өрілген, өнегелі ісі көпке үлгі болып, артына тәрбиелі із қалдырған, жерлестеріне абыройлы да ардақты болған Нұрмұханбет Қасымұлының есімі ешқашан ұмытылмайды.Ағамыздыңмәңгілік мекені жәннатта болсын. Оның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.

 

ЕРБОЛАТ ТҰРЫМБЕТОВ,

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы,

Іле ауданының Құрметті азаматы

 

ДАНАЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

«Тас – түскен жеріне ауыр» демекші, қаза – кімге болса да ауыр қайғы. Нұрмұханбет ақсақалдың өмірден өтуі ардагерлердің де жанына қатты батты. Қатарымыз сиреп қалды. Бірақ, Алла ісіне шара бар ма? Ендігі жерде Нұрекең туралы естелік айтып, оған құран бағыштаудан басқа не істей аламыз? Марқұм нағыз даналықтың үлгісі еді.

Осындайда атамыз қазақтың: «Шалдың үш түрі болады: Біріншісі – дана шал, өзінің көрген-білгенін артынан ергендерге үйретіп, жастарға ақылын айтып, көппен бірге болады. Екіншісі – шала шал, ол жеке басының қамын күйттеп, үйінен алысқа ұзамайды. Үшіншісі – бала шал. Оның да ешнәремен шаруасы жоқ. Бала құсап әр нәрсеге қызығып, алданып өмір сүреді» — деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ал, біздің Нұрмұханбет ақсақал нағыз дана шал еді. Кеудесі толған қазына, шежіре болатын. Қасына бара қалсаң, ел, жер жағдайы туралы тереңнен тартып әңгіме айтатын. Ойы орамды, жүрісі ширақ еді. Қалжыңбастығы да өзіне жарасатын. Сексен жастан асқанша көлікті өзі жүргізетін. Әлдебір жақсылық, жиын-той болса өзімен қатарлас аналарды көлігіне салып алып, оларға жүргізушілік қызмет көрсететін. Қай жылы екені есімде жоқ, ертеректе аудан әкімшілігі елорданың көрікті жерлерін аралату үшін соғыс және еңбек ардагерлерін Астана қаласына жіберді. Арасында Нұрекең де бар. Ол жүрген жерінің бәрінде қасындағыларды сыйлап, құрметтегенді жақсы көретін. Қасындағы он шақты
адамды күнде мейрамханаға апарып, қонақ жасағанын Төрткен апамыз талай рет ризалықпен әңгімелеген еді. Содан кейін олар өздерін «астаналықтармыз» деп атап, қайда барса да бірге
жүргенін көзіміз көрді. Мұның өзі Нұрекеңнің көпшіл екендігін көрсетеді. Ауданда өтетін саяси, мәдени шаралардан қалмайтын. Жерлестеріне жаны ашып, қолынан келген көмегін көрсетіп, жастарға жол сілтеп отырушы еді. Еңбекқорлықтың, адамгершіліктің, имандылықтың үлгісін көрсетіп, артына тек жақсы істерін үлгі етіп қалдырған Нұрмұханбет ақсақалдың жатқан жері
жарық болсын, пейіште нұры шалқысын. Жаны жайсаң ағамыз үшін әрдайым дұғада боламыз.

Ә . ИСАЕВ,
аудандық ардагерлер
ұйымының төрағасы,
Іле ауданының
Құрметті азаматы

 

АҚ ПЕЙІЛДІ ЕДІ

Ауылымыз ғана емес, бүкіл ауданға сыйлы қадірменді ақсақал Нұрмұханбет атаның қазасын естігенде көңілім босап, көзіме жас келді. Өзіме ақылшы әрі қорған болған, қамқорлық жасаған атамыздың қазасы ауылдастары үшін үлкен қайғы. Жасы тоқсаннан асса да, ауылының жағдайына, елдің әлеуетіне алаңдап, кімге болса да жанашырлық танытып жүретін атамыздың жөні де, жолы да бөлек еді. Коронавирус індетіне орай жарияланған карантинге байланысты үйінен шыға алмай қалғаны болмаса, оған дейін округте өтетін шараларға міндетті түрде қатысып, өзінен кейінгілерге ақылын айтып отыратын. Мен Байсерке ауылдық округіне әкім болып келгенімде Нұрмұханбет ата жасы үлкен болса да арнайы келіп құттықтап, батасын берді. Сол кезде қарт кісінің алдында ыңғайсызданып: «Өзім де сізге барып амандасатын едім ғой», -дегенімде, — Оқасы жоқ, қызым. Мен әдейі отырған орныңды көріп, бата берейін, деп келдім», — деп арқамнан қақты. Мұның өзі атаның ақыл-парасаттылығының, биік мәдениетінің дәлелі еді.

Ол кісі елдің жағдайын, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білетін. Көмекке мұқтаж жандарға жәрдем жасап, өзінен артылғанды басқаларға бөліп бергенді ұнататын. Жалпы жүрегі кең, ниеті түзу, пейлі ақ жан еді. Ауылдағы кейбір ұсақ-түйек мәселелердің шешімін таппағанда мен Нұрмұханбет атаның ақылына жүгінетінмін. Ол кісі де қолынан келген көмегін жасап, ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын. Нұрмұханбет ата жалпы көпшіл, қонақжай адам еді. Көптің ортасында жүруді ұнататын. Жастардың тәрбиесіне мән беретін. Оларды еңбекқорлыққа, адалдыққа, имандылыққа баулу масатында өзінің және ауданға белгілі еңбек ардагерлерінің жүріп өткен еңбек жолы туралы әңгіме айтушы еді. Қайран, аяулы азамат жерленгеніңе аз ғана күн өтсе де сенің жоқтығың білініп жатыр ғой. Қажет жерінде салиқалы сөз бастап, түйінді ойын айтатын азаматтан айырылып қалғанымыз өкінішті!!! Қазір ол туралы естелік айтудан басқа қолымыздан не келеді. Жаныңыз жәннәтта болсын, абызым!

Т. КӨПБАЕВА,
Байсерке ауылдық округінің әкімі

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button