Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылым

«№5 орта мектеп» МКМ бойынша мемлекеттік қызмет көрсету ережелері

Әрбір адамның өмірде қол жеткізген игі істерінің бірі, өміріне азық болар мол мұрасы – білім. Ал, мектеп – білімнің қара шаңырағы. Кешегі ойын баласының бойына білім нұрын құйып, азамат етіп тәрбиелейтін негізгі ошақ – білім ордасы екені баршаға мәлім. Заман ағымынан қалмай, қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамай, алдыңғы лекте болып жаңалыққа ұмтылатын жандар да білім саласында жүрген абзал жанды ұстаздар қауымы емес пе? Осы тұста айта кететін жайт, өмірдің кез-келген иірімдеріне орай жаңа өрімдер, тың ойлар соны бағдарламаларға ұласып, көрініс тауып жатады. Бұл – болашақ ұрпақты білімге баулып, жастарға жақсы тәрбие беру мәселесіне де тікелей қатысты. Өйткені, жас өсіп, жеткіншектер есейіп, азамат болған кезде олар қоғамның өзгеруіне, ғылыми-техникалық үдерістің дамуына әсер етеді. Олай болса, қазіргі таңдағы мемлекеттік мекемелердің барлығындағы өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік қызмет көрсету болып отыр. Мемлекеттік  қызмет көрсету  – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алғы шарты болып  табылады.

«Өскелең ұрпаққа білім беретін оқу ордаларында мемлекеттік қызмет бар ма?» — деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Жоғарыда айтып өткендей, ұстаздар қауымының ең үлкен миссиясы – шәкірт тәрбиелеу. Демек, ел ертеңі болатын жас ұрпақ та мемлекеттің бір бөлшегі болғандықтан, оларды сапалы біліммен қамтамасыз ету – ең үлкен қызмет. Мектепте көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне шолу жасасақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, олар төмендегідей өрбиді:

Оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау;

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарына денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде жеке тегін оқытуды ұйымдастыру;

Негізгі орта (9-сынып), жалпы орта (11-сынып) білім беру туралы құжаттарды және олардың телнұсқаларын беру;

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес, Жергілікті әкімшіліктің қолдауымен елдімекенде мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды таяудағы мектепке дейін және кері қарай тегін жеткізіп салуды ұйымдастыру;

Мектебімізде осы аталған мемлекеттік қызмет түрлері жоғары деңгейде көрсетіліп келеді. Жоғарыда аталғандарды рет-ретімен талдап айтайық.  «Оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау» мәселесі бойынша 2020-2021 оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрінің «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының негізінде мектепішілік бұйрық шығарылды. Ол бұйрыққа сәйкес, 01.06 – 28.08.2020 күндері аралығында бекітілген кесте бойынша бірінші сыныпқа және мектепалды даярлық тобына білім алушылар мен тәрбиеленушілерді қабылдадық. Мектепке құжаттарды қабылдау egov.kz порталында және оған мүмкіндігі жоқ ата-аналардан карантин талаптарын сақтай отырып қағаз түрінде жүзеге асырылды. Биылғы оқу жылында электронды түрде 111 оқушы, ал қағаз түрінде 17 оқушы қабылданып, 1-сыныптың табалдырығын аттады. Ал, мектепалды даярлық тобына 5-6 жас аралығындағы тәрбиеленушілердің де құжаттарын кестеге сәйкес қабылдау жүргізіліп, 0 «А» қазақ тобына  19 бала, 0 «Ә» қазақ тобына 18 тәрбиеленуші қабылданды. Мектепалды даярлық тобы мен 1-сынып оқушыларының құжаттары стандартқа сәйкес жинақталып, ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ата-аналардың өтініштері директормен бекітілді.

Келесі өзекті мәселе, яғни, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарына денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде жеке тегін оқытуды ұйымдастыру ісі бойынша да біраз жұмыс атқарылды. Ағымдағы оқу жылында үйден оқытуды ұйымдастыру, оқу жоспарларын бекіту, үйден оқитын оқушыларға сабақ беретін мұғалімдерді бөлу туралы мектепішілік бұйрықтар шығарылды.

2020-2021 оқу жылында мектебімізде денсаулығына байланысты 2 оқушы үйден оқиды. Үйден оқитын оқушыларға бөлінген сағат саны 20 сағатты құрайды. Оның ішінде,  2 оқушы қосалқы білім беру бағдарламасымен білім алады. Оқушылардың ерекшеліктеріне қарай оларға арнайы тақырыптық-күнтізбелік жоспар құрылып, ата-аналарымен келісіліп, мектеп директорымен бекітілді. Әр пән бойынша оқу бағдарламалары, бақылау күнделігі мен сабаққа қатысу дәптерлері және жеке іс құжаттары бар. Елімізге келген індет салдарынан мұғалімдер бұл оқушыларды да қашықтықтан оқытып, онлайн түрде білім беруде. Әлеуметтік көмекті қажет ететін кей оқушыларға онлайн түрде білім алуына жағдай жасалып, мектеп тарапынан компьютерлер берілді.

Бұл оқушылардың барлығында стандартқа сәйкес үйден оқитын оқушыларды мектепке қабылдап, оларға білім беретін мекеме тарапынан мемлекеттік қызметті көрсету үшін  қажетті құжаттар:  ата-анасының өтініші, денсаулығына байланысты №5 облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның және дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындылары мен мүгедектігі туралы анықтамалары бар.

Білім беру мекемесі тарапынан жүргізілетін келесі мемлекеттік қызмет түрі – негізгі орта (9-сынып), жалпы орта (11-сынып) білім беру туралы құжаттарды және олардың телнұсқаларын беру болып табылады. 2019-2020 оқу жылында мектебімізде 9-сыныпты 53 оқушы тәмәмдап, оларға негізгі орта білім алғандығы жайлы куәлік табысталды. Оның ішінде 19 оқушы колледждерге оқуға түссе, 1 оқушы республикалық мектепке, 4 оқушы аудан мектептеріне ,  1 оқушы  кешкі мектепке ауысып, қазіргі таңда 28 оқушы 10 сыныпта білім алуда. Ал, жалпы орта мектепті 24 түлек аяқтап, мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. 11 сыныпты тәмәмдаған 24 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуін қатысып, 10 түлек еліміздегі жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алса, 8 оқушы ақылы түрде оқуға түсті. Бұдан бөлек 4 оқушы республикамыздағы колледждерге оқуға түсті.2 түлегіміз жұмысқа орналасты.

«Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасына сəйкес, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында электронды түрде қызмет көрсету заман талабына сай қарқынды дамуда. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық  игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі. Коронавирус індетінің салдарынан еліміздегі мектептердің басым бөлігі қашықтықтан оқытып жатыр. Мектебімізде мұғалімдердің, ата-аналардың халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, онлайн қызмет алуын жеңілдету  мақсатында «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрышы іске қосылған болатын. Бұл карантин кезінде ата-аналар үшін балаларын мектепке қабылдау мәселесін шешудің оңай  жолы екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі  таңда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы ата-аналарға, мұғалімдерге  286 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл – мемлекетіміздің, мектебіміздің де біртіндеп цифрлық жүйеге көшуінің белгіс

Мектебімізде білім беру мекемелері тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері өз деңгейінде көрсетілуде. Қазіргі таңда қашықтықтан білім беру жүйесіне көшкендіктен, мемлекеттік қызмет түрлері де қашықтықтан көрсетіліп жатыр. Бұл – мектебіміздің заман ағымынан кеш қалмай, қоғам сұранысын қанағаттандыра алатын, жаңашыл білім ошақтарының бірі екендігін көрсетеді.

 

Ж.Смайлова

директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары 

Басқа жаңалықтар

Back to top button