Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Көңлімде мұңлы із қалды

Желтоқсан жаңғырығы

Мен, Қашқынбекова Бағдат Қалиқызы, 1959 жылы дүниеге келгем. Ата-бабамның ежелгі қонысы Жаркент өңірі,  Сарбел ауылы. Еңбек жолымды аға кітапханашы, мәдениет ағарту ісі саласында автоклуб меңгерушісі болып және клуб меңгерушісі болып бас-тағам. 1982 жылы С. М. Киров атындағы, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  дайындық бөліміне қабылданып, 1983 жылы осы оқу орнының журналистка факультетіне түсіп, 1988 жылы  бітірдім.

1986 жылы 17-18  желтоқсан күндері Алматы қаласы Брежнев алаңында өткен жастардың наразылық митингісіне белсене қатысқандардың бірімін. Алаңда саяси тәуелсіздікті бейбіт түрде талап еткен қыз-жігіттердің саны өте көп болды. Жатақханаға келгеннен кейін жаппай тергеу-тексерістер жүре бастады. Желтоқсанның 17-сі күні нағыз шайқас басталғанда сабақтан, жатақханадан, рұқсатсыз кетіп қалу мұңға айналды. Мұғалімдерден кезекшілік ұйымдастырылып, студенттер арасында «түсінік» жұмыстары жүргізіле бастады. Осыған қарамастан біраз қыз-жігіттердің алаңға кеткені мәлім болды. Тіпті топ студенттерінің наразылығына қарамастан бірнеше студенттер оқудан шығарылды. Бәріміз сұрақ-жауаптың астында қалдық. Көбі оқудан шығарылып, кейбір жастар сотталып кетті. Көпшілігі соққыға жығылып, ұшты-күйлі жоғалып кеткендер де болды. Ал, қалғандарына ертесі қудалау басталды. Ақынжанды адам болғандықтан ба, әлде намсымыз түрткіледі ме, мен де желтоқсанның ызғарлы сол екі күнінде  алаңда болдым.1986 жылғы желтоқсан көтерілісі халқымыздың тарихында  Желтоқсан деген  атпен дүрліктіргені рас. Жүрекке жара салған қақтығыс коммунистік партияның солақай саясатына соққы болып тиді. Алаңға барған барлық жастарға МҚК тарапынан нашақор, маскүнем, бұзақылар деген жала жабылды. Сондықтан да қолда билігі бар топ, қарусыз жастарды әскер және милиция күшімен басып-жаншыды. Алаңға барған қыз-жігіттерді, шашынан сүйретілген аруларды көзіммен көрдім. Қақаған аязда үстімізге өрт сөндіргіш машиналарымен шашқан мұздай судан қаймықпай, айнадай жылтыр мұз үстінде құлап жатқанымызға қарамай,  намыс үшін беріспеуге тырыстық. Әскерилер резеңке таяқтарымен ұра бастады. Жасақ тап берсе үдіре қашып, қайта айналып алаңға келеміз, бәріміз дерлік әртүрлі жарақаттар алдық. Үкіметке сеніп, партияны мақтаныш еткенбіз. Ал сол күні бәрінен көңіліміз қалды. Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің және милиция органдарының қызметкерлері тарапынан қудалау көрмеген жастар жоқ. Бәрінің басына ауыр күн туды. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі екі жетіден соң, мені Фурманов пен Абай көшесінің қиылысындағы телофон нүктесінде сөйлесіп тұрған жерімнен ұстап, жауап алу үшін «Целинный» кинотеатрының астындағы жертөлеге қамап қойды. Үш ай бойы көрмеген қорлығым, тартпағам азабым жоқ. Полиция бөліміне шақырып алып,  әр түрлі сұрақпен әбден мезі қылды. Әсіресе, қысқы сессия кезінде емтихандарға кірмеуімді қадағалап, тіпті мемлекеттік емтиханға жібергізбей мезгілден тыс емтихан тапсырған күндерімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Үрей мен қорқыныштан моральды зардап шеккенімді, қашан сорлатып қамауға алады екен, қай күні оқудан шығарады деген үрейлі ой, санамды билеген күндерімді ұмыту мүмкін емес. Тергеу аяқталып, біржағына шыққанша ішкен асым бойыма сіңбей, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Екі күннің бірінде жиналыс, күн тәртібінде менің мәселем қаралды. Түрлі сұрақтардан соң жүйкем тозып шаршаған күндері қатты қиналатынмын. Бұрынғы араласып, сырласып жүргендер менен алыстай бастады. Маған күдікпен қарап сөйлеспек тұрмақ амандасқысы келмеген адамдар да табылды. Әркүнгі тергеп-тексеруден кейін, ең соңында мені кінәлі етіп шығарды. Желтоқсандықтардың қоғамға жат әрекеттері үшін партия және комсомол ұйымдары арқылы тиісті шара қолдануын МҚК органдары талап етті. Мені де жазасыз қалдырмады.Университет басшылары комсомол жиналысында менің ісімді ұзақ талқылап өндірісте 6 жыл жұмыс істеп, оқуға дайындық бөлімінен түскенімді 1986 жылы туылған қызымның барлығын ескеріп, деканат тарапынан қолдау тауып, соттамай, оқудан шығармай, тек қатаң сөгіспен комсомол қатарынан шығарды.

Университетті бітіргеннен кейін де көптеген қиыншылықтар мен кедергілерге тап болдым. Қай жерде жүрсем де «ұлтшыл» деген таңба маңдайымнан кетпестей  болып басылды. Алысқа бармай-ақ, менің өз басымдағы жағдай осыған дәлел. Кешегі алаңда алған соққының зардабынан денсаулығымды біржолатта жоғалттым. Танылған ақын, қаламы қарымды журналист бола тұра, менің қызметтік өсу жолым түбегейлі кесілді!  Ешқандай мекеме жұмысқа алмады. Бірнеше жыл тағдырдың басқа салғанын көріп, өмірдің түрлі сынақтарын бір кісідей бастан кешіп жүріп,1992 жылдан бастап қана Шалқар радиосының шетел қазақтарына хабар тарататын «ТҰРАН БАС» редакциясының бөліміне аға редактор болып қызметке тұрдым. Бүнгі таңда «Жаппай саяси-қуғын сүргін құрбаны» санатымен ресми ақталғанмын. Алматы қаласында «Қайсар Жүрек» қоғамдық қоры желтоқсандықтар ұйымының белсенді мүшесі, Алматы облысы Іле ауданы бойынша Желтоқсан ардагерлерінің жетекшісімін. Өтеген батыр ауылының зейнет жасындағы тұрғынымын. Жанұямда жолдасым, төрт қызым, бес немерем бар. Жас ұрпақтың бойына ұлттық-патриоттық тәрбие беріп, рухты өлеңдеріммен жігерлендіріп жүрген патриот ақынмын. Қазақстандағы озық ойлы азаматтар, бірқатар зиялы қауым Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды «Қаһармандар» деп атауы жайдан жай емес. Біз кезінде ел мен ұлт үшін намысымызды жанып, басымызды бәйгеге тіктік. Ол үшін қатаң жазаландық та. Ұлт тағдыры сол кезде таразыға салынды. Сонау, «Ақтабан шұбырынды» заманында да, ата-бабаларымыз жер үшін, ел үшін, ұрпақ үшін маңдай терін төгіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен күрескен. Біз еліміздің тәуелсіздігі үшін күрестік. Бүгінгі егеменді ел, Тәуелсіз Қазақстан болып, әлемге танылумыздың өзі желтоқсан күрескерлерінің еңбегі деп ойлаймын.

Қашқынбекова Бағдат Қалиқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button