Аудан жаңалықтарыДенсаулықКазЦИК ауылдық округіСпорт

АВТОРЛЫҚ ЖОБА ТЕМІРҚАЗЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫ АЛДА

КазЦИК ауылының тұрғыны, №42 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің ұстазы Асылбек Мергенбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әмбебап құрылғы ойлап тапты. Асылбек өзі Алматы қаласындағы спорт және туризм академиясында шағын футбол мамандығы бойынша білім алған азамат. Осы жоғары оқуын аяқтағаннан кейін өзі-туып өскен КазЦИК ауылына келіп, өзінің алған білімі мен тәжірбиесін ауыл балаларын спорт саласына баулуға арнады. Ол инклюзивті оқу барысында мүмкіндігі шектеулі балалармен жеке жаттығу өткізуге арналған «Темірқазық» құрылғысын ойлап тапты. Әмбебап құрылғының екі жағындағы бағандарда қол және аяқ бұлшықеттерін дамытуға арналған резеңкелер орнатылған. Осы құрылғы арқылы психикалық дамуы тежелген дигнозы бар сырқаттанған балалардың қол-аяғын іс-қимылға бейімдейді.

Авторлық жобасы туралы Асылбек Мергенбаев: «Бұл өзімнің ғана идеям емес. «Темірқазықты» халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абдыхалықов Ринат атты курстасыммен кеңесіп отырып құрастырдық. Қазақта «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген нақылы бар ғой. Менің бастамамды қолдаған осындай жаңашыл, жанашыр достарыма алғысым шексіз», — деп ризашылығын жеткізді.


№42 орта мектепте инклюзивті білім алуға зәру психикалық дамуы тежелген балалар бар. Соның бірі сабаққа үзбей қатысатын 5 «Б» сынып оқушысы Мирас Жүкеновтың «Темірқазық» құрылғысымен жаттығып жүргеніне екі айдай уақыт өткен. Осы аралықта баланың бойында өмірге деген құлшынысы артып, денсаулығы нығая түскен. Жаттықтырушылар әлі толық нәтижеге жетпесе де, жаттығуды үзбей жалғастыруда. Инклюзивті оқушыларға Мирасқа арналған жылдық жоспар жасалып, тұрақты жаттығу жұмыстары жүргізілуде.

Мирастың анасы Дана Қоскельдиновадан осы құрылғымен жаттығу жасаудың пайдасы туралы сұраған едік. Сонда Мирастың анасы: «Ақпан айының 21 жұлдызы күні 42 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің ұстазы Мергенбаев Асылбек үйге келіп, балам Мираспен бірге арнайы жаттығу жасады. Бізді «Темірқазық» атты жаттығу құралымен толық таныстырды. Балам Мирас жаттығу жасады. Мирастың жаттығу жасағаннан кейін көңіл-күйі жақсарып, денсаулығы да түзеле бастады. Барлық ұстаздарға алғыс айтамын», — деп ағынан жарылды.

Асылбек Мергенбаевқа мектептегі әріптестері де қолдау көрсетуде. №42 орта мектептің 5 «Б» сыныбының сыныпжетекшісі Мөлдір Мырзабекова: «Әріптесім Асылбек ағай өте ауқымды жұмысты бастады. Ісіне сәттілік. Сыныбымда оқитын Жүкенов Мираспен жаттығу жасап жүр. Мирастың сабаққа деген ынтасы жоғары. «Темір қазық» атты жаттығудың пайдасы көп екенін маған да, әріптестеріме де түсіндіріп берді. Ауырып жатқан білім алушылармыз тез жазылып кетсе екен дейміз», — деген пікірін білдірді.

Асылбек Мергенбаев мамыр айында Қазақтың спорт және Туризм академиясында Халықаралық деңгейде «Темірқазықтың» адам ағзасына тигізер пайдасы» атты авторлық жобасын спорт саласындағы профессорлар мен осы салада еңбек етіп жүрген спорт шеберлерінің алдында қорғайтын болады.

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button