Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратДін және қоғамҚоғам

АЙЛАРДЫҢ СҰЛТАНЫ

Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза тұту жайында: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар» — деген екен.

Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдасы өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандай да бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы, мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені, Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі» – деген. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.а.у.) тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу» екенін айтқан. Ал, Алла Тағала пендесін бар күнәсына қарамастан осылай кешіріп тұрса, онда құлға жарасқаны өзге құлдарды да кешіре білу емес пе?!

Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп-жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға  бой алдырмай,  жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Рамазан айында ораза арқылы төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өн бойымызға  жинауға тырысамыз. Рамазан – қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.

Ораза – ішіп-жеу және шаһуаттан тыйылу арқылы орындалатын құлшылық. Ал, тамақ мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсі нөкерлері десек болады. Нәпсі – адамның ішкі жан-дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның тағы бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеуіне септігін тигізеді.

Нәпсісін тізгіндеп, өз-өзін басқара білген адамды тақуа дейді. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған құлға айналмақ. Ораза тұтқан кез-келген жан өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни, ешнәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің Иесі бар екенін, өзінің әлсіз құл екенін түсінеді. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Сондықтан, нәпсісін тежеп жасалған тарыдай ғибадат ықылассыз орындалған таудай құлшылықтан артық.   Баяғы өткен данышпандардың бірі: «Нәпсісін ақылына тізгіндеп бере алған адам мақсатына жетеді. Ал, ақылын нәпсісіне тұтқын етіп берген кісі жолда қалады», – деген екен.

Оразаны хадисте келгендей, иман келтіріп, бір Алланың ғана разылығы үшін ұстауымыз қажет. Дегенмен де, Раббымыз бір құлшылықтың өзінде бізге қаншама пайдалы сый берген екен. Сол үшін де ораза нығметін дұрыс пайдаланайық.

Алла Тағала Рамазан айын бізге Өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button