Аудан жаңалықтарыҚоғамМерекелер

Әкімдіктің де әкеліктің де тізгінін тең ұстаймын

Жақсы әке бақилық болса да, арттағы ұрпағына қырық жыл азық болады деген сөз бар. Қазіргі қоғамда жігітке жігер, қызға иба тапшылығы байқалады. Осындайда әке қайтпек керек? Қолын бір сілтеп тағдырдың тезіне салғаны дұрыс па? Әлде еңбектеніп, ескеріп, өз ұрпағының амандығы мен тәрбиесіне жата-жастана кірісуі керек пе? Міне, осындай қым-қуыт сұрақтардың тұманын сейілтетін азаматтар арамызда баршылық. Біріміз ондай кейіпкерді күнде көреміз. Ал, екіншіден ондай адам таптырмастай көрінетіні тағы бар. Алдағы келе жатқан «Әкелер күніне» орай сіздерге таныстырып, бүгінгі күні тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз жәй ғана отбасы  ошақ қасындағы  әке болып қана қоймай ауылға басшы, және көзіқарақты  КазЦИК ауылының әкімі, жеті баланың әкесі Жұмабаев Бауыржан Ақжолұлы бала тәрбиесі туралы сыр бөліспек. 

— Бауыржан Ақжолұлы өзіңіздің жанұяыңыз жайлы айта кетіңізші?

— Өзімнің жанұямызда төрт баламыз. Мен — үшіншісімін. Ағаларым бар. Арамыздан бір ағамыз дүниеден ерте өтті, інім бар. Қазір әулетімізде мақтанып айтып жүретін ағаларым мен жеңгелерім, келіндеріміз бар. Әкем Ақжол Нұрғисаұлы көлік жүргізушісі болған. Анам марқұм Күмісшаш Әділбайқызы Күрті ауданында бас есепші болып қызмет етті. Елге сыйлы, ашық-жарқын мінезді жан еді. Анашым ерте кетті. Анашымды білетін көзкөргендер мақтап отырады. Әкемнің балаларына берген тәрбиесі үлкен-кішіге аман бер. Өзінің амандығын сұра. Аман Алланікі деп үйретті. Қандай қызметте жүрсеңдер де келеріңді емес, кетер жолыңды түзе дейтін. Сенің артыңнан жақсы сөз бен игі істер қалсын – деп құлағымызға құйып тәрбиеледі. Сондықтан, ата-анама сөз келтірмеу үшін де айылымызды ерте жиып, ел алдында абыройымызды асқақтатуға тырысып бағамыз. Адам болып келгеннен кейін адам болып дүниеден өткенге не жетсін?!

Жақсы әке және жақсы әкім қандай болуы керек?

– Әкімдіктің де әкеліктің де тізгінін тең ұстаймын. Әке деген, ең алдымен,  ошағыңды түрлендіріп, гүлдендіріп отырған балаларыңның анасын қадірлей білуі керек. Өйткені әке мен ананың бір-біріне деген сүйіспеншілігін көрген баланың жүрегінде иман, көңілі шаттыққа оранып жүретін болады. Еркін сөйлеп, ойын ашық айтатын қасиетке бой алдырады. Одан кейін өзгенің сезіміне деген көзқарасыңды дұрыстау білу керек. Мысалы балаларыңның әңгімесін тыңдап, жөн сілтей білсең болғаны. Дөрекілікті отбасы көтере алмайды. Отбасы аса ілтипатпен иманмен, қазақи терең тәрбиеден құралған нәзік дүние. Ол ала жүгіретін жұдырығыңмен, осып қалар қамшыңызды көтере алмайды. Әке деген асқартаудай ғой. Оның саясындағы кшкентай мемлекетіңіз сол көлеңкеде бейқам өмір сүруі керек.

Ал, әкімдікке келсек, әкім мен әке болудың ешқандай айырмашылығы жоқ. Бір ауылда қара да тұрады, сары да тұрады. Отбасыңдағыдай оларға да бірдей көзқарас пен жылы қарым қатынаста боласың. Бірінің әлеуметтік жағдайы жақсы болғанмен, екіншілері сіздің жылы сөзіңізге зәру болатын кезеңдері бар. Ақылыңды айтасың, бар болса көмек бересің. Жоқ болса жолын табасың. Ең бастысы қамқорлығыңды барынша төгуің керек. Әкім болу мен әке болу аса төзімділікті талап етеді.

– Жеке отбасыңызда қанша адам?

– Құдай көп көрмесін деп тілеймін! Жолдасым 6 құрсақ көтерді. Сонымен қатар, тәрбиемізге алған тағы бір қызымыз бар. Жетеуін де қазақи тарбиемен сусындатуға тырысып бағып жатырмыз. Биыл үлкендерімнің біреуі үздік аттестатқа ілікті. Балаларым мектепте жақсы оқиды. Ұлым Бақсұлтанымды ат спортына баулудамын. Қазақта «Ат — ер қанаты» деген жақсы сөз бар ғой. Ат тізгінін жас кезінен бастап дұрыс ұстай білсе, өскенде де ел тізгінін мықты ұстайтын болады.

– Ұлыңызды атқа отыруға баулиды екенсіз. Қыздарыңызға қандай тәрбие бересіз? Есімдері қалай?

– «Қызды қырық үйден тыю» деген сөз бар қазақта. Қыз бала өжет болу керек. Сымбатты білімді әсіресе өнерлі болғаны жақсы ғой. Біз төбесінен бақылап жүргеніміз болмаса, барлық тәрбиелерімен аналары, жан жарым Жұмабаева Динара Миллиярдқызы айналысады. Есімдері  Әйгерім, Аружан, Арраян, Айдана, Аяна, Амира. Ал, ұлымның атын Бақсұлтан деп қойдық. Адам есімі тағдырына тікелей әсері бар ғой. Әр қайсысының есімдерін анасы екеуіміз үйдің үлкендерімен ақылдаса отырып, таңдағанбыз.

– Қазіргі әкелерге деген көзқарасыңыз қалай? Оларға көңіліңіз тола ма?

– Елге келген індет әр отбасыға кәдімгідей үлкен сынақты ала келді. Ер адамдар үйге байланып, ошақ қасында өз отбасыларымен бетпе-бет қалды ғой. Әншейінде түзде шапқылап, баланың тәрбиесіне мән бере бермейтін көптеген ер азаматтар абдырап қалды. Бірі қатесін түзей білді. Екіншілері тұрмыстық психологиялық қысымға төтеп бере алмады. Ауыл әкімі болғаннан кейін көріп-біліп жүреміз ғой. Ажырасулар да етек алды. Құдайға шүкір бірін-бірі түсініп, бақыттың кілтін тапқандардың қарасы көп болды. Менің ер жігіттерге айтарым көп. Үйге де көңіл бөліп қойыңыздар. Сіздердің қамқорлық ыстық алақандарыңызды, мейірімді әкелік жүздеріңізге үйдегі бала-шағаларыңыз зәру. Үйлену оңай, үй болу әрине қиындау. Бірақ мойындарыңызға жүк артқаннан кейін ер жігіттің мойынында қыл арқан шірімес деген бар. Сол мойындарыңызбен жауапкершілікті ақтай біліңіздер дегім келеді.

– Әңгімеміздің соңында айтар тілегіңіз бар ма?

– Мемлекетіміздің биылғы Тәуелсізлігіне 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздігіміз құтты болсын!    Ел-жұрт  мына індеттен аман-есен арылып, елімізге қой үстіне жұмыртқалайтын заманымыз қайтып келсін. Ер жігітеріміздің жігерлері мұқалмасын! Жеңгелеріміз, келіндеріміз, қыздарымыз инабатты болсын! Ауылымыз өркендей берсін! Артымызда өсіп келе жатқан ұрпағымыз салихалы, иманды ұрпақтардыңқатарынан көрінсін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button