Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Қайырымдылық ас берілді

Игі іс легі

­Өткен аптада мейірімі төгілген мизам шуақ уағында Өтеген батыр ауылы «Гүлдер» кафесінде ауылымыздың меценаты, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Түймелиев тағы да бір жомарттығымен танылды. Ауданымыздағы Күлән Байзакова басқаратын «Мейірім» мүгедектер қоғамы мүшелерін қонақ ретінде шақырып ас берді. Шағын іс-шара «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Алмасбек Сатибаев пен ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен  өтті.

Аталған шарада Өтеген батыр ауылының ақсақалы Мақсат Сейдалиев  атамыз келіп атсалысты. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без», — дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныта отырып астың басында ақ батасын берді.

Жалпы біздің ауданда І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі 55 зағип жандар бар. Олардың арасында дцп, мүгедек арбасына танылғандар да жоқ емес. 

Астың үстінде құрметті қонақтарға арнайы сыйлақтар табыс етілді. Дәл осы кезде сөз алған Нұрлан Ілесұлы әр қайсысының хал-ахуалын сұрастырып, қал жағдайын білді. Өзінің шынайы ақ тілегін жаудырды.

Ауданымызда аты елге танымал қайырымды кәсіпкерлер жетерлік. Соның бірі осы Нұрлан Түймелиев ағамыз. Жыл сайын өзінің қол астындағы «Гүлдер» кафесінде дәстүрлі түрде қайырымдылық шарасын өткізіп тұрады. Адамның жанын жадыратып, нүрын тасытатын жақсының жақсылығы деген осы. Қоғамымыздағы мүмкіншілігі шектеулі жандардың жоқтауын асырып, іздеп хал-ахуалын біліп жүреді. Себебі, халқымыз көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, кіріптарға қайыр беріп, қарттарды аялауды, мүгедектерді қолдап-қорғауды әрбір қайырымды адамның адамгершілік борышы деп есептейді.

Сондықтан  да  қазіргі таңда мемлекет тарапынан да қайырымдылықты қолдауға көп көңіл бөлініп отыр. Қым-қуыт тіршілікте қиналған сәтте адамдардың бір-біріне демеу болып, мейірім шуағын шашып, көмек қолын созуы мына жарық дүниені нұрға бөлейді. Сондықтан да болар, аудан көлемінде қазір жергілікті әкімшілік тарапынан да түрлі ұйымдар, кәсіпкерлер мен жекелеген адамдар тарапынан да қайырымдылық жасау тұрақты ұйымдастырылатын игі шаралар легіне айналды.

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button