Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостипромышленная революция 4.0БІЛІМ САПАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА
30 Августа 2018

БІЛІМ САПАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

«Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін», – деген Ұлт Көшбасшысы ортақ міндеттерімізді тағы бір айқындап берді. Жақсы, алаңсыз білім алу үшін материалдық базасы толық, жайлы мектеп болуы қажет. Байсерке ауылында орналасқан №12 орта мектептегі балалардың тығыздық жағдайын шешуде аудан әкімдігі, құрметті Қыдыркелді Өміржанұлы өзіңіздің қолдауыңызбен бүгінде 300 орынға салынған қосалқы ғимарат өз қызметін көрсетуде. Былтырғы жылы 600 орындағы мектепте мектепалды даярлық тобынсыз 1393 бала оқыса, қазіргі таңда 1607 оқушыға өсіп отыр. Заманауи талапта жабдықталған сынып бөлмелерінде факультативтер мен қосымша сабақтар өткізу мүмкіндігі туындады. Мектеп ұжымы және ата-аналардың алғысы шексіз. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында мектеп басшысы ретінде ҚР жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша курстан өттім, мектеп басшылары орынбасарларының курсы бойынша 3 орынбасар, жаңартылған білім мазмұны аясында мектеп педагогтарының 77%, үштілді білім беруді жүзеге асыру мақсатында мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Интербелсенді тақтаның мүмкіндіктерін сабақ үрдісінде қолдану бойынша аудандағы №13 орта мектеп базасында ұйымдастырылған «ActivInspire» бағдарламасы курсынан мұғалімдердің 90% білімдерін жетілдірді. Әр педагог бағдарламаның Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тұрғысынан жалпы білім беру жүйесін жаңғыртуды қамтамасыз етуге бағытталғандығын жақсы түсінеді. Білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу мақсатында дайындықтар үнемі жүргізіледі. 2017 жылы 4,9,11 сынып оқушылары ОЖСБ бойынша сынақтан өтіп 88,4% білім сапасын көрсетті. Мұғалімдер алдында оқыту мен тәрбиелеудің жаңа техноло-гияларын қолдана отырып, жеке тұлғаның дамуына жағдай туғызу арқылы білім сапасын көтеру өзекті мәселесі қойылған. Әр сабақта оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда мектеп мұғалімдері Блум таксономиясын (Бенджамин Блум – америкалық оқыту әдістемесінің психологы) қолдана отырып, нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізеді. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында өз кәсіби біліктілігімізді шыңдап, құзыреттілігімізді қалыптастырсақ, тиімді нәтиже болары анық.

Мектебімізде пәндер бойынша облыстық, аудандық, мектепішілік оқыту семинарлары өтіп, мұғалімдер заманауи сабақтар өткізіп іс-тәжірибелерін бөлісуді дәстүрге айналдырған. Үстіміздегі оқу жылында облыстық әдістемелік кабинеттің, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Пәндік білім сапасын арттыруда белсенді әдіс-тәсілдердің қолданылуы» тақырыбындағы әдістемелік десант семинарында мектеп оқушылары өз білімдерін жаңартылған білім мазмұнының талаптарына сай дәлелдеп шығуы пән мұғалімдерінің біліктілігін айғақтайды.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы З. Асемжанованың ұйымдастыруымен 2018 жылдың наурыз айынан бастап бастауыш сынып мұғалімдерімен «Жаңартылған бағдарлама негізінде бастауыш сыныптағы пәндер бойынша сабақтарды жоспарлау барысында шығармашылық тапсырмаларды пайдалану жолдары» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік жұмысы экспериментті түрде жүргізілуде.

Білім берудің спиральдік қағидаты бойынша мектептегі білім сапасы 52%, 63% артса, бүгінде 65% жету міндетіне жұмыс жүргізілуде. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі жыл сайын өсу нәтижесін көрсетіп отыр. 2016 жылы ортақ балл 93,6 «Алтын белгі» иегері – 3, «Үздік аттестат» иегері – 1; 2017 жылы ортақ балл – 96,7 «Алтын белгі» иегері – 1, 2018 жылы ортақ балл – 104,2 «Алтын белгі» иегері – 3, «Үздік аттестат» иегері – 1. Олардың барлығы да жоғары оқу орнында мемлекеттік грант иегерлері. Бүгінде 10-сынып оқушыларымен ҰБТ-ге дайындық курстарының сапалы ұйымдастырылуы, алдағы тестілеуде ортақ балдың 105-тен жоғары болуына мүмкіндік береді. Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етудің маңызды факторының бірі мұғалімнің кәсіби шеберлігі екендігін әр педагог жақсы түсінеді. Шығармашыл, рухани бай педагог өзінің шеберлігін ұтымды пайдалана біліп, жоғары жетістіктерге жете алады. «Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, мектебіміздің оқушылары пән олимпиадасына, ғылыми жоба байқауы, әр түрлі оқуларға қатысып, жүлделерге жетіп отырады.

Жаңаша оқуды жүзеге асыратын негізгі күш – жас мұғалімдер. Осы мамандықты жүрек қалауымен таңдап келген жас мамандардың ұстаздық жолының сәтті болуы – оларға берілген сауатты әдістемелік көмек пен аға буын ұстаздардың қолдауы, ақыл-кеңесі, көмегінің арқасы десек артық айтқандық болмас. Өз кәсібінің майталмандары барда оқушыларымыз болашақта еліміздің нағыз азаматы болып шығатыны бізді және мектебіміздің мәртебесін көтеретіні қуантады. Ұстаздық мамандық әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан осындай әріптестерімізді мақтан тұтамын. Біздің ауданымыздың барлық ұстаздарының жаңартылған білім мазмұнын жүйелі іске асыруға және осы салада аудан мәртебесін асқақтата беретіндігіне сенімім мол.

Барлығымыз жаңа оқу жылында толағай табыстарға жете берейік дегім келеді.

Автор: Т. ИБРАЙМОВА, №12 орта мектептің директоры.  Байсерке ауылы